Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғаш полковник шеніндегі әйел

Алғаш полковник шеніндегі әйел

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді» деген болатын.
Расында Қазақстан полициясы қашан да халық қорғаны, қоғамдық тыныштық пен тәртіптің кепілі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да сақшыға артылар жүк ауыр. Бүгінде сондай сенім үлесінен шығып жүрген жандар жоқ емес. Жауапкершілікті көп қажет ететін сала болғандықтан бұл жұмыста адал, өз басын ойлап, қызметін асыра пайдаланатын емес, халыққа болысатын, жұмысымен көпке үлгі болатын жандардың лайықты бағаланғаны жөн. Мұны Президент те кезекті өткен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында тілге тиек етті.
– Полиция қашанда да халыққа үлгі өнеге болуы керек. Сонда ғана полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай тәртіп сақшыларының бәрі сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару керек. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деді Президент.
Ия, халқымыздың көрегенділігі, даналығы, дарқандылығы мен кіршіксіз ақ көңілімен алдына жан салмайтын, үлкенге құрмет, кішіге қамқор көрсететін асыл қасиеттерімізді жіпке тізсек жетіп артылады. Қай кезде де елге еңбегі сіңген жағымды мінезімен жаққан адамдардың есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталатыны белгілі. Дарабоз жззушы Әбіш Кекілбайұлы «Елінің жел жағындағы панасы, ық жағындағы саясы бола білген, дауды әділетті арашалаған пірадар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз» деген екен. Сол айтқандай өнегелі азаматтардың арасында бейбіт күнде білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан елінің жел жағындағы панасы болып, ық жағының саясы бола білген. Әділеттілікті ту етіп, зарыққанды жебеп, тарыққанды демеп, астамшылыққа тосқауыл қойған батыр нәзік жандарымыз аз емес. Солардың бірегейі – 1-сыныпты заңгер, ҚР ІІМ- нің 1. 11. 111- ші дәрежелі медалінің, ҚР ІІМ-нің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісінің және басқа да мәртебелі марапаттардың иегері, Қазалы ауданы ішкі істер бөлім бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция саласының майталманы Айгүл Байоразова.
Айгүл Темірханқызы 1973 жылы 10 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Әкесі Темірхан Байоразұлы 1947 жылы туылған. Қарақұм совхозында трактористтен бастап, ауыл шаруашылығында шөп шабындылығының бригадирі, агроном, телестанция операторы қызметтерін абыроймен атқарған. Совхоз шаруашылығының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан. Артына өшпестей із қалдырған азамат болған еді.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Ажал айтысатын дау емес, алысатын жау емес. Адам істеген қорлық емес, Алланың ісі зорлық емес. Алла пұлсыз жаратады, құнсыз алады» деп Асқар Тоқпанов Ыдырыс Ноғайбаев қайтыс болғанда осылайша төгіле сөйлеген екен. Темірхан Байоразұлы небәрі 51 жасында дүниеден озды. Анасы Назира Сражадинқызы үй шаруасымен қатар совхозда әртүрлі жұмыс атқарған. Сегіз перзентін дүниеге әкеліп, ұрпақтарына өмір белестерінен тәлім-тәрбие, өнеге беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ошағы оттан түспеген. Қонақжайлы 80 жастың төріне шығып, ауыл анасы атанды. Бейнетінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің шат күлкісіне бөленген алтын құрсақты «Батыр ана».
Сөз жоқ бірінші тәрбиешің де, үлгің де, өнегең де, идеалың да әкең мен шешең. Әкеден артық дана жоқ, әкеден артық қорған жоқ. Ең жақының, ең жанашырың, құдайдың құдіретімен өмір сыйлаған бірінші ұстазың анаң. Жай ғана ойланып қарасақ, әр пендеде бір ғана ана, бір ғана әке болады. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Сол себепті ата-ана деген әр перзентінің бұл өмірдегі баға жетпес қазынасы екенін айтып та, жазып та жүрміз. Осындай Темірхан мен Назирадан осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен сегіз перзенті мәуелі жапырақтарын жайған жайсаң жандар екенін жақсы білген соң айтамыз .
