Тазалыққа тастай талап қажет
Адам баласы дүниеге күнәдан пәк, таза болмыспен келеді. Анасынанан аппақ ақ уыз еміп өседі. Бұл шақта оның жан дүниесі де мөлдір су бетіне түскен ай сәулесіндей тап-таза болады. Ал дүниетанымы былғанбаған ақ парақтай тұп-тұнық күйінде тұрады. Шіркін-ай, балалық кездегі осы бір кіршіксіз мінезді өмір бойы сақтар ма еді дейсің еріксіз. Мұны неге айтты демеңіз. Әңгіме ауанын сол тазалыққа әкеп тіремекпіз.Қалай десек те тазалықтың адам өмірінде алар орны ерекше ғой. Күнделікті асымыздың таза болуы, бойымыздың тазалығы секілді тұрғылықты жеріміздің де тазалығын сақтау парыз.
Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ел көлемінде кең қолдау тауып келеді. Бүгінде бұл игі бастама жалпыхалықтық эко-челленджге айналып, табиғатқа жанашырлық танытқан көпшіліктің ортақ ісіне ұласуда. Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Аудан көлемінде де санитарлық-тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Апта басында ұйымдастырылған тазалық шараларына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары мен аудан тұрғындары белсене қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстары барысында аудан орталығындағы мәдени-демалыс кешені, Рәміздер алаңы, Жанқожа батыр кесенесі, теміржол вокзалы аумағы және О. Жанәділов, В. Счастнова, Р. Бағланова, Желтоқсан көшелерінің бойы толықтай ретке келтірілді. Аяқсу арықтары тазартылып, бей-берекет өскен шөптер шабылды. Сонымен қатар электр бағаналары мен қоршаулар әктеліп, ағаштар күтімнен өткізілді. Жол жиектеріндегі бордюрлер сырланып, қоғамдық орындар мен көше бойлары қоқыстан тазартылды. Абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, аудан келбетіне жаңа серпін берілді.
Мұндай тазалық шаралары ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде де жалғасын табуда. Елді мекендердің көшелері, әлеуметтік нысандардың маңы мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, тұрғындар табиғатты аялауға белсенді атсалысуда.
Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Табиғатты таза ұстау арқылы біз болашақ ұрпаққа көркем де көрікті мекен қалдырамыз. Себебі тазалық бар жерде – тәртіп бар, ал тәртіп бар жерде – береке мен бірлік салтанат құрады.
А. ЖҮСІПОВА














