Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір тостаған, бір қасық, үлкен үйде бір бастық

Бір тостаған, бір қасық, үлкен үйде бір бастық

«Әкелерің келе жатыр» деді анам баяу үн қата. Жым-жыртпыз. Қабағы қатулы әкем есіктен еніп келді. Сірә, бүгінгі жұмысы ауыр өткен секілді. Жан-жағына қайырылып қарамады. Дастарқан басына отырды да жүзімізге көз тас­тады. «Біссімілләсін» айтып ас бастаған соң біз де үнсіз тамақтануға көштік.
Үстел үстінде отырғанда теледидар мүлдем қосылмайтын. Артық әңгіме айтып, жыртың-жыртың күлу де жоқ. Үлкенінен бастап астан алдыру өшірідпен келе береді. Әрине, менің кезегім ең соңынан. Әрқайсысы бас­таймын дегенше асқазанның шұрылы шыдас бермейді. Ондайда үн жоқ. Бірақ қабақ шіркін түйілген мантыдай құрысады да қалады. Оны байқаған анам көзімен бір түйреп алады. Бірнеше секундқа созылған ашық қабақтың терісі қайта жиырыла кетеді. «Кіп-кіттәй болып не деген мінез» дейтіні бар әпкемнің. Тағы да үн жоқ. Тіпті бірнеше күнге дейін сөйлемей жүре беретінмін. Қабағымды бағып отырған үйдегілер асты-үстіме түсіп әлек. Әкеме «ә» дей алмайтыны мені оталдырып, бар арман-тілегін орындатқызып алатын-ды. Бір еркелесем сол жеткілікті еді. Үйдің «кішкентай бастығындай» бұйыратыным болмаса, өзіммен-өзім ойнап жүретінмін. Бір күні әжем «советский» тостаған алып келді. Өзі үп-үлкен. Аппақ. Қасында алюминді қасығы бар. «Әлгі көк тостақанды алып қой. Осымен ас іш. Өзіңе ыңғайлы» деді ол. Мәзбін. Ендігі кезек кешкі асты күту қалды.
Бүгін әкеміз уақытында келмеді. Алма-кезек есікке телміріп жүрміз. Үйдің үлкендері тамақтанып алған. Біз әдеттегідей әкемізді күттік. Кеш келді. Жайғасып үстел басына отырдық. Үн жоқ. Тіпті жөтел қысып, бар ауаны ішке тығы-ып отыратынымыз бар. Сондағы әкеміздің қабағынан қорқушы едік. Бізге сөйлеме демейді ғой. Тек ас ішкенде ойды өзге жаққа бөлмеу керек дейтіні бар. Үстел үстінде «ауа тарылды». Ұзақ үнсіздіктен соң менің жаңа тостағанымды көрген әкем сөйлей бастады.
– Тостағаныңды алып келші, – деді ол төменгі дауыспен.
Барлығымыз бір-бірімізге қарап қалдық. Не істерімізді білмей сұстиып отырмыз.
– Әкеле ғой, – деді ол бұл жолы жіби сөйлеп.
Орнымнан тұрып ақ тостағанды әкемнің қолына ұстаттым. Маған қарады да «арқама мін» деді. Иығына жайғасып алдым. Басына тостағанды киді де қолыма қасықты ұстатты. Тоқылдата әлгіні ұрып жатырмын. Үстел үстіндегілер ду күлді. Содан бері өзімді үлкен тау­ды бағындырғандай күй кештім. Анамыздың көзбен жұмсайтыны болмаса, үйдегілерді еркелігіммен жүгірте жұмсайтыным басым еді. Бірі дүкенге балмұздаққа кетсе, енді бірі көтеріп жүреді. Мектептегі уколдан қашып, атамның артына тығылатынмын. Бар ақылын бойымызға сіңдіріп, өсиетімен көкжиегімізді кеңейткен біздің ғана емес, тұтас ауылдың атасы болатын. Ал әжем болса арқасынан түсірмей көше аралап арқалап жүруші еді...
...Бүгін міне, ауылыма келіп есік алдынан енбей тұрмын. Құдды атам таяғын сүйрете шығып «Қошақаным» деп қарсы алардай. Келер деп ұзақ күттім. Бірақ ол жоқ. Ескі орындығы, әмияны, сағаты сол күйі орнында тұр. Ал әжемде бұрынғыдай қуат қалмапты. Өзгелерді танымаса да «Әйкалап» бауырына қысып жатыр. Сол бұрынғыша асты-үстіме түсіп, жүгіріп жүрген анам дәмді қылып асын әзірлепті. «Ыстық сүт ішесің бе?» деді ол ескі ақ тостағанымды ұсына. Бала күнгі барлық естелік бірінен соң бірі көз алдымнан көлбей өтті. «Түй әжә-әу, мынауың маған дәу ғой» деп кішкентайымда әлгі тостағанды біраз менсінбегенім бар еді. Бір-ақ уыс. Шап-шағын екен. Бірақ сол бір тостаған, бір қасықтың иесі үлкен әулеттің кішкентай бастығы еді-ау...
Айнұр ӘЛИ
25 маусым 2024 ж. 159 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031