Ғасыр куәгері немесе шопырдан – директорлыққа
Қазалы қаласының тұрғыны, тоқсан жасқа толған қария Мәлік Тілеповтің өмір жолы – бір дәуірдің тарихы іспетті. Қиын-қыстау уақытта, 1936 жылы дүниеге келген ол соғыстан кейінгі кезеңнің ауыртпалығын да, еңбек жолындағы толағай табыстарды да өз көзімен көріп, бастан кешірді.Тылда аянбай еңбек етіп, халқымыздың бейбіт өмірі мен келешек ұрпаққа қол жеткізу жолында елеулі үлес қосқан Мәлік ата өткенге көз жүгіртіп, естеліктерімен бөлісті. 1945 жылы бірінші сыныпқа барып, 1955 жылы он бірінші сыныпты бітіріп, кейіннен Қазалыдағы механизация мектебінде оқып, техникалық мамандық алған. Алғашқы еңбек жолын РТС-та бастап, кейінірек «Шағала» лагерінде трактор айдап, автобазада қарапайым жүргізуші ретінде қызмет етті. Оның еңбек жолы жай ғана көлік жүргізумен шектелмеді. 1960 жылдары Өзбекстанның Бұхара қаласында «Газли» қаласын салуға тікелей атсалысып, құрылыс материалдарын тасымалдауға қатысты. Сол кезеңдегі «Тың және тыңайған жерлерді игеру» науқанына да үлесін қосып, қиындыққа мойымай, өз ісіне берік болды. Мәлік Тілепов еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында директордың орынбасары, пайдалану бөлімінің бастығы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Ол еңбек ұжымындағы тәртіптің маңыздылығын әрдайым алға тартып, жолдағы қауіпсіздік пен жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлді.
– Менің әкем – Тілепов Әмірқожа, 1907 жылы туған кісі еді. Ол ертеректе соғысқа барып, майданнан қолынан жарақат алып оралған ардагер болды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде әкем сауда саласында, дүкенші болып еңбек етті. Менің балалық шағым өткен ортаны еске алсам, қазіргі Қазалының бейнесі көз алдыма келеді. Ол кезде қаланың орталығы мүлде басқаша еді. Қазіргі автостанция мен балабақша тұрған жердің орнында бұрын үлкен ашық алаң болған. Айналасы толы дүкендер, ортасында екі қатар қазарма бар, тамақ-азық, отын мен шөп сататын орындар – бәрі осы алаңның төңірегінде шоғырланған. Әкем кейін сол жердегі нан пісіретін пекарняда, артынан дүкенде жұмыс істеді. Сол жылдардағы қиындықты, нанға кезекке тұрған халықтың жағдайын әлі күнге дейін ұмытпаймын. Аудан орталығы Әйтеке би кентіне көшірілгеннен кейін, біздің маңайымыздағы тіршілік те сирей бастады. Дегенмен, әкемнің маңдай терімен тапқан адал еңбегі, сол заманның қиындығына қарамастан отбасын асыраған қайсарлығы – мен үшін өмірлік сабақ. Мен әкемнің жолын қуып, еңбекке ерте араластым, адамдарға адал қызмет етуді үйрендім, – дейді қария.
Бүгінде 90 жасты алқымдаған Мәлік ата – өз заманының куәгері. Ол естеліктерінде өткен өміріндегі қиындықтарды да, жетістіктерді де шынайы баяндап, жас ұрпаққа еңбек адамының қадір-қасиетін ұғындырады. Оның өмір жолы – қарапайымдылықтан биік шыңға жеткен, елі мен жерінің дамуына үлес қосқан азаматтың өнегелі жолы. Өмірлік қағидалары нық жанның өмірдегі ұстанымы да әлі күнге дейін қатты. Мәлік ата үшін «жұмысқа беріліп істеу» – өмірлік кредо. Ол қарапайым жүргізушіліктен бастап, бөлім бастығына дейінгі қызметтерде әрқашан өз ісіне жауапкершілікпен қараған. Оның пікірінше, басшы болсаң да, қарапайым жұмысшы болсаң да, өз міндетіңді мүлтіксіз орындау маңызды.
Мәлік ата автобазадағы жұмыс барысындағы тәртіптің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өзі басқарған жылдары жүргізушілердің тәртібін қатаң бақылап, маскүнемдікке қарсы күрескенін айтады. Оның пайымдауынша, жауапты қызметтегі адам өзінің де, өзгелердің де қауіпсіздігі үшін талапшыл болуы керек. Ол адамдарды «жақсы адам» немесе «жаман адам» деп бөлуде еңбекке қатынасына, адамгершілік қасиеттеріне сүйенеді. Ол өзінің қиын шағында көмек қолын созған, өзіне сенім білдірген басшыларды үлкен құрметпен еске алады. Мәлік атаның естеліктеріндегі ең маңызды түйін – "Диплом керек болды" деген ой. Өз тәжірибесі арқылы ол техникалық білім мен құжаттың қызметте жоғарылау үшін қаншалықты маңызды екенін түсінген. Жасы ұлғайып қалса да, оқудан қашпай, техникалық білімін жетілдіруге тырысқаны оның өмірге деген белсенді көзқарасын көрсетеді.
