«Кәнсіл мәдениеті»: жария жазалау қуатты құрал ма?
Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаң «пәленшеге бойкот, түгеншеге бойкот» деген ұрандарды жиі көреміз. Аңдап баспай ісімен, сөзімен, әрекетімен қоғамға түрпідей тигендерді осылайша жария жазалау санаға сіңді. Тіпті «кәнсіл мәдениеті» деген термин пайда болды. Кәнсілдің негізгі мақсаты – белгілі бір тұлғаның әрекетіне немесе сөзіне қоғам тарапынан наразылық білдіріп, оны мәдени кеңістіктен «ығыстыру», яки бойкот жасау. Алайда оның тарихи дамуы, мән-мазмұны бір бағытта өрбіген жоқ. Ол әртүрлі форма мен мазмұнға ие болды. Елдегі «кәнсіл мәдениетінің» бағыты қандай? Саралап көрейік.«Кәнсіл мәдениетінің» (cancel culture) алғашқы белгілері өткен ғасырдың 90-жылдарындағы АҚШ-тың медиа кеңістігінде көріне бастады. Сол кезеңде поп-мәдениет өкілдерінің ерсі қылықтарына қатысты алғашқы реніштер мен қарсылық толқындары байқалды. Дегенмен ол уақытта «кәнсіл» термині әлі қалыптаспаған еді. Ал қоғамдық бойкоттар тек жергілікті сипатта болып, қазіргідей ауқымды күшке ие болмады. Технологиялық шектеулерге байланысты наразылық топтарының дауысы кең аудиторияға жете қоймаған-ды.
САНДЫҚ ӘЛЕМ – САНАҒА СЕРПІЛІС
Бұл терминді алғаш болып батыстық медиакеңістік қолдана бастады. Шамамен 2010-шы жылы шыққан деседі. Ресми термин ретінде қолданысқа 15 жылдай уақыт бұрын қосылғанымен, әрекет ретінде «кәнсіл» бұрыннан бар екенін атап өту керек. Сancel сөзі интернет-сленг пен поп-мәдениетке 1991 жылы жарық көрген New Jack City фильмінен кейін енген. Кейіннен әлеуметтік желілер, әсіресе Twitter қолданушылары осы сөзді көптеп қолданып, ақыры бөлек термин ретінде қосылған. 2010 жылдардан бастап әлеуметтік платформалардың (Twitter, Facebook, Instagram) қарқынды дамуы бұл құбылысты жаңа деңгейге шығарды. Ақпарат алмасу жылдамдығының артуы кез келген тұлғаның қателігін қалың бұқараның талқысына тез салуға мүмкіндік берді. Наразылық бір сәтте мыңдаған адамды біріктіретін күшке айналды. Цифрлық бойкоттар атақты адамдардың беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, олардың кәсіби мансабы мен табыс көздеріне де айтарлықтай соққы болды. Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, 2017 жылы басталған #MeToo науқаны «кәнсіл мәдениетінің» әлемдік деңгейде мойындалуына жол ашты. Сексуалдық қысым мен қиянатқа қатысты шындықтың ашылуы Голливудтың Харви Вайнштейн мен Кевин Спейси сияқты «алыптарының» құлауына әкелді. Бұл кезеңде «кәнсіл» құбылысы бұрын айтылмай келген әлеуметтік мәселелерді шешудің және ықпалды тұлғаларды жауапкершілікке тартудың тиімді құралы ретінде бағаланды.ҚҰБЫЛЫСТЫҢ «КӨЛЕҢКЕЛІ» ТҰСЫ
Уақыт өте келе бұл трендтің кері әсерлері байқала бастады. Әлеуметтік әділеттілік орнату ниетімен басталған процесс бірте-бірте өзгеше ойлайтындарды жазалау тәсіліне, жаңа форматтағы цензураға, дәлелсіз айыптаулар арқылы адам тағдырын тәлкекке салуға ұласты. Тіпті өткендегі кездейсоқ айтылған пікірлер үшін адамдарды қоғамнан шеттету әрекеттері жиіледі.2020 жылы «кәнсіл мәдениетіне» қатысты үлкен пікірталас туындады. «Harper’s Magazine» журналында жарияланған 150-ден астам зиялы қауым өкілдерінің (жазушылар, ғалымдар) ашық хаты бұл құбылыстың сөз бостандығына қауіп төндіретінін ескертті. Олардың пікірінше, мұндай агрессивті орта еркін ойлау мен демократиялық құндылықтарды тежейді. Бүгінде «кәнсіл мәдениеті» – бір жағынан этикалық нормаларды сақтаудың құралы болса, екінші жағынан қоғамды «өзін-өзі цензуралауға» мәжбүрлейтін қысым механизмі. Бұл феноменнің мәдениет пен саясатқа ықпалы әлі де зерттеуді қажет етеді.
