Депутаттар БАҚ-та ЛГБТ туралы жазуға тыйым салуды ұсынды
Фото: Kazinform
AMANAT партиясы Мәжілістегі фракциясының депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов «Масс-медиа туралы» заңға ЛГБТ өкілдері туралы БАҚ-та жазуға тыйым салатын түзетулер ұсынды.
«Мәжілістегі жұмыс тобы отырысында ұсынылған бастамаларға тоқталсам, бұл жерде мәселе ақпаратқа тыйым салу туралы емес, оны бір жақты насихаттауда болып тұр. Біржақты түсіну мен насихаттауды қарама-қайшы қоймай, оны инклюзивтілік бағытта қабылдау керек», — деді Мәжіліс депутаты.
Оның атап өтуінше, кез-келген мәселені объективті жария етуден үгіт-насихатты келесі белгілер бойынша ажыратуға болады:
— Үгіт-насихат қоғамдық пікірді белгілі бір бағытта қалыптастыруға немесе өзгертуге бағытталған. Ал жария ету ақпаратты өз бетінше талдау және қорытынды жасау үшін беруге тырысады;
— Үгіт-насихат ақпараттың жағымды көрінісін пайдаланады, мақсатты фактілерге назар аударады. Ал объективті жария ету мәселенің әртүрлі жақтарын, соның ішінде әртүрлі пікірлер мен дәлелдерді ұсынуға тырысады;
— Фактілерді тексеру. Жария ету аясында берілген ақпаратты дербес тексеруге болады. Ал үгіт-насихатта көбінесе жалған мәлімдемелер болады және оларды растау қиын, кейде мүмкін емес;
— Тепе-теңдік және көпжақтылық. Мәселені объективті түрде жариялау — тепе-теңдікке және әртүрлі көзқарастарды ұсынуға тырысады. Ал үгіт-насихат көбінесе бір жақты және белгілі бір идеологияны ілгерілетуге бағытталған.
«Сондықтан, жаңалықтар сипатына ие ақпарат, айтып отырған үгіт-насихат болмайды. Жалпы, бұл бастама көптеген қазақстандықтардың өтініштері бойынша көтерілгенін ескеру қажет. Біз зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінде жазаны күшейтетін заң қабылдадық және сіз осы заңдарға қарсылық білдіргендер де аз емес екенін білесіз. Бірақ біз зорлық-зомбылыққа төзбеушілік танытуымыз керек. Сонымен қатар қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін идеяларды насихаттауымыз қажет. Жалпы, бұл түзету қабылданған жоқ, әлі пысықталуда», — деді Жанарбек Әшімжан.