Онлайн кеңістіктегі этика: жаңа заман талабы
Бүгінгі әлемді бейнелейтін ең басты құбылыстардың бірі – әлеуметтік желілердің қоғам өміріне енуі. Олар ақпарат алмасудың, көзқарас білдірудің, қарым-қатынастың, жаңа идеялар мен түрлі мәдениетпен танысудың қуатты құралына айналды. Дегенмен осы мүмкіндіктермен бірге әлеуметтік желілер сөз бостандығы мен жауапкершілік арасындағы өзекті мәселелерді ашық қойды. Ендеше осы екі ұғымның мәнін, іске асу шынайылығын, сонымен қатар әлеуметтік желілер мәдениеті контексіндегі қиындықтар мен оларды шешу жолдарын талқылаймыз.Сөз бостандығы деген не?
Сөз бостандығы – адам өзінің ой-пікірін қандай да бір шектеусіз білдіру құқығы. Құқық демократиялық қоғамның маңызды элементі болып табылады және әрбір адамға идеяларын, сезімдерін, сенімдерін ашық айтуға мүмкіндік береді. Конституциялар мен халықаралық адам құқықтары декларацияларында сөз бостандығы – негізгі құқықтардың бірі ретінде қарастырылады.
Әлеуметтік желілер осы құқықты іске асыруға жаңа алаң ұсынды. Енді адам өз ойын жергілікті қауымдастықпен ғана бөліспей, әлем бойынша миллиондаған адамға жеткізе алады. Бұл құптарлық мүмкіндік. Ал жауапкершілік деген не?
Алайда сөз бостандығы шектеусіз болмайды. Ол жауапкершілікпен бірге жүреді. Жауапкершілік – өз сөзіңнің салдары үшін жауап беру қабілеті. Яғни адам өзінің пікірін білдірген кезде тек өзіне ғана емес, өзгелерге әсерін де ойлауы тиіс.
Әлеуметтік желілерде жауапкершілік бірнеше элементті қамтиды. Шынайылық – ақпаратты тексермей таратпау, жалған мәліметтерден сақтану. Құрмет – өзгелердің сезімін, құқықтарын сыйлау. Салуаттылық – әдепті, мәдениетті коммуникация. Егер сөз бостандығын «құқық» деп түсінсек, жауапкершілікті «қоғамдық міндет» ретінде қарастыруға болады.
Әлеуметтік желідегі мәдениеттің маңызы
Әлеуметтік желілер мекенжайлар немесе жазбалардан құралмайды, ол мәдени кеңістік. Мұнда адамдар сөйлеседі, пікірсайыс жүргізеді, шығармашылық жұмыстарын жүктейді, ұйымдар жарнама жасайды, эмоциялар мен сезімдер алмасады.
Мәдениеттің негізгі элементтеріне: диалог мәдениеті – пікір айырмашылығын сыйлап, әдептілікпен сөйлесу мен сенімділік – факт-чек (ақпаратты тексеру) мәдениетін қалыптастыру кіреді. Бұған қоса сезімталдық – басқалардың тәжірибесін, жағдайларын түсіну мен әлеуметтік желідегі мәдениет – жеке тұлға мен қоғам арасындағы байланыс мектебі енеді.
Әлеуметтік желілерде сөз бостандығын шектемей, бір жағынан оған жауапкершілік енгізу күрделі мәселе болып келеді. Кейбір жағдайда жалған ақпарат тарату жәйттері кездеседі. Аз ғана мақала, видеоролик немесе мем қоғамда жалған сенім туғызуы мүмкін. Бұл дегеніміз – ақпараттың шынайылығы мен жауапкершіліктің кешенді мәселесі.
Кейде пікір айтыс мәдениеті қатаң, орынсыз тілмен өтеді. Бұл өзге адамдарға зиян келтіруі мүмкін. Бір адам өзінің ойын ашық айтуға құқылы, бірақ сол пікір басқаларға зиян тигізуі ықтимал болса, оны қалай реттеу қажет? Бұл жауапкершілік пен шығармашылық бостандық арасындағы нәзік теңдік.
Қиындықтар және оларды шешу жолдары
Фейк пен дезинформацияның күрделілігі сонда жалған ақпарат тез таралады. Мұндағы шешім әлеуметтік желілер платформасы мен азаматтық қоғам ұйымдары факт-чек жүйелерін дамытады, қолданушылар ақпаратты тексеру дағдыларын меңгереді.
Тіл мәдениетінің төмендеуінен әдепсіз қарым-қатынас, ұрыс-жанжал туындайды. Бұдан шығар жол – онлайн этикетті насихаттау, позитивті пікірсайыс мәдениетін қалыптастыру. Жеке жауапкершілікке де мән беру маңызды. Себебі кейбір адам өз сөзінің салдарын ойламайды. Негізгі шешімі жүктелген ақпараттың салдарын бағалау, «ойлан – кейін жарияла» қағидатын ұстану. Сонымен бірге жеке тәжірибе мен эмоцияны объективті ақпараттан бөліп қарау.
Пайдалы дағдылар: әлеуметтік желі мәдениетін қалыптастыру
Төмендегі дағдылар әлеуметтік желілерді мәдениетті әрі жауапты пайдалануға көмектеседі. Ең әуелі пікір білдірмес бұрын ақпаратты тексеру қажет. Өзіңнің эмоцияңды бақылап, ашу, өшпенділік кезінде жазба жарияламауға тырысқан жөн. Әртүрлі пікірді сыйлауды үйрене білу керек. Конструктивті диалогке барған абзал. Жеке есепті қорғау және қоғамдық алаңда қауіпсіздік ережелерін сақтаған дұрыс.
Қорытындылай келе әлеуметтік желілер қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Олар сөз бостандығын ұсынып, адамдарды біріктіреді. Жаңа мүмкіндіктер ашады. Дегенмен оны дұрыс пайдалану үшін жауапкершілік пен мәдениет маңызды. Сөз бостандығы құндылық, ал жауапкершілік сол құндылықты қоғамға зиянсыз жеткізудің кепілі. Осылайша әлеуметтік желі ақпарат алаңы ғана емес, мәдени кеңістікке, сана мен жүректің айнасына айнала алады.
А.БӨРІ