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАТАЛ САЯСАТ
Шетелдегі Кәнсіл мәдениеті – бұл жай ғана әлеуметтік желідегі ұрыс-керіс емес, үлкен саяси және экономикалық күшке айналған құбылыс. Батыс елдерінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропада кәнсіл әлдеқайда жүйелі және қатал сипатқа ие. Ол жақтағы адамды «өшіру» үшін келесі үш үлкен тақырып негіз болады. Расизм және дискриминация. Кез келген нәсілдік кемсітушілік, тіпті 10-20 жыл бұрын айтылған сөз болса да мансапты бір күнде аяқтауы мүмкін. Сексуалдық сипаттағы тиісулер мен зорлық-зомбылыққа қатысты айыптар. ЛГБТ+ және гендерлік саясат. Трансфобия немесе гендерлік мәселелерге қатысты консервативті көзқарас білдіру. Жалпы Батыста кәнсіл процесі нақты алгоритм бойынша жүреді. Көне твиттер, видеолар немесе құпия куәгерлердің сөздері жарияланады. Әлеуметтік желідегі парақшаларды бұғаттайды. Банктер, төлем жүйелері (PayPal) және демеушілер қарым-қатынасты үзеді.Соңғы уақытта шетелде кәнсіл мәдениетіне қарсылық күшейіп келеді. Оны сынайтындардың аргументтері де жоқ емес. Адамдар өз пікірін ашық айтудан қорқатын «өзін-өзі цензуралау» деңгейіне жетті. Кәнсіл мәдениеті адамның өзгеруіне, қатесін түзеуіне мүмкіндік бермейді, тек «жоюды» көздейді. Көпшілік мәселенің мән-жайын түсінбестен, топтық инстинктпен біреуді жазғыруға көшеді.
ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ КӘНСІЛ
Шет елдерде кәнсіл көбіне нәсілшілдік немесе гендерлік теңсіздік төңірегінде болса, Қазақстанда ол өзгешелеу сипат алады. Мәселен, мемлекеттік тілді менсінбеу немесе қазақ тіліне қатысты оғаш пікір айту – кәнсілдің ең жылдам механизмі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйел құқығын таптаған немесе зорлықты ақтаған танымал тұлғалар тез арада халықтың қаһарына ілігеді. Дәстүрді мазақ ету немесе діни сезімдерге тиісу де үлкен бойкотқа алып келеді.Қазақстанда кәнсіл негізінен Instagram және TikTok, соңғы уақыттары Трэдс әлеуметтік желілерінде жүзеге асады. Қоғамдық резонанс тудырып, тұлғаның қателігі видеоға, фотоға немесе скриншотқа түсіп қалады. Белсенділер мен блогерлер бұл ақпаратты бөлісіп, хэштегтер іске қосылады. Жарнама берушілер келісімшартты үзеді, іс-шаралар тоқтатылады.
