Шалғайдағы аудандарға ұялы байланыс қашан қосылады
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын енгізуге қатысты түсінік берді.
Фото: pexels- Қазақстан SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік технологиясын енгізуді бастаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі. Бұл жоба елімізде 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асырылады. Технологияны дайындау барысындағы маңызды қадам ретінде 2025 жылдың желтоқсанында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Beeline Қазақстан» президенті Евгений Настрадин және SpaceX (Starlink) компаниясының мамандары Орталық Азияда алғаш рет D2C технологиясына далалық сынақтар жүргізді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сынақ барысында қарапайым мобильді телефонның көмегімен Starlink спутниктік желісі мен Beeline-ның жерүсті желісінің интеграциясы арқылы хабарламалар мен мессенджердегі қоңырау сәтті жүзеге асырылды.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Direct-to-Cell технологиясының басты артықшылығы — стандартты смартфондарды ешқандай қосымша жабдықсыз тікелей спутникке қосу мүмкіндігі.
- Бұл дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылым жоқ аймақтарда — таулы жерлерде, жазық дала мен шалғайдағы аудандарда базалық байланыстың қолжетімді болатынын білдіреді. Атап айтқанда, технология кезең-кезеңімен енгізіледі. Бастапқы кезеңде пайдаланушылар SMS-хабарламалар жібере алады, ал келесі кезеңдерде дыбыстық байланыс пен басқа да сервистер қосылады. 2027 жылы негізгі қызмет түрлерінің басым бөлігі іске қосылады деп жоспарланған, - деп аталып өткен Жасынды интеллект министрлігі мәліметінде.
Бұған дейін Қазақстандағы мектердің біразы не себепті Starlink жүйесінен бас тартқанын жазған едік.











