Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдық клуб: руханияттың алтын арқауы

Ауылдық клуб: руханияттың алтын арқауы

«Өнердің бастауы – ауыл» десек артық айтқандық емес. Бүгінде халық ықыласына бөленіп жүрген талай таланттың алғашқы қадамы ауыл сахнасынан басталғаны белгілі. Талай жанның жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілік ұялатып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан мәдени ошақтардың орны қашанда ерекше. Осындай руханияттың ордасына айналған орынның бірі – Тасарықтағы ауылдық клуб десек әбден жарасады. Өнер мен өнегені қатар өрген бұл шаңырақ бүгінде ауылдың рухани тынысын байытып келеді.
Ауылдық клубтың іргетасы 1988 жылы қаланып, 1989 жылы пайдалануға берілген. Ауыл тұрғындары үшін мәдени-рухани орталыққа айналған клуб үйі бүгінгі күнге дейін ел игілігі жолында қызмет атқарып келеді. Ғимарат 5 пеш арқылы жылытылады.
Қазалы ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 25 шілдедегі №267 «Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар құру туралы» қаулысына сәйкес мекеме коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылды. Қазіргі таңда «Тасарық ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында меңгеруші, әдіскер, сүйемелдеуші, есепші, күзетші және тазалықшы қызмет етеді.
Клуб ұжымы ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халықтық өнерді насихаттау арқылы ауыл тұрғындарының рухани дамуына өз үлесін қосып келеді. Ауыл халқының мәдени бірлігін нығайтып, түрлі жастағы тұрғындарды өнер мен шығармашылыққа баулу – мекеменің басты бағыттарының бірі.
Мекеменің материалдық-техникалық базасы да барынша жасақталған. Клуб меңгерушісінің айтуынша, бүгінге дейін кезең-кезеңімен нығайтылып келеді. Музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы аудандық бюджет есебінен 66 964 теңгеге 1 дана домбыра сатып алынған.
2017 жылдың 28 наурызында аудандық бюджеттен музыкалық аппаратура алуға 1 миллион 765 мың теңге, ал көрермендер залына арналған 100 дана орындыққа 705 мың теңге қаржы бөлініп, қажетті жабдықтармен қамтылған. Сол жылы аудандық бюджет есебінен 100 000 теңгеге 1 дана баян аспабы алынды.
Ал 2023 жылы клубтың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мақсатында 722 мың теңгеге сахналық киімдер сатып алынды. Бұл өнерпаздардың сахналық мәдениетін қалыптастырып, мәдени іс-шаралардың сапалы әрі мазмұнды өтуіне мүмкіндік берді.
Өткен жыл Тасарық ауылдық клубы үшін толайым табыс пен жарқын жетістіктерге толы болды. Ауыл өнерпаздары аудандық, облыстық байқауларда өнерлерін паш етіп, ауыл мерейін үстем етті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай «Әли-Муса» мешіті мен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Баталы елге бақ қонар» атты аудандық батагөйлер сайысында Тасарық ауылының қадірлі ақсақалы Едіге Сапаров ІІІ орын иеленіп, көпшілік ықыласына бөленді.
Ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтың 120 жылдығына арналған «Әсем үн, маржан сөз» атты аудандық жүргізушілер байқауында Тасарық ауылдық клубының ән үйірмесінің мүшесі Тұрдымұрат Айжан Алдиярқызы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
«Жігіт сұлтаны – 2025» аудандық байқауында ауыл намысын қорғаған Бекқожа Әкімбек Бас жүлдені иеленіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
«Қазалы аруы – 2025» аудандық байқауында Әмірбек Ақжүніс Болатбекқызы І орын иеленіп, Тасарық ауылының абыройын асқақтатты.
Қармақшы ауданында өткен «Ұстаз-Ана» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында Тасарық ауылдық клубынан қатысқан Ізбасаров Әділет Жақсылықұлы Алғыс хатпен марапатталды.
«Үйірме – өнер баспалдағы» атты аудандық өнер байқауында ән жанры бойынша қатысқан жас өнерпаз Таламбай Диана Дарханқызы ІІІ орынды иеленіп, болашағынан зор үміт күттіретінін байқатты.
«Мәдени мұра – мәңгілік қазына» атты аудандық фото-бейне байқауында ауылдық клуб әдіскері Алтынбек Арман белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән патшасы – Шәмші» атты аудандық әншілер байқауында Әмірбек Жансая Болатбекқызы ІІ орынды иеленіп, өзінің өнерге деген талпынысын дәлелдеді.
Кәукей ауылында өткен «Ауылым – алтын бесігім» атты аудандық ән байқауында Жансая Әмірбек Дипломмен марапатталды.
«Отан үшін от кешкен батырлар» атты соғыс тақырыбындағы аудандық ән байқауында Шахмерден Наз Ғанибекқызы І орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Жалағаш ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық патриоттық ән байқауында Жансая Әмірбек Дипломмен марапатталды.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ІІІ «Туған өңір, тұнған өнер» атты аудандық байқау-фестивалінде Тасарық ауылдық клубы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Ауылдық клуб тек байқаулармен шектелмей, тағылымды мәдени-көпшілік іс-шаралар да тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Мысалы, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Сұхбат-ТІМЕ» бағыты аясында «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбында «Еңбек адамы – елдің құты» атты танымдық іс-шара өткізіп, еңбек адамдарының қоғамдағы орнын кеңінен насихаттады.
Сондай-ақ «Әлем BOOK» бағыты бойынша қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Ұлтының ұлы тұлғасы» атты әдеби-танымдық кеште ақынның шығармашылығы мен ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз еңбегін кеңінен дәріптеді.