Қария соғыстан кейінгі Қазалының тұрмысын, теміржол мен автобазаның даму тарихын, сол кездегі басшылардың еңбегін ұмытпай, оны болашақ ұрпаққа дерек ретінде қалдыруды мақсат тұтады. Ол: "Мен жаза берсем, бұл бір құнды дерек болар еді" деп тарихты сақтап қалудың маңыздылығын баса айтады. Ол өзінің басынан өткен қиындықтарды өмірдің заңдылығы ретінде қабылдайды. Оның пікірінше, адам қандай жағдай болмасын, өз ісін сүйіп, адал атқарса ғана құрметке бөленеді және қиындықтардан абыроймен шығады.
– Балам, өмір деген – ұзақ жол. Сол жолда мен көп нәрсені көрдім: қиындықты да, қуанышты да, қызметтің де, жауапкершіліктің де дәмін таттым. Менің өмірім – қарапайым еңбекпен өрілген тағдыр. Жүргізуші болып жүргенде де, кейін басшылыққа келгенде де менің ұстанған бір ғана қағидам болды: ісіңе адал бол, жұмысты жарты жолдан қалдырма. Трактор айдасаң да, машина тізгіндесең де, басқаларға басшылық жасасаң да, адамгершілік деген биік шыңнан аласармау керек. Жастарға айтарым білімнен қашпаңдар. Мен өзім кезінде «диплом неге керек?» деп жүріп, кейін оның қызметтегі орны бөлек екенін кеш түсіндім. Бірақ кеш болса да, оқыдым, үйрендім. Сол білімім мен адал еңбегім мені қарапайым шопырдан басшылық қызметке дейін жеткізді. Қазір артқа қарап отырып, еш өкінбеймін. Еліме, жеріме, замандастарыма жақсылық жасадым деп ойлаймын. Қазалының топырағында өстім, осы жердің тарихына өз үлесімді қостым. Сендерге де тілейтінім – өз істеріңе жауапкершілікпен қараңдар. Адамның аты – еңбегімен бағаланады, ал жүректің тазалығы – ең үлкен байлық. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Адал еңбек әрқашан абыройға бөлейді, ұмытпаңдар, балам! – деді ақсақал сөз арасында.
Ол автобазада жүргізуші болып жұмыс істегенде, «өз ісіне беріліп істеу» қағидасын ұстанған. Техникасын әрқашан таза ұстап, тапсырманы уақытында және сапалы орындауы басшылықтың назарына іліктірді. Оның қажырлы еңбегін байқаған директор Хегай оны үнемі бақылап, сынақтан өткізіп отырған. Мәлік атаның адамгершілігі мен жұмысқа жауапкершілігі оны басқалардан ерекшелеп көрсетті. Қызметі жоғарылаған сайын оған «диплом керек» деген талап қойылды. Ол басында мән бермесе де, кейін өз қателігін түсініп, техникумға түсіп, арнайы білім алды. Дәл осы техникалық білім мен диплом оның басшылық қызметке бекітілуіне заңды негіз болды. Мәлік ата біртіндеп басшылық сатылардан өтті. Жүргізуші (шопыр), бригада жұмыстарын ұйымдастырушы, пайдалану бөлімінің бастығы, директордың орынбасары. Директор болатын тұста заман өзгеріп, жекешелендіру болып, мекеме тарап кетеді. Ол «іштен шыққан басшы» болғандықтан, жұмыстың «асханасы мен қоймасын» жетік білді. Шопырлардың, кассирлердің, кондукторлардың жұмысын жіті бақылап, тәртіпсіздікке жол бермеу арқылы ұжымдағы беделін нығайтты. «Менің директорлыққа жетуім – еңбекке беріліп істегенім, уақытында білім алғаным және адамгершілігімді жоғалтпағаным үшін болды» дейді атаның өзі. Яки оның жолы – тек «сәттілік» емес, үлкен еңбек, өзін-өзі дамыту және өз ісіне деген адалдықтың жемісі.
Мәлік ата Бибіхан әжемізбен отау құрып, екеуінен 7 бала, 24 немере, 50 шөбере тарады. Бірнеше жыл бұрын зайыбын жер қойнына тапсырған ата қауғалаған ұрпақтарының арасында отырса да, бірге жастық шағы өтіп, отбасылық өмірдің дәмін бірге татқан адал жарын сағынышпен еске алды. Ғасырға жуық ғұмыры көз алдынан көлбей өтсе керек. Қария үнсіз ұзақ отырды да, ақ батасын беріп, ақ жолын тілеп шығарып салды.
Айнұр ӘЛИ














