Қасірете көмілген көз жасы: ақиқатқа жеткізген ащы үн
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні алаш жұрты үшін қатардағы дата емес, ұлттың генофондына орасан зор нұқсан келген, зиялысынан айырылып, діңгегі шайқалған қасіретті кезеңге құрмет белігісі. 31 мамырдың маңызы неде? Атаулы күн болып айқындалған отыз жылға жуық уақыт аралығында ащы ақиқат ақтаңдақтарды ақтай алды ма?
«Кіші Қазанның» қанды ізі
ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ даласы жаппай қудалау мен қолдан жасалған нәубетті кезеңді бастан кешірді. Қос зұлмат – жасанды ашаршылық пен тоталитарлық қуғын-сүргін қазақтың ұлт ретінде жойылуына орасан зор соққы болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің архивінің қуғын-сүргін құжаттары мен тарихи материалдары Кеңестік саяси қуғын-сүргін – Кеңес Одағында тоталитарлық жүйенің қалыптасуымен байланысты туған қасіретті кезең екендігін айғақтайды.
Оның басталуы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі большевиктік биліктің орнауымен тікелей байланысты. Билікке келген большевиктер қоғамды толық өз бақылауына алуды көздейді. Кеңес үкіметіне қарсы немесе күмән тудырған кез келген адам «халық жауы», «контрреволюционер» деп танылып, елде жаппай қудалау саясаты басталады.
1920 жылдардың соңында Иосиф Сталин тізгінді қолына алғаннан кейін, ұлт зиялыларын жою, байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, еркін пікір айтушыларды қудалау, халықты қорқыныш арқылы бағындыру бағытындағы қасіретті қадамдар одан әрі күшейе түседі.
Қазақ даласына бұл саясат аса ауыр зардап әкеледі. Алдымен Алаш қозғалысының қайраткерлері қуғындалады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді көптеген тұлғалар «ұлтшыл» деген жаламен тұтқындалады.
1925 жылы билікке келген Филипп Голощекиннің «Кіші Қазан» саясаты ұлт зиялыларын қудалаумен басталады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген солақай ұран 40 миллионнан астам мал басының қырылуы, 1,5 миллионға жуық адамның ашаршылықтан көз жұмуына әкеледі. Бұл – жай ғана статистика емес, тұтас бір ұлттың болашағына бағытталған соққы еді. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына араға жарты ғасыр салып барып әзер жеткені – зұлматтың қаншалықты терең болғанын айғақтайды.
1928 жылдан бастап байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, халық күштеп колхоздарға біріктіріледі. Салдарынан 1931–1933 жылдары алапат ашаршылық орын алып, миллиондаған адам қаза тауып, көпшілігі шетелге босып кетеді.
Саяси полигонға айналған Қазақстан
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тарихи зерттеулері 1921-1954 жылдар аралығында Кеңес Одағы бойынша 3 миллион 777 мың адам саяси баптармен сотталғанын, Қазақстанның өзінде 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы ату жазасына кесілгенін жазған.
Тарихта «Үлкен террор» атымен қалған КСРО көлемі, соның ішінде Қазақстанда Кеңес үкіметі мен И.Сталиннің жеке билігіне қарсы шығуы ықтимал деген желеумен жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін мен жазалау науқаны 1937–1938 жылдарда ұлғаяды.
Аталмыш кезеңде зиялы қауым, шаруалар мен партия қызметкерлері нақақ айыптаулармен атылып, лагерьлерге айдалады.
Қоғамда үрей тудыру үшін «Халық жауы» деп зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар жаппай ұсталады. Әсіресе Алаш қозғалысының қайраткерлеріне «буржуазиялық ұлтшыл», «тыңшы» деген жалған жалалар жабылады.
«e-history.kz» тарихы порталы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 1937 жылғы 30 шілдедегі №00486 бұйрығы бойынша «отан сатқындарының» отбасы мүшелері де тұтқындалып, қамалғаны туралы құжаттық деректерді ұсынған. Қазақстан элитасының басым бөлігін жалмаған нәубет олардың отбасы мен жақындарына да сызын салады.
Саяси қуғын-сүргін қазақ халқының рухани, демографиялық және мәдени дамуына ауыр соққы болып, ұлттың білімді, көзі ашық азаматтарының көп бөлігі жойылады. Бұл кезең – тарихтағы ең қасіретті беттердің бірі ретінде есте қалды. Қазақстан сол кездегі тоталитарлық жүйенің нағыз «түрмесіне» баланады.