Соңғы жылдары елде бірнеше ірі кәнсіл жағдайлары болғаны көпшілікке мәлім. Оның ішінде әйеліне қол көтерген немесе сондай істі ақтаған блогерлердің жарнамалық келісімшарттарынан айырылуы жиіледі. Орыс тілді блогерлердің қазақ тілі туралы айтқан сөздері үшін аудиториясын жоғалтуы артты. Халықтың көңілінен шықпаған әншілердің той-бизнестен не үлкен сахнадан уақытша ысырылуы орын алды.
Актер Шәріп Серікке қатысты дау мен Magnum сауда желісіне қатысты бойкот алғашқы шулы дау болған оқиғалардың алғашқысы болып есте қалды. Актердің сүйіктісі Әлия Бутеева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Шәріп Серіктің тарапынан күш қолдану фактілерін жария етті. Видео және фото материалдарда актердің оны лифтіден күштеп шығаруға тырысқаны көрінді. Бұл ақпарат қоғамда кеңінен тарап, әлеуметтік желілерде қатты резонанс тудырды. Нәтижесінде, Sәlem Entertainment компаниясы Шәріп Серікпен барлық әріптестік байланысын үзді. Сондай-ақ, Topcars компаниясы да оның қатысуымен серіктестік келісімін тоқтатқанын мәлімдеді. «Патруль» фильмі секілді бірнеше жобада актердің эпизодтары алынып тасталды. Өз кезегінде Шәріп Серік кінәсін мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрап, кейін сот шешімімен бес тәулікке қамауға алынды. Бұл оқиға елде «кәнсіл мәдениетінің» қаншалықты күш алып келе жатқанын анық көрсетті.
Ал Magnum желісіне қатысты жағдай тұрмыстық деңгейден басталғанмен, кейін мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты ауқымды қоғамдық наразылыққа ұласты. Сауда желісінде жұмыс істейтін курьердің қазақ тілінде қызмет көрсету талабынан кейін оның жұмыстан шығарылуы қоғамның ашу-ызасын туғызды. Нәтижесінде, әлеуметтік желілерде кең көлемді бойкот жарияланып, көптеген тұтынушы Magnum-ға барудан бас тартты. Компания бұл оқиғаға қатысты түсініктемелер беруге тырысқанымен, сауда орталықтарына келушілердің саны күрт азайғаны байқалды.
Ал соңғы уақытта Трэдс желісінде қызу талқыға түсіп жүргендердің бірі – Нұрсұлтан Жақсыген. Жайдарманшы, актер әйелімен ажырасқаннан кейін экс-жұбайын балағаттап, түрлі өсек-аяң таратқан. Бұл туралы Фариза сұхбаттарында да, желідегі парақшасында да жазды. Оған қоса, Нұрсұлтанның өзі арагідік әйелін сөзбен түйреп, stories-ке салып отырады. Шоумен әйеліне ауыр сөздер айтып, өзінен туған балаларына көмектеспейтінен бөлек, бұрынғы қайынжұртына да жиі тіл тигізетінін жеткізді. Осыдан кейін қоғам тарапынан актерге кәнсіл жасалды. Тіпті жаңадан шыққан «Көз тимесін» фильмінің тұсаукесеріне шақырды деп stories-ке салған соң, жұрт фильм ұжымына да наразылығын білдірді.
Ал белгілі актриса, подкастер Айнұр Ілиясова Threads қолданушыларын тобыр деп атағаны үшін сынға қалды. «Тобырдың билегені – өте қауіпті иллюзия. Әділет үшін деп басталып, соңы зорлыққа келіп тіреледі» деп жазған. Instagram желісінде жарияланған осы жазбадан кейін Threads қолданушылары Ілиясованы халықты тобырға теңегені үшін сынады.