–Ауылдық клуб жыл көлемінде ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жас таланттарды анықтап, олардың өнерін көпшілікке таныту, жастар мен жасөспірімдерді отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Сонымен қатар мемлекеттік тіл саясатын, жастар және отбасы-гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытындағы мәдени-көпшілік шаралар да жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілді.
Былтыр барлығы 40 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 2925 көрермен қамтылды. Өткізілген шаралар ауыл тұрғындарының мәдени белсенділігін арттырып қана қоймай, жастардың өнерге деген қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға ықпал етті. Ауылдық клуб жанындағы өнерпаздар мен үйірме мүшелері де жыл бойы түрлі деңгейдегі байқауларға белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді, – дейді клуб меңгерушісі Зәуре Бөлебаева.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, былтыр ауылдық клуб өнерпаздары жалпы саны 31 байқауға қатысқан. Нақтырақ айтсақ, республикалық деңгейдегі 1 байқауға қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Облыстық деңгейдегі 3 байқауда өнер көрсетіп, нәтижесінде 1 номинация, 1 диплом және 1 Алғыс хатпен марапатталды. Ал аудандық деңгейде 26 байқауға қатысқан клуб өнерпаздары жоғары белсенділік танытып, 1 Бас жүлде, 2 І орын, 5 ІІ орын, 2 ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар 3 номинация, 8 Алғыс хат және 7 Дипломға қол жеткізіп, Тасарық ауылдық клубының шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді.
Тасарық ауылдық клубы биылғы жылы да ауыл тұрғындарының рухани өмірін байыту, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттау, жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес мәдени-көпшілік іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының мәдени белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылдың алғашқы айларынан бастап ауылдық клубта тағылымы мол, мазмұны терең мәдени шаралар өтті.
Атап айтсақ, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Әлем – BOOK» бағыты аясында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған «Кәрі қыран» атты танымдық кеш, сондай-ақ «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «ART уақыт» бағыты бойынша қазақ вальсінің королі, ұлт композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән патшасы – Шәмші» атты аудандық ән байқауы өтті.
Сондай-ақ «Қазалы аруы – 2025» аудандық байқауында ауылдың намысын қорғаған Ақжүніс Әмірбек жүлделі І орынды иеленіп, ауыл мерейін үстем етті.
– Жалпы, жаңа жылдың 5 айында ауылдық клубта 19 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, 1620 көрермен қамтылды. Өткізілген шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастарды өнер мен мәдениетке баулуға және ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыруға бағытталды. Сонымен қатар ауылдық клубтың ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «ART уақыт» бағыты бойынша қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы, дарынды композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған сазгер» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Аталған мүшәйраға аудан көлеміндегі ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінен 11 талапкер қатысып, өз шығармашылықтарын ортаға салды. Ауылдық клуб өнерпаздары 2026 жылдың 5 айында түрлі деңгейдегі 11 байқауға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Республикалық деңгейдегі 1 байқауда І орынды иеленсе, облыстық деңгейдегі 1 байқауда Алғыс хатпен марапатталды. Ал аудандық деңгейдегі 9 байқауда өнер көрсеткен клуб өнерпаздары ІІІ орын, Диплом және 6 Алғыс хатқа ие болды, – дейді клуб меңгерушісі Зәуре Бөлебаева.
Тасарық ауылдық клубы қолөнер бағытын дамытуға да ерекше назар аударуда. Осы мақсатта маусым айында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Креативті HUB» бағыты аясында ауылдық клуб жанынан құрылған қолөнер үйірмесінің жетекшісі Нұртазаева Гүлбанудың қолөнер бұйымдарынан «Қолдан туған құндылық» атты көрмесі ұйымдастырылып, көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл көрме ұлттық қолөнерді дәріптеп қана қоймай, ауыл тұрғындары арасында шығармашылыққа деген қызығушылықты арттыруға, ата-бабадан мирас болған өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды мәдени бастамалардың бірі болмақ.
Расымен, ауыл – ұлт руханиятының тамыры тереңге жайылған қасиетті мекен. Талай дарынның талабын ұштап, өнерге қанат қақтырған да осы – ауыл топырағы. Бүгінде ел мақтанышына айналған әнші де, күйші де, ақын мен актер де ауыл сахнасынан түлеп ұшқаны белгілі. Сондықтан ауыл мәдениетінің дамуы – ұлт руханиятының дамуы. Ауылда өнердің оты өшпесе, қазақы болмыс пен ұлттық құндылықтардың да ғұмыры ұзақ болмақ. Домбыраның үні мен әннің әуезі үзілмеген жерде мәдениет те мәңгі жасайды. Ендеше, руханияттың алтын арқауына айналған ауыл мәдениетінің мерейі әрдайым үстем болсын демекпіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

30 мамыр 2026 ж. 14 0

Есепті кеш ерекше өтті

30 мамыр 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031