Республика аумағында ГУЛАГ-тың 11 мекемесі жұмыс істейді. Ақмоладағы «Отан сатқындары» әйелдерінің лагері – АЛЖИР, Қарағанды еңбекпен түзету лагері – КАРЛАГ, Степной, Песчаный, Жезқазған, Кингир, Өскемен лагерлерінде мыңдаған адамның тағдыры «тозаққа» айналады. Соның ішінде әйгілі Ақмола мен Қарағандыдағы еңбекпен түзету лагерлері адам айтқысыз азаптың мекені болады.
АЛЖИР – Кеңес Одағының ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі әйелдер лагерлерінің бірі. Мекеме 1938–1953 жылдар аралығында жұмыс істеп, сталиндік репрессияның ең қаралы символдарының біріне айналады.
Лагерьдің негізі 1937 жылғы 15 тамыздағы НКВД-ның №00486 бұйрығына сәйкес қаланып, «Отан сатқындарының отбасы мүшелерін» жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Ер адамдар «халық жауы» деп айыпталып атылса немесе басқа лагерлерге жіберілсе, олардың әйелдері, қыздары, аналары мен әпкелері де жазаға тартылды. Оларға 5–8 жыл лагерьде отыру немесе жер аудару жазасы берілді.
Алғашқы тұтқындар 1938 жылдың 6 қаңтарында Бутырка түрмесінен келген – 1600 әйел. Кейбірінің 1-3 жасар балалары бар.
Лагерьде 18 000–20 000-нан астам әйел тұтқындалған. Олардың 8000-ға жуығы толық мерзімін осында өткерген. 4500-ін «Отан сатқындарының отбасы мүшелері» деп танылған қыз-келіншектер құраған. Мұнда Одақтың түкпір-түкпірінен әкелген сотталушылар партия қайраткерлері, маршалдар, жазушылар, ғалымдар, әншілердің әйелдері мен қыздары болды. Қатарына 87-ге жуық қазақ әйелі қамалады. Олардың арасында Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал, Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмеш және басқа Алаш қайраткерлерінің отбасы мүшелері бар.
«АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені – лагерь тарихы, архив деректері, фотоматериалдарға көз жүгіртсек, жағдайдың қаншалықты ауыр болғанын салмақтауға болады. Аумағы 30 000 гектарға жететін лагерде әйелдер ауыр егін егу, мал бағу, тігін фабрикасында жұмыс істеп, құрылыс заттарын дайындайды.
Қысқы аязда жылыту жоқ, тамақ аз, аядай барақтарда 400 адамға дейін жатады.
Балалары бар әйелдердің сәбилері 2–3 жасқа толған соң алынып, балалар үйлеріне жіберіледі. Лагерьде 1507 бала туылған.
1943 жылы 600-ге жуық әйел аштық пен аурудан қайтыс болады.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін лагерь жабылады. Тұтқындардың көбі 1956–1957 жылдардағы ақтау науқанына дейін бұрынғы өмірлеріне орала алмады.
2007 жылы лагерь орнында «АЛЖИР» мемориалдық-музей кешені бой көтереді. Кешенде «Қайғы аркасы», «Үмітсіздік пен дәрменсіздік», «Күрес пен үміт» монументтері, тоталитаризм құрбандарын еске алу орны – 7000-нан астам әйелдің есімі жазылған қабырға бар.
«АЛЖИР – жай ғана лагерь емес, солақай жүйенің отбасылық жауапкершілік принципінің ең айқын көрінісі. Әйелдердің жеке қылмыс үшін емес, «ерлерінің кінәсі» үшін жазалануы адам құқығының, отбасының және адамдық қасиеттің толық тапталуы», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Мұратбек Кенішұлы.
Қуғын-сүргін жылдарында Қазақстан КСРО-ның «құқық бұзушылардың жер аударылған саяси полигоны» аталған. Бұл кезде Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылған. Қазақстан Республикасы Президенті архивінің құжаттары олардың саны 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ өкілдері, Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар екенін нақтылайды.
Өздері аштықтан қырылып жатса да, қазақ халқы еркінен тыс елге қоныстандырылып, тағдырдың тәлкегіне түскен келушілерді бауырына басып, барымен бөлісіп, меймандос көңіл танытады.
Сыр өңіріндегі салқын
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы солақай саясаттың салқыны Сыр топырағын да айналып өтпейді. Алаш мұраты жолында арыстанша арпалысқан Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Сүлеймен Есқараев сынды ұлт перзенттері тоталитарлық жүйенің «қармағына» ілігеді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі» атты конференцияда тоталитарлық жүйенің зардабынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам ату жазасына кесілгенін айтқан.
Бұл – тек ресми тіркелген, құжаты сақталған ақпарат.
