Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Neet: жалқау жасты жігерлендірер жол қайсы?

Neet: жалқау жасты жігерлендірер жол қайсы?

Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың белсенділігімен, білімге, еңбекке деген ұмтылысымен өлшенеді. Алайда бүгінгі күні әлем елдерін алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – жастардың белгілі бір бөлігінің білім алу мен еңбек нарығынан тыс қалуы. Осындай топ халықаралық тәжірибеде NEET ұғымымен сипатталады. Бұл – ағылшын тіліндегі Not in Employment, Education or Training тіркесінің қысқартылған нұсқасы, яғни жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар дегенді білдіреді.
Шын мәнінде, мұндай құбылыс кеше ғана пайда болған жоқ. Оның тамыры XX ғасырдың соңына дейін барып тіреледі. Дегенмен уақыт өткен сайын бұл мәселе тереңдеп, ауқымы кеңейіп, бүгінде жаһандық деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық сын-қатерге айналды. NEET санатындағы жастардың көбеюі – тек олардың жеке тағдырына ғана емес, тұтас қоғамның дамуына әсер ететін күрделі мәселе. Себебі бұл – адами капиталдың толық пайдаланылмауы, еңбек ресурстарының тиімді іске аспауы деген сөз.
Сондықтан да көптеген мемлекеттер, соның ішінде біздің ел де бұл бағытта жүйелі саясат жүргізіп келеді. Жастарды біліммен қамту, кәсіби бағдар беру, еңбекке тарту, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Арнайы бағдарламалар қабылданып, түрлі жобалар жүзеге асырылуда.
Ал осындай бастамалар жергілікті деңгейде, нақты айтқанда аудандарда қалай жүзеге асырылып жатыр? NEET санатындағы жастармен жұмыс қандай бағытта жүргізілуде? Олардың қоғамға бейімделуіне қандай нақты қадамдар жасалуда? Осы сұрақтарға жауап іздеп, аудандық Жастар ресурстық орталығына хабарластық.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы мамандары ұсынған деректерге сүйенсек, «Отбасылық цифрлық карта» базасында тіркелген «NEET» санатындағы жастардың саны бүгінде 196-ны құрап отыр.
Бұл санаттағы жастармен жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған. Негізгі басымдық – олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етіп, жеке кәсіп бастауына нақты мүмкіндіктер жасау. Осы бағытта дерекқор мәліметтері негізінде жұмыссыз жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, тек орта білімі бар еңбекке қабілетті жандарға, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жастарға, еңбек тәжірибесі жоқ білімді түлектерге, бала күтіміндегі әйелдерге және бейәлеуметтік топтағы жастарға ерекше көңіл бөлінуде.
Аталған санаттағы азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жүйелі түрде кеңес беру, бағыт-бағдар көрсету және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қоғамға бейімделуіне және өз әлеуетін толық іске асыруына қолдау көрсетілуде.
Облыс әкімінің бекіткен Жол картасы аясында да ауданда NEET және маргинал санаттағы жастармен мақсатты жұмыс жүргізу үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Бүгінде аталған жоспар аясында Жастар ресурстық орталығы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, қайта даярлау курстарына тарту, кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру, мотивациялық кездесулер мен тренингтер өткізу, психологиялық қолдау көрсету және кәсіби бағдар беру бағыттары тұрақты назарда.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Маргинал топтағы жастармен алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында «Киберволонтер» тобы құрылып, белсенді қызмет атқаруда. Ал өңірдегі идеологиялық тұрақтылықты сақтау үшін түнгі рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етуде.
Пробация есебінде тұрған жастармен де мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Олардың қатысуымен «Ерлік – басты құндылық» атты отбасылық эстафеталық жарыс өткізіліп, мұражайларға танымдық экскурсиялар жасалды. Сонымен қатар жастардың рухани дамуына және қоғамға бейімделуіне бағытталған түрлі тәрбиелік шаралар жүзеге асырылуда.
Әскер жасындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке тарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, үй-үйді аралау, түсіндіру және ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылып, жастарға Отан алдындағы борыштың маңызы кеңінен насихатталуда.
Ал мүгедектігі бар, бірақ еңбек етуге қабілетті жастарды қолдау мақсатында «Жастарға тең мүмкіндік» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аталған шара барысында қатысушыларға мемлекеттік қолдау тетіктері жан-жақты түсіндіріліп, олардың бірқатары тиісті бағдарламаларға тіркеліп, жұмыспен қамтылуына нақты қадам жасалды.
Орталық директоры Нұрбек Ақпанбетовтың айтуынша, аудан бойынша тіркелген 1 658 маргинал жастың қазіргі уақытта 1587-ы өзектендірілген. Ал қалған 71 жасқа өзектендіру жұмыстары жалғасып жатыр.
– NEET санатындағы жастар үлесін төмендету мақсатында кешенді шаралар мұнымен тоқтамақ емес. Жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңкелер арқылы да жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту жоспарда бар. Осы орайда сала мамандарымен бірлесіп, жұмыссыз жастарға дұрыс бағыт-бағдар берсек, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын аламыз деп ойлаймын, – дейді орталық директоры Нұрбек Нысанбекұлы.
NEET жастарының пайда болу себебін біржақты қарастыруға болмайды. Оған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Десе де жастар себепке сылтау іздеп, желігіп жүрмегені абзал. «Адамсыз қоғам жоқ, қоғамсыз адам жоқ» деген сөз бар. Қоғам құрдымға кетпес үшін уақытты босқа өлтірмей, көптің игілігіне жарап, әйтеуір бір іспен айналысқан жөн болар. Себебі жалындайтын жаста жұмыссыз жүрген жараспайды.

Арайлым ЖҮСІПОВА

01 мамыр 2026 ж. 19 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031