Жарасымға толы жылдар – ұрпаққа өнеге
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғым, қоғамның берік діңгегі, ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Жылдар жылжып, уақыт өзгергенімен, шаңырақтың шырайын кіргізетін мейірім, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің мәні ешқашан өзгермек емес. Осы орайда Руханият орталығында Отбасы күніне арналған тағылымды кездесу өтіп, онда алтын мен гауһар тойларын атап отырған өнегелі отбасылар мен жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар бас қосты.Басқосудың басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және ұзақ жылдар бойы жарасымын сақтап, берекелі ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету.
Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев, сондай-ақ отасқандарына 60 жыл толып, «Гауһар той» иегері атанған Жанқуатовтар отбасы, 50 жылдық отбасылық ғұмырды бірге өткерген «Алтын той» иелері Сметовтер отбасы және шаңырақ көтерген жас жұбайлар қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алмасұлы мерейтой иелері мен жас отбасыларды Отбасы күнімен құттықтап, отбасының қоғамдағы айрықша орнына тоқталды.
–Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Отбасы – адамға тәрбие мен тағылым беретін, мейірім мен сыйластықты қалыптастыратын қасиетті шаңырақ. Бүгінгі басқосу – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі отбасылардың өмір жолын жастарға үлгі ету тұрғысынан маңызды. Алпыс жыл бір шаңырақта ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиелеген Жанқуатовтар отбасы мен елу жыл отбасылық өмірді бірге өткерген Сметовтер әулетінің жарасымды ғұмыры – кейінгі буынға үлкен өнеге. Жас жұбайларға да ақ жол тілеп, шаңырақтарыңыздың биік, керегелеріңіздің кең болуын тілеймін», – деді ол.
Шара барысында Мұхит Жанқуатов пен Әлия Әліштің отбасылық өмірінің 60 жылдық белесі – «Гауһар тойы», ал Смет Амантай мен Меруерт Бөлегенқызының отасқанына 50 жыл толуы – «Алтын тойы» аталып өтті. Мерейтой иелеріне арнайы куәліктер мен сый-сияпаттар табысталып, олардың өнегелі ғұмырына құрмет көрсетілді.
Алпыс жыл бойы бір-біріне сүйеу болып, қуанышы мен қиындығын бірге бөліскен Жанқуатовтар отбасының шаңырағынан бүгінде жеті бала, 19 немере мен төрт шөбере өрбіген. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан татулық пен ата-аналық тәрбиенің жарқын жемісі.
Жарты ғасырлық жарасымды ғұмырды артқа тастаған Сметовтер әулеті де ұрпағының қызығына бөленіп отыр. Бес баладан тараған 16 немере мен бір шөбере – берекелі шаңырақтың жалғастығын айғақтайтын үлкен қуаныш.
Мерекелік басқосудың тағы бір мәнді сәті – жас жұбайларға құрмет көрсету болды. Жаңа өмірге бірге қадам басқан Қалдан Мәди Жақсыбайұлы мен Әбдіқани Айсәнім Сағатқызына неке қию туралы куәлік салтанатты түрде табысталды. Осылайша бір шаңырақтың алпыс жылдық тарихы мен енді ғана басталған жас отбасының жаңа жолы бір ортада тоғысты.
Жас жұбайларға ақ батасын берген «Гауһар той» иесі Мұхит Жанқуатов отбасылық өмірдің қадірі мен жауапкершілігі жайында жүрекжарды тілегін жеткізді.
Осындай тағылымды кездесулер отбасылық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты бекемдей түсері сөзсіз. Мерекелік шара соңы ән мен жырға ұласып, көтеріңкі көңіл күймен жалғасты.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