Деректер Қызылорда облысынан 81 бай, 10 920 ірі қара, 47 299 ұсақ мал тәркіленгенін ұсынады. Мұрағат қорындағы облыстық прокуратураның 1937-1938 жылдардағы құпиясыздандырылған құжаттардағы мағлұматтары НКВД үштік сотымен 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен 314 адам, оның 110-ы партия қатарынан сотталып жазаланғанын дәлелдеп отыр.
Тарих ғылымдарының кандидаттары Айтжан Оразбақов пен Сағат Тайманның зерттеу жұмыстары 1930-1933 жылдардағы ашаршылық Сырдария өңірінің демографиялық картасын түбегейлі өзгерткенін көрсеткен.
Көшпелі мал шаруашылығының күйреуі мен күштеп ұжымдастыру науқаны халықты тығырыққа тірейді. 1992 жылғы Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша, сол жылдары Қазақстан 2 миллион 300 мыңнан астам азаматынан айырылады.
Сыр өңірінде бұл нәубеттің салдары тіпті ауыр болған. Аты аталған ғалымдардың айтуынша, 1939 жылғы санақ нәтижелері жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі күрт төмендегенін көрсетеді. Бұл тек өлім-жітіммен ғана емес, сонымен қатар халықтың жан сауғалап Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей сынды өзге елдерге үдере көшуімен де байланысты. Сондай-ақ, өңірге депортацияланған өзге ұлт өкілдерінің келуі де демографиялық теңгерімге әсер еткен.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 1920-1950 жылдар аралығында Қазалы ауданнан 327 адам қуғын-сүргінге ұшыраған.
Әсіресе, 1928 жылғы «Байлар шаруашылығын тәркілеу туралы» қаулының орындалуы халықтың қабырғасын қайыстырады. Қазалы ауданы бойынша 8 ірі бай шаруашылығы тәркіленіп, олардың иелері туған жерінен аласталған.
Қазалы ауданы бойынша 1920 мен 1950 жылдары аралығындағы жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізімін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Департаментінің мәліметі жариялаған.
Қазақ ССР-і МҚК облыстық басқармасы мен облыстық прокуратурасының жанынан құрылған комиссиясы ауданнан жазықсыз қуғынға ұшырап, қайта ақталғандар саны 26 деген дәлелді дерекпен бөліскен.
Қанды дүрмектің басы сонау 1928 жылы басталғанын ескерсек, сол жылғы 27 тамызда «Байлар шаруашылығын тәркілеу туралы» үкімет қаулысы дайындалып, «Кіші Октябрь революциясын» жүргізудің алғашқы қадамы жасалды. Аталған науқанның жедел жүзеге асуы үкімет тарапынан қатаң қадағаланған. Ол үшін ауыл-ауылға мыңдаған өкілдер жіберілген. Тәркілеу комиссиясының құрамында 4700 адам жұмыс істеген.
Жерлестеріміздің арасында кезінде білім бөлімін басқарған Нұржан Баубеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы болған Қазмұхамед Күлетов сияқты зиялы қауымдар болып, кейін олардың барлығы ақталған.
Бұл белгілі мәліметтерден бөлек архив құжаттарында кейбір себептермен сақталған немесе іс-қағаздарының арасында қалып қойып, жоғарыда көрсетілген тізімге енбеген адамдардың болуы бек мүмкін.
Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-10-бабының кеңеске қарсы үгіт-насихат бабы бойынша айыпталғандардың ішінде қарапайым етікшілер, күзетшілер мен молдалардың болуы – сол кездегі жүйенің соқыр жазалау машинасының айқын дәлелі.
Тәуелсіздіктің жауабы
Тәуелсіздік жылдары тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында маңызды жұмыстар атқарылды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Ал 1997 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, Мемлекеттік комиссия құрылып, жаңа архив деректері зерттеліп, 2022 жылы комиссия жұмысының нәтижесінде 31 томдық құжаттар жинағы жарық көрді.
Бұл бастама тек есімдерді тізімдеу емес, ұлттық жадыны жаңғырту. ХХ ғасырдың бірінші жартысында қиратылған жүздеген мешіт-медреселердің, ат қораға айналған қасиетті орындардың тарихы да бүгінде цифрландырылып, халыққа қайтарылуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Біз аса қатал саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болған арыстарымызды еске алып, олардың рухтарына тағзым ете отырып, бүгінгі алаш жұртының басындағы тыныштық пен бірлікті ең басты құндылық деп білеміз».
Қасіретке көмілген көз жасы, қасіретті тарихты ұмытпау – келешек алдындағы жауапкершілік һәм парыз.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Коллаж автордікі













