Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Альфа ұрпақты" ұрмаңыз

"Альфа ұрпақты" ұрмаңыз

Құрбыларыммен кешкі ас үстінде қызу әңгіме жүріп жатыр. Тұрмыстағылардың отбасы, ошақ қасы, бала-шағадан басқа тақырыптары да жоқ. Әңгімелеріне арагідік қосылып, шетте олардың айтқандарын үнсіз тыңдап отырмын. Кенет құрбымның баласы келіп, мен отырған үстелді ары-бері шайқап, мені аяғымен тепкілеумен болды. Алғашында кішкентай ғой, еркелегені шығар деп күліп отыра бердім. Жоқ, үдетіп барады. Қой десем, қояр емес. Нұқып жіберейін десем, қарсы алдымда анасы отыр. Арада бірнеше уақыт өтті. Әлгі бала тағы мені айналшықтап, мен жаққа қарай өтіп, отырғандардың мазасын ала бастады. Бәрінің назары сол балада. Ал анасы түк болмағандай жайбарақат.
Сөз арасында біреуі: «Өзін салып келіп жіберетін екен», – деп қалды дауыстай. Анасы жалт қарап: «Әй, оны ұруға болмайды, ол «альфа ұрпақ» өкілі», – деді күліп. Бәріміз сұраулы жүзбен таңырқай қалдық. Жиналғандардың бірсыпырасы мұны түсінгенімен, жартысы түсінгендей кейіп танытып, отыра берді. Білмесе де, білетін кейіп көрсеткен көптің көкейінде «Альфа ұрпақ» деген кім? Сонда оны неге ұруға болмайды?» деген сауалдың қылаң бергені анық. Мені де мазалаған сұрақтың жауабын ізденген едім.
Жалпы «альфа ұрпақ» термині алғаш рет австралиялық ғалым Марк МакКриндлдің зерттеулерінде көрініс табады. Оның анықтамасы бойынша, бұл атау 2010-2024 жылдар аралығында туған балаларға қатысты қолданылады. Олар бүгінде Z ұрпақтың орнын алмастырушы болып саналады. Зерттеулерге сенсек, олардың саны 2025 жылға дейін екі миллиардқа жетеді деген болжамдар айтылуда. Альфа ұрпақтың дүниеге келуі 2010 жылдан бастау алды десек, сол жылы іске қосылған Instagram әлеуметтік желісі мен озық технология үлгісі iPad-тың алғашқы тұсаукесу уақытымен тұспа-тұс келіп тұр. Сол жылдардан бастап дүниеге келген балалардың туыла салысымен ұялы телефонға бас ұрып, кішкентайлығына қарамастан смартфонды ешкімнің көмегінсіз, үйретуінсіз-ақ еркін меңгеріп алғандығы содан болса керек. Расымен сол кезеңде туылған балалардың дені кітап пен сурет дәптерінен гөрі планшетті оп-оңай серігіне айналдырды. Әлеуметтанушылар мұны жоспарланбаған жаһандық эксперимент десіп жатыр. Қалай десек те, аталған буын қазір сол эксперименттің бір бөлігіне айналды. Бүгінде сол жаһандық жаңалыққа байланған балалар әйнекке тәуелді ұрпақ болып барады. Олардың гаджетке деген бейімділігі мықты, бірақ рухани белсенділігі төмен. Мұны психолог мамандардың өзі растайды.

– Альфа ұрпақтың мүмкіндігі шексіз. Бірақ психологиялық тұрғыда әлсіз болып келеді. Оларды бүгінге дейін жеткен буынмен салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі кейінгі ұрпақты өмірге әкелушілердің дені жастар. Альфа ұрпақ саналатын бала жатырда жатқанда-ақ сенсорлық технологияны сезініп, өмірге келеді. Ақпарат толқынын тез сіңіріп, оны өз қажетіне жарата алады. Олардың зейіні бір жерде шоғырлануы мүмкін емес. Оларда ата-анамен қарым-қатынаста түсініспеушілік жиі болады. Себебі қазіргі балалар өзіне бұйырып сөйлегенді, ақыл айтқанды емес, өзімен тең дәрежеде сөйлесуді қалайды. Сондықтан альфа ұрпақты тәрбиелеуде ата-ана олармен саналы тәрбие әдісін қолданғаны абзал, – дейді психолог маман С. Мейірбекқызы.

Психологтың сөзіне сенсек, альфа ұрпақты ұрып тәрбиелеуден опа таппайсың. Мұны дұрыс түсінгенімізбен, ескіліктің сарқыны қалған буын өкілдеріне бұл күлкілі көрінуі мүмкін. Тіпті арасында «біз бұрын қандай едік», «біздің кезімізде бұлай еркелеу жоқ еді», «Мынауың тәлпіштік» қой дейтіндер табылады. Бірақ әр кезеңнің өкілі әртүрлі болады емес пе?! Ол кездегі буын басқа, ал қазір мүлдем өзге. Сондықтан әр кезеңнің ерекшелігін ескере отырып тәрбиелесе, баламен дұрыс қарым-қатынас орнатуға болады дейді жас ана.

– Баланы қамшымен де, қабақпен де қаймықтырған қазақи тәрбиенің жөні бөлек деп көп айтамыз. Бірақ бұл қазіргі тәрбиеде өзінің жемісін береді дегенге сену қиын. Себебі қазіргі балаларға тәрбиелеудің мұндай әдісі жүрмейді. Бүгінгі ұрпақ әлжуаз. Кішкене дауыс көтеріп, сөйлегеннің өзінде «мен ешкімге керек емеспін, мені жақсы көрмейсіңдер» дегенді жиі айтады. Сондықтан баламен жылы қарым-қатынас орнатып, онымен ашық сөйлескен жөн. Кейде бәрін айтып, түсіндіурге мүмкіндік болмай кететін сәттер болып тұрады. Бірақ балаға дұрыстап ұғындырсаң, бәрін түсінеді. Біз көбіне балаларымыздан ерекшелігін ескермей, әрекет етеміз. Тиісінше баладан соған сай теріс әрекет болып жатады. Ондай болмас үшін эмоциямызды басқарып үйренуіміз керек деп ойлаймын, – дейді жас ана Гүлсім.

«Заманына қарай адамы» деген сөз бар. Әр кезең сайын жаңа буын өмірге келеді. Әрбір буынның өз коды бар. Сол кодтың құпия кілтін білсек, әке мен бала сабақтастығы, сондай-ақ, бұрынғы мен бүгінгі буын арасындағы қарым-қатынас әлдеқайда жеңілдеген болар еді.

Арайлым ЖҮСІПОВА
18 сәуір 2023 ж. 456 0

Музей – тұнған тарих

18 мамыр 2024 ж. 80

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 118

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 88

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031