Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркі әлемін тоғыстырған дүбірлі дода

Түркі әлемін тоғыстырған дүбірлі дода


Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Көшпенділер ойыны адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытып қана қоймай, бүкіл түркі әлемін бейбітшілікке, ауызбіршілікке әкелетін ауқымы кең шара. Бүгінде дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді.
Бұл спорттық ойын алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын, Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Осылайша ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді. Төрт жылда бір өтетін дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының биылғы жылы Қазақстанға келді. Қыркүйек айының сегізінде бас қаламыз Астанада басталған ойын өз мәресіне де жетті. Жалпы елдегі алғашқы ойын қалай өтті? Жеңіс тұғырынан кімдер көрінді?
Тарқатып көрейік...

Ең бірінші ел-жұрттың "не себепті күз мезгілі?" деген сауалына жауап берейік. Дәстүр бойынша ежелгі көшпенді түркі халқы күз түскенде жазғы жайлаудан қысқы қонысқа көшеді. Күз мезгілін таңдаудың негізгі сілтемесі де осы болса керек. Шараның ашылуы "Астана Арена" стадионында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан мемлекеттерінің басшыларының қатысуымен өтті.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Төрткүл дүниені жайлаған көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер-Ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты.
Әрі қарай ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделді.
Көшпенділер ойынының келесі күнінде спорттық сайыстар кезеңі жетіп, палуандар аударыспақта күш сынасты. Аударыспақ ойынының нәтижесінде қазақстандық палуандар есесін жібермеді. Яғни үш салмақ бойынша өткен білектің мықтылығын қажет ететін ойында үш бірдей спортшымыз бірінші орынды жеңіп алды.
Мұнан соң басқа да садақ ату, қазақ күресі, жамбы ату мен дәстүрлі садақ атудан да сайыстар өтті. Барлығында дерлік қазақ спортшылар басып озды. Бұдан бөлек, кураш, мас-рестлинг секілді бізге таңсық емес ойын түрлері де болды.
Биылғы көшпенділер ойынындағы ең тарысты, интрига болған доданың бірі – ұлттың ойынымыз көкпар болды. Аталған ойында әубастан-ақ финалда түйісетін, осы спортты ежелден серік еткен қазақ-қырғыздың кездесері белгілі болды.
Алғашқы таймда 1:3 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шықты. Ал екінші таймда есеп теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды. Үзілстен кейін "алтын салым" салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды қазақстандық көкпаршы салды. Тартысқа толы бәсеке 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.
Бір аптаға жуық уақытқа созылған Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кеше мәресіне де жетті. Нәтиже бойынша Қазақстан медальдар кестесінде көш бастады. Екінші орында Қырғыз бауырлар болса, үшінші орынға Өзек ағайындар жайғасты. Осылайша көптен күткен түркі халқының басын қосқан көшпенділер ойыны тәмамдалды.

С.ӘЛИҰЛЫ
14 қыркүйек 2024 ж. 146 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031