Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр сүлейі – Алпысбай Сауапұлы

Сыр сүлейі – Алпысбай Сауапұлы

Қазалы аудандық Руханият орталығында Қазалы ауданы әкімдігі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Сыр сүлейі Алпысбай Сауапұлының мұрасын жаңғыртуға арналған «Әлім Алпысбай молда: таным мен тәлім» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Өнер иесін халықпен қайта қауыштырған ақын ұрпағы Гүларша Хұсайынқызының мерейлі 70 жасына орай ұйымдастырылған тағылымды шарада көпшілікке жыраудың өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды.
Рухани кештің ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов Сыр сүлейлерінің өлмес мұрасын «тірілткен» ерен еңбек – мәдениет пен өркениеттің өзегі, тарихи жадтың жаңғырту екенін айтып, бұл жұмыстың тәрбиелік мәніне жоғары баға беріп, игілікті істің маңызына тоқталды.
«Сыр өңірінің көнеден жеткен асыл қазынасын аршып, көмескіленген есімді қайта жаңғыртқан құндылығымен қуантып отыр. Бұл қадам тек мәдени шара емес, ұлттық кодты сақтау жолындағы үлкен белес. Тарихтың тамырына қан жүгірту – ұрпақ алдындағы биік парыз», – деп ризашылығын білдірген ол, аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың ыстық ықыласы жазылған құттықтау хатын салтанатты түрде табыстап, руханият жанашыры Г.Хұсайынованың иығына қазақы дәстүрмен зерлі шапан жапты. Бұл құрмет – өткенге тағзым мен келешекке деген сенімнің белгісіндей көрінді.
Алпысбай Сауапұлы – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген өнер қайраткері. Қазалы ауданының тумасы ел арасында «молда» атанып, жұртшылықты ізгілікке ұйыстырған. Халық жадында оның авторлық әндері, айтыс үлгілері сақталған.
Кітап редакторы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіпов Алпысбай Сауапұлы мұрасын қырық жылға жуық сақтаған болса, мәліметтерді жинақтап, құрастырып, баспаға әзірлеген ақынның ұрпағы Гүларша Хұсайынқызы.
Кітап тұсаукесері облыс орталығында өтіп, оған аймаққа белігілі өнер қайраткерлері мен тіл жанашырлары қатысқан.
Ал ауданда өткен тыныстырылымда Алматы қаласындағы «Арна» баспасынан жарық көрген құнды мұраның жинақталу, дайындалу үдерісі мен осы жолдағы ізденіс туралы кеш иесі, бұған дейін бірнеше кітапты жарыққа шығарып, жинақтар мен ғылыми жұмыстардың жауапты шығарушы болған ардагер-ұстаз, өлкетанушы Гүларша Хұсайынқызы әңгімеледі.
Тарихи тұлғаның қоғамдағы орны жайында ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаздар талдама жасады. Болат Жолтаев сүлейдің ел дамуына қосқан орасан үлесі мен қоғамдағы орны туралы сөз етсе, ғылыми танымдық жинақта топтастырылған Алпысбайдың азаматтық болмысын айқындаған шығармалар мазмұны мен мәніне Айжаһан Ысқақ тоқталды.
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, белгілі ақын Алмагүл Қаржаубаева кітаптың жарыққа шығуымен құттықтап, мазмұнды жинақтан бастау алған зерттеу жұмыстары жалғасын табуына тілектестік білдіріп, жырдан шашу шашты. Сондай-ақ кітапхананың белсенді оқырмандары, аудан тарихшылары мен әдебиетші ұстаздары жаңа еңбек жайындағы жан-жақты пікірлерімен бөлісті.
Айтыскер ақынның бүгінге жоғалмай жеткен санаулы шығармаларының шоқтығы биігі – Алпысбай молда мен Паналы қыздың сөз сайысы. Кеш аясында айтыс үзіндісі сахналанды. Аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары Жәнібек Құтмаханов пен Кәмшат Көбекова орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сыр бойындағы эпикалық жыршылық дәстүрдің дамуында өзіндік үлесін қосқан, жұртшылыққа Алпысбай ақын, Алпысбай молда, әлім Алпысбай Сауапұлының атымен таныс өнер иесінің «Сәулем-ай» әні ұзақ жылдар халық әні деп танылған. Көмбедей көмілген көне мұраны жаңғыртқан келелі шарада шығарманы Қорқыт ата атындағы аудандық өнер мектебінің мұғалімі Сандуғаш Бисембаева шәкірттерімен шарықтата шырқады.
Жаңа кітапта сан қырлы саңлақ Алпысбай Сауапұлының өмір жолы, шығармашылығымен бірге ұрпақтары туралы құнды деректер қамтылған.
Бәтуалы басқосу тарих түгенделіп, тұлғаларды танытып, төл өнерді төрге оздырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге бағытталған маңызды істердің бірі болды. Жинақтаушы Алпысбай Сауапұлының мұралары ел өнеріне қосылып отырған үлес екеніне тоқталып, шараны өткізуге түрткі болған азаматарға алғысын айтты. Сондай-ақ ақынның күйшілік өнеріне қатысты мол мұрасы сақталмағанын, ізденіс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Сыр сүлейінің туыстары мен ұрпақтары атынан еңбек ардагері Уызбек Жәлімбетов ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізіп, бата берді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 мамыр 2026 ж. 19 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031