Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгіні бекем, келешегі кемел

Бүгіні бекем, келешегі кемел

Қазақтың тамыры ауылмен біте қайнасқан. Ұлттың болмысы, тілі мен дәстүрі, тәлім-тәрбиесі ең алдымен ауылдан нәр алып, сол ортада қалыптасады. Сондықтан ауылды тек қоныс мекен ғана емес, рухани құндылықтардың алтын ұясы деуге толық негіз бар.  Ел дамуының негізгі тіректерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы мен ауылдық аймақтарды өркендету мәселесі мемлекет деңгейінде де ерекше назарда. Осы бағыттағы бастамалар мен бағдарламалар ауылдың ажарын ашып, тіршілігін жандандыруға жол ашуда. Халқымыздың «Туған жерге туыңды тік» деген тағылымды сөзі де осыны меңзейді.
Осындай оң өзгерістердің айқын көрінісін ауданға қарасты Ғани Мұратбаев ауылынан байқауға болады. Бірлікті ту еткен тұрғындардың еңбегі мен үлкендердің батасының арқасында бұл ауыл бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, еңсесін тіктеп келеді. Ауыл тынысымен танысу мақсатында біз де ауылға арнайы ат басын бұрдық.
Ә дегеннен-ақ ауыл азаматтары бірлесе атқарылған жұмыстың жай-жапсарымен таныстыра жөнелді. Ауылды түлету, уақыт талабына сай көшін көрікті ету аса маңызды. Осы жолда жерін қадір тұтып, тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтардың игілікті істері көңіл қуантады.
Ғани ауылы аудан орталығы Әйтеке би кентінен бары-жоғы 6 шақырым қашықтыққа қоныс тепкен. Жыл өткен сайын жасарып, жайнап келе жатқан ауылда 1641 тұрғыны бар 312 отбасы отбасы түтінін түтетіп отыр.
Ауылда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар әлеуметтік нысандар тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 320 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, 8 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі бар дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ 22 011 кітап қоры жинақталған кітапхана мен ауылдық мәдениет үйі бар.
Өткен жылы ауыл тұрғындарының бастамасымен салынған «Қуандық әулие» мешіті де ел игілігіне берілген. Мешіт 100-ден астам адамға арналған, ішінде жамағат залы, әйелдер намаз бөлмесі және имам бөлмесі қарастырылған. Ғимараттың үлкен күмбезі 5 метр, кіші күмбезі 3 метр, ал мұнарасының биіктігі 7 метр. Қазіргі таңда мешіт жанынан 150 адамдық асхана құрылысы жүргізілуде, оның төбесі жабылып, ішкі жұмыстары алдағы уақытта ауылдағы ағайынның қолдауымен жалғасын табады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар ауылда ветеринариялық пункт, 6 сауда дүкені және пошта байланыс бөлімшесі де жұмыс істеп, күнделікті қажетті қызметтерді қамтамасыз етіп отыр. Осы нысандардың барлығы ауыл тіршілігінің жүйелі дамуына қызмет етіп келеді.
Ал «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында ауылда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Әсіресе, 2020 жылы ауылдың келбетін жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар түрлі бағыттағы жобаларға тартылған.
Ғанилық ағайын көгілдір отынды көптен арман етті. Сол арман шамамен алты жыл бұрын жүзеге асып, ауыл тұрғындары үшін тарихи жаңалыққа айналғаны күні кешегідей есімізде. 2020 жылы Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Қазалы ауданына бөлінген қаржының есебінен ауылды газдандыру жобасы қолға алынған-ды. Конкурстық негізде «Сапақ» өндірістік кооперативі мердігер ретінде белгіленіп, 2020 жылдың маусым айында басталған жұмыс қысқа уақыт ішінде толық аяқталды.
Бұл істің бастауында тұрған азаматтардың бірі – «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Жылқайдар Тәңірбергенов. Ол 2018 жылы өз қаражаты есебінен жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп, оны сараптамадан өткізіп, осы игі бастаманың жүзеге асуына берік негіз қалады.
Бүгінде ауыл тұрғындары үшін бұл жоба – үлкен жеңілдік. Бұрынғыдай қысқы отын дайындау, күл шығару сияқты ауыр тұрмыстық тірліктерден арылып, халық көгілдір отынның игілігін толық сезініп отыр.
Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі №15 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы 90 орынға шақталған, қазіргі таңда онда төрт топта 90 бала тәрбиеленуде. Балалардың қолайлы ортада дамуы үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында балабақшаның сыртқы келбеті жаңартылды.
Ауыл әкімі Рыстығұлдың айтуынша, ауылда тұрғындар үшін аса маңызды саналатын аяқ су мәселесі де өз шешімін тапқан. Бүгінде «Ақарық» каналының 3,9 шақырымдық бөлігі қазылып, толықтай тазартудан өткізілген. Бұл жұмыстарды «Табиғат» ЖШС атқарып, ауылдағы 6 жұмыссыз азаматты уақытша еңбекпен қамтыған.
