Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Татулық – біздің басты құндылық

Татулық – біздің басты құндылық

Халқымызда «Еңбек – адамның көркі» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі таңда айналасына сыйлы, адал еңбегімен танылған азаматтың бірі – Акрам Жумаев. Өзге этнос өкілі болса да, тағдырын қазақ елімен байланыстырып, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бұл жанның өмір жолына үңілдік.
Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениет қалыптасқан. Бүгінде еліміздің барлық азаматтары біртұтас ұлт ретінде Әділетті Қазақстанды құру жолында тізе қосып келеді. Нәтижесінде мемлекетіміздің қуаты артып, кез келген қиындықты еңсеруге қабілетті екені дәлелдеп, этносаралық татулық – ел дамуының басты тірегіне айналып отыр. Өзбек жұрты да осы бірліктің ажырамас бөлігі ретінде қоғамның дамуына лайықты үлес қосып келеді.
«Тонның ішкі бауындай» тығыз араласып, бір туғанындай құшақ жаятын қазақ пен өзбек жұртының бір-біріне құрметтері айрықша. Өзбек этносының өкілдері Қазалы ауданында да қоныс тепкен. Шаруашылыққа бейімділігімен ерекшеленетін олардың шағын кәсіпті дөңгелетіп, аз ғана жерден мол өнім алып, тұрмысын түзеп отырғандарына көпшілік куә. Татулық пен өзара құрмет сақталған жерде ғана тұрақтылық пен өркендеу болатынын бұл отбасында болған сәтіміз ұғындырды.
Ынтымақты елге құт қонақтайды. Еңбекті сүйген Джулдаш Жумаев пен Гауһар Жумаеваның отбасында екінші бала болып өмірге келген ол өзбек халқының еңбекқорлық дәстүрін сақтай отырып, қазақстандық ортақ құндылықтарды биік қояды. Әрбір ісінен бауырмалдық пен сыйластықтың лебі есіп тұратын жігіттің адамгершілік биік парасатын байқадық.
«Өзбек және қазақ халықтары арасындағы достықтың тамыры тереңнен басталады. Қос ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі ұқсас болғандықтан, әрдайым бір-біріне жақын. Түріміз ұқсас, түбіміз бір. Арамызда аса қатты айырмашылық, өзгеріс бар деп ойламаймын. Ертеден екі ұлт бір-бірін тәржімасыз түсінген. Әулетімізде бізден көмек қолын аямаған қонақжай қазақ бауырларымыздың ықыласы үнемі айтылып отырады», – болды алғашқы әңгімеміз. Осы ұстаным-көзқарас олардың Қазақстанды өз Отаны ретінде қабылдайтынын көрсетті.
Акрам Жумаев айналасымен оңай тіл табысып, ортақ іс-шараларға белсене қатысады.
Қазақстандағы өзбек диаспорасының өкілдерінің бірі ретінде атаулы күндер мен ұлттық мейрамдарда әрқашан ұйымдастыруға атсалысып, ортақ қуанышпен бөлісуді азаматтық ұстаным, асыл мұратына айналдырған.
Әрдайым өзгелерге көмек қолын созуға дайын тұратын Акрам Джулдашұлы қоғамға пайдалы болуды мақсат етіп, айналасындағыларға қолдау көрсетіп, жақсы қарым-қатынас орнатуға күш салады.
Акрам Жұмаевты өзгелерден даралайтын қыры – еңбекқорлығы. Ол қандай жұмыс болмасын, бар ынта-жігерімен кіріседі. Қазалы қаласындағы аргарлы-техникалық мектептің түлегі қазір мамандығы бойынша Атырау қаласында дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.
Адал еңбек етуді өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған азамат «Еңбек етсең – еңбегің еш кетпейді» деген даналықты өз өмірімен дәлелдеп, күнделікті тұрмыста да, кәсіби салада да оның ұқыптылығы, жауапкершілігі және табандылығы көзге түскен. Қиындыққа мойымай, мақсатына жету үшін үздіксіз алға ұмтылып келеді.
Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, дәнекерлеуші – өндіріс пен құрылыста аса маңызды рөл атқаратын мамандықтардың бірі. Металл бөлшектерді біріктіріп, түрлі құрылымдардың берік әрі сапалы болуын қамтамасыз ететін маман еңбегінің нәтижесінде жаңа техникалық құрылғылар өмірге келіп, жұмыс ырғағы үзіліссіз жалғасын табуда. Темірден түйін түйген ол «бастаған істі аяғына дейін жеткізу» қағидасын ұстанған. Оның қолынан шыққан әрбір жұмыс сапасымен ерекшеленеді.
«Дәнекерлеуші болу үшін тек қана құрал-жабдықты меңгеру жеткіліксіз. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, дәлдікжәне төзімділікті талап етеді. Өйткені кез келген қателік болашақ құрылымның сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр дәнекерлеуші өз жұмысын мұқият әрі ұқыпты орындауы тиіс», – дейді жұмысы туралы.
Әдетте балаға тәрбие ата-анасы арқылы беріледі. Әке мен ананың тынымсыз тірлігін көріп өскен бала ерінбей алға жылжуға, өз міндетін тиянақтап атқаруға үйренеді. Мұндай ортада өскен ұрпақ адалдықты, сабырлықты және төзімділікті бойына сіңіреді. Шағырағы үшін де Акрам Жумаев – нағыз тірек. Отбасы мүшелеріне деген сүйіспеншілігі мен ұстанымы оның мінезінен айқын көрінеді. «Адал бол, еңбек ет, адамдарға жақсылық жаса» деген қағидаларды ұл-қыздарына үнемі насихаттайды екен.
Оның өмір жолы – көпұлтты Қазақстанның келбетін айшықтайтын үлгі. Қазақ қызы Баян Қанаевамен 2006 жылы отау құрған жұптар бүгінде көпбалалы отбасы. Тұңғыштары Ислам – медициналық колледжден фельдщер мамандығын алуда. Наргиз, Зухра – орыс сыныбына барады. Ақсезім қазақ тілінде білім алуды қалапты. Барлығы өздері оқитын мектептің мақтаулы шәкірттері. Сабақ үлерімдері жоғары. Аудан, облыс, республика көлеміндегі түрлі жарыстар мен пәнаралық олипиада, мәдени шараларда білімділік, белсенділік, жан-жақтылықпен дараланған жүлдегерлер болашақтарынан үлкен үміт күттіруде.
Берекелі отбасының ұл-қыздары жеткен жетістіктерінің сырын ата-анасының үлгісімен байланыстырады. Қазалы қаласында тұраптын жарасты жұрттар түрлі шараларға атсалысып келеді. Бір ғана мысал, 2023 жылы «Өнегелі отбасы» аталатын өзге ұлт өкілдері жарыстарына қатысып, ауданнан бірінші, облыстан екінші орын иемденген.
Бірлік пен татулықтың дәнекері, еңбегімен еліне пайдасын тигізіп жүрген Акрамның жолы қарапайымдылық пен адалдықтың, достық пен еңбектің жарқын үлгісі.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 мамыр 2026 ж. 23 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031