Қазақстандағы ірі кофехана желілерінің бірі Zebra Coffee де бірнеше ай бұрын кәнсілге ұшарады. Атап айтқанда, желіде кофехана қызметкерлері күні бойы аяқтан тік тұрып жұмыс істеуге мәжбүр деген әңгіме тарады. Сауда орталықтарындағы филиалдардан түсірілген видеода қызметкерлерге арналған орындық жоқ екені көрініп тұр. Осыдан соң жұрт кофеханаға наразылық білдіріп, қызметкерлерге жайлы жағдай жасауды талап етті. Түрікменстанда туған, ұлты ұйғыр ресейлік әнші Акмаль Ходжаниязовты да қазақстандықтар қатты кәнсілдеді. Әнші Қазақстанға Республика күні қарсаңында ән кешін өткізуге келген. Бірнеше қалада концерт өткізуді жоспарлап келген ол Петропавлдағы кеште бейәдеп қылық танытты. Ән кешіне келген тыңдарманның бірі Акмальға көкшіл сары түсті пакетке салып, сыйлық ұсынады. Сахнада тұрған әнші «Мына пакетті өртей салыңыз. Түстері ұнамайды маған» деді. Қазақстанның туында бар көк және сары түстерге құрмет көрсетпегені халықтың ашуын тудырды. Көбі мұны ұлттық символдарға құрметсіздікке балады. Осы оқиғадан кейін әншінің басқа қалаларда өтуге тиіс болған концерттері өтпей қалды. Концерт ұйымдастырушысы Ольга Горбикова Акмальдың Павлодар, Өскеменде өтеді деп жоспарланған концерттері өтпейтінін, билет алған ақша барлығына түгел қайтарылатынын жазды.
Экс жайдарманшы, актер Айбек Байназаров арағы жиырма жыл салып шығармашылыққа қайта оралды. Бірақ Майкл Джексон болып танылған актер абайсызда айтылған сөзі үшін сынның астында қалды. Мәселен, «Шәй әңгіме» подкасына қонақ болып барған ол әңгіме барысында бірнеше жыл бұрын пойызда, ішіп алып бір қызға тиіспек болғанын айтып береді. «Өзінің бойдақтығын, жастығы мен мастығын себеп қылып, қызға тиіскенін ақтамасын» деп кәнсілдеді желі қолданушылары. Подкастың сол күнгі шығарылымы салынғанына бірнеше сағат өткен соң арнадан өшірілді. Жүргізуші Дархан Оспанов монтаждағанда осы сәтті қиып тастау туралы ойламағанын айтып, кешірім сұрады. Тіпті Айбекке жасалған кәнсілді Дархан да бөлісті. Себебі бұған дейін оны жұрт «грин флаг» санап жүрген. Ал мына әңгімені тыңдап отырғанына қоймай, қарқылдап күлгені оқырманға ұнамаған. Осыдан соң подкаст авторы да, Айбектің өзі де халық алдында кешірім сұрап, өкінетінін жеткізді.
Сонымен қатар қазір әлеуметтік желілерде белгілі бір кәсіпкерлік нысанға көңілі толмағандар уәжін ашық айтуды алға тартқан. Қоғам да мұндай уәжді қолдап, кәсіпкердің рейтингін түсіруге атсалысады. Көпке танымал 2ГИС-тегі мекеме жайында теріс пікір жазып, 1 жұлдыз басып, деңгейін мүлдем төмендетіп тастайды.
ТҮЙІН:
Біздің елде кәнсіл көбіне моральдық айыптаумен шектелсе, Батыста ол адамды қаржылық және заңдық тұрғыдан тығырыққа тірейтін қуатты құрал. Қазақстанда кәнсіл мәдениеті әлі қалыптасу үстінде. Ол – азаматтық қоғамның оянуының белгісі, бірақ ол «көпшілік сотынан» нақты «құқықтық жауапкершілікке» ұласуы тиіс. Кәнсіл тек жек көру құралы емес, қоғамның этикалық нормаларын бекіту құралына айналғаны маңызды. Тек дәлелсіз, айласыз, қоғамның әділ үкімімен ғана орын алса игі.
Айнұр ӘЛИ










