Алпысбай Сауапұлының шығармашылығы насихатталды
Жақында Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің қазақ халық аспаптары бөлімінің «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат» атты апталығы аясында терме класының мұғалімі Сандуғаш Бисембаеваның ұйымдастыруымен «Айтыс. Айтыстың түрлері. Әлім Алпысбай молда» тақырыбында шығармашылық сабақ өтті.Бұл күні оқушылар қазақтың суырыпсалма өнерімен танысып, айтыстың мәні мен мазмұны терең түсіндірілді. Айтыстың тақырыптық аясы, тәрбиелік маңызы бейнеролик арқылы көрсетіліп, жан-жақты талдау жасалды. Қыз бен жігіт айтысының ерекшеліктері, сөз қағысу мәдениеті, астарлы ой мен тақырыптық мәні түсіндірілді. Сыр елінің Қазалы топырағында туған бұл мұраның бүгінгі күні қайта жаңғырып жатқаны баяндалды.
Сабақ барысында Әлім Алпысбайдың өмірі мен шығармашылығы кеңінен баяндалды. Мектептің терме класының ұстазы Тұрар Айдос пен шәкірт Қарақат Айғара айтыстан үзінді орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ардагер-ұстаз, өлкетанушы, зерттеуші Гүларша Хұсайынқызының облыстық жыраулар үйінде өткен «Әлім Алпысбай молда» кітабының тұсаукесерінен бейнеролик ұсынылды.
Шығармашылық сабаққа арнайы қонақтар шақырылуы шара мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Сыр өңіріне танымал күйші Нәби Жәлімбетовтің баласы Уызбек Жәлімбетов Алпысбаймен туыстық жақындығы барын, сыр сүлейі – Алпысбай Сауапұлының айтысы мен өзге де шығармалары әкесінің репертуарында болғанын, бала күнінде бұл шығармаларды ағайындар келіп тыңдайтынын айтып өтіп, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға ризашылығын білдірді.
Алпысбай Сауапұлының немересі Гүларша Хұсайынқызы құнды деректерімен бөлісті.
Алпысбай жыраудың бүгінге жеткен бұл айтысы Жаппарберді жырау шығармашылығында сақталып, кейін ұлы Тойбазар арқылы белгілі эпик жыршы, күйші, фольклоршы, этномузыкатанушы Берік Жүсіповке табысталғаны айтылды. Мұраны жинақтаушы тақырып туралы зерттеу жұмыстары жалғасып жатқандығын жеткізіп, ұжымға алғысын айтты.
Айтыс желісінде Алпысбайдың жеңісі «Сәулем-ай» әнінің шығу тарихы әсерлі баяндалды. Белгілі жыршы, фольклоршы, этномузыкатанушы Берік Жүсіпов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, жыршы Елмұра Жаңабергенова, маңғыстаулық жыршы Сәбит Ұлықпанның орындауындағы әннің нұсқалары тыңдатылды. Сабақ соңында мұғалімнің өз шәкірттері «Сәулем-ай» әнін толық орындап, кештің көркем қорытындысын жасады.
Шығармашылық сабақ – тек бір тұлғаның мұрасын таныту ғана емес, ұлттың рухани тамырын терең сезінуге бағытталған тағылымды шара болды. Ұлттық өнердің өткені мен бүгінін жалғаған осындай сабақтар жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын айқын көрсетеді.
Мирамкүл БАЙДӘУЛЕТОВА














