Инфрақұрылымдық жаңғыру – тұрақты дамудың кепілі
Инфрақұрылым — көрікті ғимараттар мен түзу жолдар ғана емес, қай кезде де қоғамның даму деңгейін көрсететін басты көрсеткіш. Ол неғұрлым өрістеп, өркен жайса, бәсекеге қабілеттілік пен халықтың әл-ауқаты соғұрлым жоғарылайды. Қазалы аудандағы инфрақұрылым өсімі – жаңа мүмкіндіктер көрінісі. Әлеуметтік-экономикалық әлеует ең алдымен оның ішкі және сыртқы байланыс желілерінің сапасымен түзіледі. 2026 жылдың алғашқы үш айы аудан үшін ауқымды құрылыстар мен жүйелі реформалардың кезеңіне айналды. Жол сапасын арттыру, тұрғын үй қорын жаңарту және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар жаңа серпінмен сүйсіндіріп отыр.
ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ: САПА МЕН ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ ОРЫНДА
Ауданның жол инфрақұрылымы соңғы жылдары қарқынды даму кезеңін бастан өткеруде. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беруде. Жолдарды салу, күрделі және орташа жөндеу, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде.
Жыл санап аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығын арттырумен қатар, олардың сапалық көрсеткіштерін жақсартуға басымдық берілуде. Атап айтқанда, тозығы жеткен жол учаскелері кезең-кезеңімен жаңартылып, жаңа асфальт жабындары төселуде. Сонымен бірге, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмай, шалғай елді мекендердің көлік қатынасы біртіндеп жақсарып келеді.
Жол инфрақұрылымын дамыту барысында заманауи талаптар мен стандарттарға сәйкес келетін технологиялар қолданылуда. Жол бойына қажетті жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жарықтандыру жүйелері іске қосылуда. Бұл шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, апаттық деңгейін төмендетуге ықпал етуде.
Көлік қатынасының жеңілдеуі жүк тасымалының тиімділігін арттырып, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мерзімі қысқарып, нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңеюде. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға әсер етуде.
Жол инфрақұрылымын дамыту – ауданның тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі. Ал салаға инвестициялар тарту, жол желісін кеңейту және олардың сапасын одан әрі арттыру бойынша жұмыстар жалғастыру кезең-кезеңімен ырғағын табуда.
Ауданның көлік дәлізі – оның «күре тамыры». Бүгінгі таңда коммуналдық меншікте 942 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көшелер желісі бар. Оның 129 шақырымы республикалық, 375 шақырымы аудандық маңызға ие. Елді мекендердегі ішкі жолдардың ұзындығы – 438 шақырым, нақтысы 480 көшеге жетеді. «Бұл үлкен шаруашылықты күтіп ұстау және жаңғырту – басты басымдық», – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ақпараттық сайты таратқан деректе.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖӘНЕ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОҢТАЙЛАНДЫРУ
Стратегиялық жобалар және логистикалық оңтайландыру да өңірдің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды басқару құралдары. Олар ауданның бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, тұрақты дамуына негіз қалауда.
Ал логистикалық оңтайландыру – тасымалдау, сақтау, жеткізу және ресурстарды басқару жүйелерін жетілдіру арқылы жүзеге асырылатын тауарлар мен қызметтердің қозғалысын тиімді ұйымдастыру үдерісі. Ол шығындарды азайтып, уақытты үнемдеу және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жол инфрақұрылымының дамуы мен көлік қатынасының жақсаруы бұл үдерістің тиімділігін айтарлықтай арттырып келеді.
Ағымдағы жылдың ең ауқымды жобаларының бірі – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жол құрылысы. Ұзындығы 3,2 шақырымдық бұл нысан кент ішіндегі көлік кептелісін сейілтіп, логистикалық жүктемені тең бөлуге мүмкіндік береді. Әсіресе, білім беру нысандары маңындағы қауіпсіздікті арттыруда жобаның маңызы зор. Қазіргі таңда «Қазалы Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақарық каналы арқылы өтетін маңызды өткелді салу жұмыстарын жүзеге асыруда.
Жол құрылысы саласында мердігерлерге қойылатын талап күшейгендігін айтады аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін қоса атқарушы Жасұлан Сыдықов.