Айгүл Темірханқызы №59 Қарақұм орта мектебін 1990 жылы «Күміс» медальмен бітіріп шықты. Ұлы Абай «Әр адам өзін бір кем дүниенің кеміс-кетігін толтыратын кірпіш санауы тиіс» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алып, құқық қорғау саласының бір кірпіші болып қалануын мақсат тұтқан Айгүл 1990 жылы Талдықорған заң техникумының «Құқықтану» факультетіне түседі. 1992 жылы үздік дипломмен «заңгер» мамандығын алып шықты. 1998-2003 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік заң университетінің «құқықтану» факультетінің сырттай бөлімінде оқып, жоғары білімді «заңгер» мамандығын алып шықты. 1992-1994 жылдар аралығында Арал қаласындағы №13 Жылжымалы механикаландырлығын колоннаның кадр бөлімнің төлқұжаттандыру және виза беру бөлімшесінің аға паспортисткасы болып жұмыс істеді.
Адал еңбек иесі, туған еліне, жеріне, халқына қадірлі, пайым-парасаты мол, турашыл, әділеттіліктің жанашыры, елжандылықты бойына сіңіре білген Айгүл Байоразованың қызметтегі жетістіктеріне де назар салсақ, ҚР ІІМ-нің 2023 жылдың 16 маусымындағы 323 ж\к бұйрығымен «полиция полковнигі» арнаулы атағын алды. Жоғарыдағы марапатынан бөлек «Тергеу қызметіне – 40 жыл, 50 жыл» төсбелгілерімен, «Қазақстан Полициясына – 30жыл» медалымен «Жедел криминалистика саласына – 100 жыл» медалымен, ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен, ҚР ІІМ-нің грамотасымен, Алғыс хатымен, Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Құрмет» грамотасымен, Алғыс хатымен, Арал ауданы әкімінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.
Әр саланың өзіндік қызығы, қиындығы, ауыртпалығы, бұралаңы мен бұлтарысы болатыны аян дейді Айгүл.
– Мен туып өскен құтты қонысым Қарақұмның суы нәрлі, шөбі шүйгін, ауасы тынық болғасын «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген үлкендерден қалған қасиетті сөз бар. Осы киелі қоныста дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Әкем Темірхан Байоразұлы дүниеден ерте кетсе де, әкелік ұлағатты сөздері есімде. Бір сөзінде «Өз ағасын сыйламайтындар басқа кісі ағасын сағалайды. Осындайлардан сақ бол ақ Айкош» дейтін маған. Қазақы салт-дәстүрді, рухани құндылықтарды, өткен бабалар шежірелерін айтып отырушы еді. Әкемнен естіген өсиеттерді осы күнге дейін өмірімнің бағдар шамы ретінде мойныма тұмар етіп тағып келемін.
Жұмыс барысында кездескен оқиғалар көп қой соның бірін айтайын. 1998 жылы бөлімнің анықтау бөлімшесінің анықтаушысы (дознаватель) лауазымындамын. Тәжірибем аз, жаспын. Қылмыстық іс бойынша тергеуге келмей жүрген күдіктіні үйіне іздеп бардым. Ізіме учаскелік инспекторын ерітпегенмін. Барсам қолайсыздау отбасы екен. Сөздері ыңғайсыздау. Анасы екеуі маған «неге келдің?!» деп зіркілдей бастады. Мен де қайтпаймын. 25-30 жас аралығындағы еркекті қалайда бөлімге алып барамын деп тұрмын. Олар маған үйден шық деп, күдікті қазақы ошақтың қасында жатқан отын шабатын темір балтаны алып маған қарай жүгірді. Қорқып кеттім. «Батырға да жан керек» дегендей, қаша жөнелдім. Ол қуып келе жатыр, қолында балта мен болсам кіп-кішкентай қара сирақ қыз, қызметтік формамда қашып келе жатырмын. Сөйтіп құтылдым. Бөлмеге келіп азарланып бір жылап алып, «жоқ мен қалай болғанда да, оған қатысты қылмыстық істі сотқа жіберемін» деп жігерлендім. Сөйтіп толық қанды құжаттар жинап сотқа тапсырғанмын. Қайтпас қайсар мінезім де бар. Бұл оқиға кезінде мен кіші лейтенант шенінде едім.
Қазір Аллаға шүкір Арал және Қазалы аудандары тарихында бірінші полковник шенін алған әйел азаматша болғанымды мақтан тұтамын. Кейде ойлаймын ол кезде балтадан қорыққан Байоразова қазір бетпе-бет мылтық кезенсе де қорықпаймын. Екі жыл бұрын мамыр айында ІІМ-нің құрылымдары басшыларына Президенттік кезектен тыс аттестация болды. Сонда аттестацияға түсем дедім. Өйткені өз-өзіме сенімді едім. Сөйтіп аттестациядан сәтті өттім.
Біздің негізгі мақсатымыз тәртіпсіздіктің алдын алып, ел тыныштығын сақтап, халықтың қорғаны болу. Нұрбақытым Астана қаласындағы М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық университетін бітіргелі тұрған болашақ заңгер. Жақында ғана үйленіп, Аяулым атты келінді болдым. Тойда үлкендердің «Қолың жөргек жуудан босамасын» деген баталары қабыл болғай, – деп Айгүл Темірханқызы ағынан жарылғанды.
Қиындығы мен қызығы мол қызметте ел тыныштығының күзетшісі ретінде абыройға бөленіп, өмірден алған мол тәжірибені кейінгі ұрпаққа еге бер деген аталық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері
15 қыркүйек 2026 ж. 25 0

Алқапқа абай болайық

15 қыркүйек 2026 ж. 28

Бүгінгі қоғам кітап оқи ма?

15 қыркүйек 2026 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930