Ауызбірлік – берекенің бастауы
1 мамыр – сан түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктірген татулық пен келісімнің, өзара құрмет пен достықтың айқын белгісі. Осы мерекеге орай Жанкент ауылдық мәдениет үйінде «Ұлттар бірлігі жарассын!» атты шара өтті. Кеш барысында Жанкент ауылдық мәдениет үйінің директоры Болатбек Рсалы сөз сөйлеп, бірлік күнінің мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.
«Бірлік пен татулық – өткеннен жеткен аманат, асыл мұра. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендана халқымыздың сөзі елдігіміздің темірқазығыболып келеді. Хакім Абайдың«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ізгіұстанымын бойтұмар қылған абайлықтар бірқолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату өмір сүріп келеді. Баршаңызды ұлыс пен ұлттыұйыстырған, тілек пен тілекті тоғыстырған маңыздымереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шынжүректен құттықтаймын» – деді Болатбек Рсалы.
Шара мазмұнды концертпен жалғасын тапты. Ән үйірмесінің жас өнерпаздары Айару Мұса, Аяулым Сақымжан және Аяулым Едігеқызы өздерінің әсем әндерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал Болатбек Сырашұлының шәкірті Бақтияр Әнуарұлы күмбірлеген күйімен ұлттық өнердің көркемдігін паш етсе, Жанкент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Назерке Нәдірова әуезді ән орындап, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Мәдениет үйінің қызметкерлері Айткүл Жеткербаева, Алтынгүл Еспенбетова, Шапағат Әбдуәли және №104 орта мектебінің ұстаздары Айжан Меңеева мен Ұлболсын Байқадамовалар шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысып, бірлік пен ынтымақтың маңыздылығы жайлы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Ауыл тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, бірлік пен татулықтың қадірін терең ұғындырған осындай игі бастамалар ел ішіндегі ауызбірлікті нығайтып, болашақ ұрпаққа бейбітшілік пен келісімнің құнын сезіндіре берері анық.
Талап АЛТЫНБЕКҰЛЫ