2023 жылы басталған Әйтеке би көшесіндегі жұмыстар жеткілікті. Қазіргі кезде «СтройМодуль-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жіберілген кемшіліктерді түзетіп, өз қаражаты есебінен асфальт төсеу жұмыстарын қайта жүргізуде. Мемлекеттік бақылаудың қатаңдығы мен «сапа – басты құндылық» қағидасының іс жүзіндегі көрінісі.
Сапа мәселесі де қатаң бақылауда. 2023 жылы Әйтеке би көшесінде басталған жұмыстардағы олқылықтар қайта қаралып, мердігер серіктестік өз қаражаты есебінен асфальт төсеу жұмыстарын қайта жүргізуде. Бұл – атқарылған істің сапасына қойылатын талаптың күшейгенінің айқын дәлелі.
КӨПІРЛЕР МЕН АУЫЛАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ШЕШІЛУІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Мемлекет басшысы автомобиль жолдары туралы «Жолдардың сапасы – билікке деген сенім» екенін айтып, жол құрылысына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын және техникалық қадағалауды күшейтуді тапсырған болатын.
Көпірлер мен ауыларалық қатынастар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Елді мекендер арасындағы тұрақты әрі сапалы байланыс тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, түрлі қызметтерге қолжетімділікті арттырады. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, сауда және әкімшілік қызметтерге жету үшін тиімді көлік қатынасының болуы үлкен маңызға ие.
Мұндай жолдардың сапасы мен қатынас жиілігі халықтың мобильділігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың қажеттіліктеріне уақытылы жетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауылдар арасындағы байланыс мәдени және әлеуметтік қарым-қатынастарды нығайтып, өңірдегі бірлікті арттыруға ықпал етеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, қатынастардың бұл түрі ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдетеді.
Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіру – ауданның басты міндеттердің бірі де бірегейіне баланып отыр.
Аудан аумағындағы 26 көпірдің 9-ы апаттық жағдайда екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы арта түседі. «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» бағытындағы темірбетон көпірдің қайта жаңғыртылуы – шалғайдағы ауылдарды аудан орталығымен байланыстыратын стратегиялық қадам.
Сонымен қатар, Бозкөл–Тасарық бағытындағы 33 шақырымдық жолға қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, тасымал шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
СӘУЛЕТТІК КЕЛБЕТ ПЕН ҚОЛАЙЛЫ ОРТА
Аудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің тозу деңгейі бақылануда. Бұл жағдайдың негізгі себебі – тұрғын үйлердің көпшілігі өткен ғасырда салынғандығында. Уақыт өте келе ғимараттардың конструкциялық элементтері ескіріп, кейбірінің инженерлік желілердің де техникалық жағдайы нашарлаған.
Тозығы жеткен тұрғын үйлер тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп, бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қолайсыздықтар туғызуда.
Аудандағы 103 көпқабатты тұрғын үйдің жай-күйі де назардан тыс қалмаған. Олардың 98-і Әйтеке би кентінде болса, 5-уі Қазалы қаласында орналасқан. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кеткен.
Атап айтар болсақ, Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан көшесі №42 үйге 2,6 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ аудан орталығындағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы №113 және Қ.Пірімов №9 үйлерді жөндеуге 4,8 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылып, «Сарым-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысқа кіріскен.
Бұл тек қасбетті жаңарту емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен эстетикалық жайлылығына жасалған инвестиция екенін айтады бөлім мамандары.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ – ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ҚУАТЫ
«Шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» бағдарламасы өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету және шағын әрі моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ауданда да бағдарлама аясында инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, жолдарды жөндеу және мектеп, аурухана, мәдениет орындары сынды әлеуметтік нысандарды салу мен қайта жаңартуға басымдық берілуде.
Жергілікті экономиканы жандандыруға бағытталған бастама жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау және инвестиция тарту арқылы моноқалалардың бір ғана салаға тәуелділігін азайту көздеген. Шағын және моноқалалардың дамуына серпін беріп, олардың ұзақ мерзімді тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік бастама аясында Қазалы қаласының электр желілерін қайта жаңғырту жобасы мәресіне жақындап қалған. Сапалы сервиске қадам жасалуда.
Аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жүйелі жүруде.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәлеметінше, жобаның қаржылық-техникалық көрсеткіштерінің жалпы құны – 592,3 миллион теңгені құраған.
Бүгінге дейін 1052 темірбетон бағана орнатылып, 30,5 шақырым электр желісі тартылған. 2 трансформатор іске қосылған. 4 трансформатор, 50 дана темірбетон бағаналары мен 9,8 шақырым желі тарту жұмыстары жүргізілуде.
Жол – экономиканың күретамыры. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар шаралар қабылданған. Әйтеке би кентінде мектептер мен балабақшалар маңына орнатылған 5дана жасанды жол кедергілері игілігін жұртшылық ризашылықпен қабылдауда. Жанқожа батыр атындағы №70, М.Матаев атындағы №170 мектеп, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей, Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектеп пен «Айзере» балабақшасы аумақтары қамтылған.
Жол сапасын 420 жаңа жол белгісі және жасанды кедергілермен нығайтудан бастап, ірі көпірлер мен электр желілерін салуға дейінгі іс-шаралардың түпкі мақсаты –а удан тұрғындарының өмір сүру деңгейін жаңа сапалы белеске көтеру. Алдағы уақытта тағы 24 көше мен 2 аудандық жолдың жөндеуден өтуі бұл серпіннің бәсеңдемейтінін көрсетеді.
ГАЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР
Ауданның экологиялық таза отынға көшу процесі де қарқынды. Соңғы жылдары елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, тиісті инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Газ құбырларын тарту, тарату желілерін кеңейту және жаңа абоненттерді қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Көгілдір отынмен қамтылудың қарқын алуы тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсерін тигізуде. Табиғи газды пайдалану отын шығындарын азайтып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беріп, қатты отынға тәуелділіктің төмендеуі еңбек жағдайын жеңілдетіп, тұрмыстық қолайлылықты арттырған.
Аталған бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендер саны жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруда. Өндірістік және қызмет көрсету салаларында жаңа мүмкіндіктер ашылуға түрткі болып, маңызды көрсеткішті көш ілгерілетіп отыр.
Қазіргі таңда аудандағы 14 білім беру нысаны мен 1 мәдениет үйінің қазандықтарын газға бейімдеу үшін 44,9 миллион теңге бөлініп, жобалау жұмыстары жүруде. 5 ірі нысан бойынша құрылысқа өтінім тапсырылған. Бұл мектептер мен балабақшалардағы жылу сапасын арттырып, бюджет шығынын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, тұрғындарды толықтай табиғи газбен қамтуға қол жеткізу негізгі міндеттердің бірі болмақ.
Қазалы ауданында бөлімнің қызметі облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының үйлестіруімен жүргізіледі. Аудандық мәслихат шешімдерімен бірнеше мақсатты бағдарлама бекітілген. Қатарында 2024–2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы бойынша қоқысты шығару, полигондарды ретке келтіру жұмыстары, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеу, инфрақұрылымдық жобалармен қамтылуы, елді мекендерді көркейту, жарықтандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын үйлестіру жоспарлары бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық желілердің тозуы – ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін бірнеше рет қадап айтты. Бұл бағытта тарифтерді негізсіз өсірмей, жиналған қаражатты желілерді жөндеуге жұмсауды мақсат тұтқан 2029 жылға қарай желілердің тозу деңгейін кемінде 15-20 процентке төмендетуге бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар. Осыған орай кезеңдік жұмыстар да қолға алынған.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдері мен тиісті бөлімдердің жұмысын тікелей тұрғындардың өмір сүру сапасымен байланыстырады.
Жыл басынан бері бөлім жауапкершілігімен атқарылған бұл жұмыстар – аудан халқының әл-ахуалының жақсаруына жұмылдырылған жүйелі істердің бастамасы ғана. Инфрақұрылымның жақсаруы – ауданның ертеңгі жарқын болашағының берік іргетасы десек, олардың жұмысы бүгінде тек техникалық емес, саяси мәнге ие екндігін ұғындырады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