«Каналдың ретке келтірілуі нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптары мен жасыл желектерге су жеткізу жүйесі тұрақтанып, егіншілікке қолайлы жағдай қалыптасты», – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі болса, азық-түлік қауіпсіздігі халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды фактор болып табылады. Осы бағытта округте бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Атап айтқанда, азық-түлік қорын нығайту және жергілікті тұрғындарды табиғи өніммен қамтамасыз ету мақсатында «Ақарық», «Қырғыз» және «Дәуқазған» каналдарының бойынан жалпы көлемі 14 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. Бұл аумаққа бау-бақша дақылдары егіліп, ауыл тұрғындарының өз еңбегімен өсірілген өнімді тұтынуына мүмкіндік жасалып отыр.
Бұл бастама өз кезегінде жергілікті халықтың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып қана қоймай, ауыл ішіндегі азық-түлік тұрақтылығын күшейтуге және тұрмыстық қажеттілікті жергілікті өніммен өтеуге оң ықпал етуде.
Адамның күнделікті тіршілігін жеңілдететін басты тіректердің бірі – жол қатынасының қолжетімді әрі тұрақты болуы. Бұл тұрғыда ауыл мен аудан орталығы арасындағы байланыстың дұрыс жолға қойылуы елдің әлеуметтік-экономикалық тынысын кеңейтетін маңызды фактор екені белгілі.
Ғани ауылы бұл бағытта ілгері қадам жасаған елді мекендердің бірі. Аудан орталығы – Әйтеке би кентіне қатынайтын шағын сыйымдылықтағы қоғамдық көлік күніне алты мәрте жолға шығып, тұрғындардың қатынасын жүйелі түрде қамтамасыз етіп отыр. Жолақы құны – 130 теңге.
Сонымен қатар ауылдағы бес жеңіл автокөлік иесі арнайы патент негізінде жолаушылар тасымалын жүзеге асырып, ел ішіндегі қозғалысты одан әрі жеңілдетуде. Осылайша, ауыл мен кент арасындағы жол – жұрттың күнделікті тіршілігін жалғап тұр.
Таза ауа мен жасыл желек – тек өмір сапасын жақсартатын фактор ғана емес, сонымен бірге табиғи тепе-теңдікті сақтаудың басты негізі. Бүгінде қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді көркейту жұмыстары өңір дамуының басым бағыттарының біріне айналып отыр.
Осы орайда ауылдық округте кең көлемді абаттандыру шаралары жүзеге асырылуда. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Әйтеке би – Ғани Мұратбаев» автомобиль жолының екі жағалауына 5 гектар аумаққа 6000 түп көлеңкелі ағаш отырғызылып, олардың күтімі жүйелі түрде қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар ауыл келбетіне ерекше сән беретін «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңы, сондай-ақ «Ғани» мен «Тәуелсіздік» бақтарында 1500-ден астам жас көшет егілді.
Аталған игі істердің барлығы табиғи ортаны жақсартуға, тұрғындарға жайлы әрі жасыл демалыс аймақтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалар болып отыр.
Инфрақұрылым саласын дамыту бағытында кәсіпкерлік мақсатта мал бордақылау кешенін салу үшін ауылдың батыс бөлігінен 20 гектар жер учаскесі аудан әкімінің қаулысымен ресми түрде бекітілді.
Қазіргі уақытта осы жерді игеру бойынша төрт азаматтан өтініштер қабылданды. Олардың ұсынылған құжаттары жер қатынастары бөлімі тарапынан қаралып, конкурсқа қатысу үшін тиісті рәсімдерден өтуде.
Ауыл аумағында бүгінде жалпы ұзындығы 11,180 шақырымды құрайтын 17 көше бар. Соның ішінде 13 көшеге асфальт төселіп, 9,996 шақырым жол толық жаңартылды. Бұған қоса, 8 көшеде түнгі жарық шамдары орнатылып, 7,021 шақырым аумақ жарықтандырылды.
Қалған көшелер бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және жарықтандыру жүйесін енгізу мақсатында тиісті жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, оларды «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына ұсыну жоспарлануда.
– Ауылдық округте жер телімдеріне сұраныс артып, тұрғындар тарапынан өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай елді мекенде үш жаңа көшеге инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда электр желісі толық іске қосылып үлгерді, ал ауыз су мен газ құбырларын жүргізу жұмыстары соңғы кезеңге таяу. Аталған жобалар ауылдың өркендеуіне серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады, – дейді ауыл әкімі Абай Рыстығұл.
Қош. Ғани ауылы бүгінде заман талабына сай дамып, жаңару жолына түскен елді мекендердің қатарында. Инфрақұрылымы біртіндеп жаңарып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақтанып келеді. Халықтың тұрмысы да қалыпты деңгейде, күнделікті өмірі жүйелі арнада дамуда. Ауыл өзге өңірлермен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін арттырып, түрлі салаларда ілгерілік байқатуда. Жергілікті тұрғындар туған жерінің болашағына бейжай қарамай, оның өркендеуіне белсене атсалысуды өздерінің басты міндеті деп санайды. Тұрғындардың елді мекеннің одан әрі дамып, гүлденуіне деген сенімі берік, келешектен күтетін үміті де зор.
Арайлым ЖҮСІПОВА
01 мамыр 2026 ж. 19 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031