8 мыңнан астам қазақстандық Отбасы банк қолдауымен жалдамалы баспана алды
2025 жылдың қыркүйегінен бері жергілікті атқарушы органдар Отбасы банкке 12 760 жалдамалы пәтер тапсырған.
Фото pixabay.com«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде 8 031 кезекте тұрған азаматтың қоныс тойын тойлауына көмектесті. Олардың көпшілігі пәтер кезегін 20 жылдан астам күткен. Енді олар болашақта жекешелендіруге болатын жалдамалы баспанада тұрып жатыр.
2025 жылдың қыркүйегінен бері жергілікті атқарушы органдар Отбасы банкке 12 760 жалдамалы пәтер тапсырды. Оның басым бөлігі өз иесін тауып үлгерді. Қазір өңірлерде тағы 4 729 пәтерді бөлу жұмыстары жүріп жатыр.
Жалдамалы тұрғын үй – кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешудің ең қолжетімді жолы. Себебі бұл – өз бетінше үй немесе пәтер сатып алуға мүмкіндігі шектеулі азаматтар санаты. Олардың табысы төмен, бастапқы жарна жинауға да, ипотека төлеуге де жағдайы келе бермейді. Ал жалдамалы тұрғын үй оларға дәл қазір қауіпсіз әрі жайлы ортаға көшіп баруға мүмкіндік береді. Бұдан былай олар тұрақты түрде пәтер ауыстырып, балаларын басқа мектепке немесе балабақшаға көшіруге мәжбүр болмайды. Әсіресе мұндай қолдау көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жетімдер, жесір қалған әйелдер мен ер азаматтар үшін аса маңызды. Мемлекеттің көмегінсіз олардың баспана мәселесін шешуі өте қиын, – деді Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Банк қолдауымен жалдамалы баспана алғандар:
- 1 651 көпбалалы отбасы;
- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар 1 304 қазақстандық;
- ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған 1 271 отбасы;
- «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 1 178 азамат. Бұл санат үшін заң жүзінде бөлінетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы қарастырылған. Мұндай шара олардың қоныс тойын жақындата түсті;
- 456 жесір қалған әйел мен ер азамат. Бұл – жаңа санат. Бұған дейін жесірлер «толық емес отбасы» санатына кіретін. Ол санаттағы кезек тым көп болғандықтан, баспана күту мерзімі ұзаққа созылатын. Енді қолдау нақты әрі уақытылы көрсетіле бастады.
Жалпы алғанда, кезекте тұрған азаматтар үшін Отбасы банкке 24 177 пәтер тапсырылған.
Кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үйлерді жергілікті әкімдіктер салады. Кейін оны Отбасы банк бөледі. Тұрғын үйді бөлудегі ең басты талап – кезекке қойылған күн. Енді азаматтарға кезектегі нөмірін бақылап отырудың қажеті жоқ. Қазір тек кезекке тұрған жылы мен санаттың басымдығы ескеріледі.
Отбасы банк жалдамалы тұрғын үйден бөлек, кредиттік баспаналарды да бөледі. Оларды сатып алу үшін 2% және 5% мөлшерлемемен қолжетімді несие беріледі*. Осы мақсатта әкімдіктер банкке 11 417 кредиттік пәтер тапсырған. Оның 5 016-сы сатылып, иелері қоныстанып жатыр.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 982 705 қазақстандық тұр. Кезекте тұрғандардың шамамен 30%-ы немесе 310 878 адам баспана алуда басым құқыққа ие.
Тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтардың тізімі, сондай-ақ мемлекет пен Отбасы банк қолдауымен қоныс тойын тойлаған азаматтар туралы мәліметтер банктің ресми сайтында жарияланған. Бұл тұрғын үйді бөлу жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін жасалған. Кез келген адам мемлекеттік қолдаудың кімдерге беріліп жатқанын, кезектің қалай жылжып жатқанын және пәтерлердің қалай бөлініп жатқанын көре алады.











