Шындық шыңындағы соңғы дем
Қазақ даласындағы ислам діні тек сенім нысаны ғана емес, ұлтты біріктіруші саяси-идеологиялық күш болды. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ даласындағы саяси ахуал – отарлаушы жүйенің рухани шектеулері мен қазақ діни элитасының ағартушылық күресінің арасындағы арпалысқа толы болды. Мешіттердің қиратылып, ахундардың репрессияға ұшырауы – ұлттың тамырын кесуге бағытталған саяси стратегияның салдары еді. Халқымыздың басынан өткен зобалаң жылдар қаншама асылдарымызды жазықсыз жалмады. Солардың бірі – дін жолында қызмет етіп, имандылықтың туын тіккен Аман Үмбетов.Аман Үмбетұлы 1872 жылы Сырдария өзенінің жағалауындағы «Досбай» учаскесінде дүниеге келген. Жастайынан зерек болып өскен ол Тоқмырза және Аманбай ахундардан дәріс алып, ислам ілімін терең меңгереді.
Сыр өңірінің тарихын зерттейтін «Сейхун-инфо» порталы жариялаған деректерге көз жүгіртсек, тарихи деректер сол кезеңдегі күрделі саяси жағдайды бірнеше кезеңге бөлінгенін білдіреді.
Біріншіден, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей империясы қазақ жерін ішкерілей отарлау үшін діни қызметкерлердің беделін шектеуге тырысқан. Дегенмен халықтың қарсылығынан сескенген патша үкіметі исламға ашық тыйым сала алмаған.
Отарлауға кедергі келтірмеу үшін исламға сенушілерге «жалпылама шектеу» қоймағандай көрінгенімен, іс жүзінде әрбір мешіт пен медресенің қызметі қатаң бақылауда болған.
Ахун мен ишан лауазымдары халық арасында зор беделге ие болған. Мүфтидің шешімі ахунның келісімінсіз жүзеге аспайтыны – қазақ қоғамының ішкі рухани дербестігін сақтауға тырысқанын көрсетеді.
Екіншіден, саяси қысымға қарамастан, қазақ зиялылары мен діни қайраткерлері халықты сауаттандыру арқылы ұлттық сананы оятуды мақсат етіп, үлкен қалалардан білім алған ахундар елге оралып, тек дінді емес, медицина, астрономия, философия салаларын қатар дамытқан.
Бұл кезде медреселер тек білім ордасы емес, ұлттық құндылықтар мен исламдық тәрбиені ұштастырып, отаршыл жүйеге рухани тұрғыдан қарсы тұратын буынды тәрбиелеген.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін саяси жағдай күрт өзгеріп, жаңа орнаған кеңестік жүйе дінді «апиын» деп жариялап, рухани тұлғаларды жоюға көшкен.
Көрнекті тұлғалар мен олардың ұрпақтары репрессияға ұшырап, баға жетпес жазба еңбектері мен қолжазбалары жойылуы – қазақ халқының интеллектуалдық және рухани капиталына жасалған үлкен қастандық еді.
Сол замандағы саяси қысымға қарамастан, діни қайраткерлер ұлттық бірлікке шақырып, халықты бір сенім төңірегіне біріктіру арқылы бөлшектенуден сақтап, отарлаушы елдің жат мәдениетіне қарсы ислам құндылықтарын насихаттауда идеологиялық қалқан болдыКейіннен өзі де шәкірт тәрбиелеп, ел ішінде мешіт ұстап, имандылық пен ізгіліктің нұрын шашады. Алайда, солақай саясаттың салқыны оның да тағдырына балта шапты.
1934-1935 жылдары «дін уағыздаушы» ретінде қара тізімге ілінген Аман да қудалаудың құрығына ілінеді. Төнген қауіптің күн санап жақындағанынын сезінген ол туған жерінен жырақтап, Арал ауданының «Аманөткел» елді мекенін паналауға мәжбүр болады.
Бірақ бұл бойтасалау оны жазадан құтқармаған еді. Араға бірер жыл салып, 1936 жылы туған ауылына оралғанда, жергілікті шолақ белсенділердің нысанасына айналады. Ақыры тергеп-тексеру, көсе-көлденең жала жабылып, 1938 жылы «Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен 14 жылға бас бостандығынан айырылады.
Таусылмас сабырдың, тазалық пен иманның тірі бейнесі Аман Үмбетовтің бүкіл ғұмыры айналасына нұр шашумен, қараңғылықты іліммен сейілтумен өткен. Бірақ сол жарық сәуле солақай саясаттың соқыр көздерін қарықтырғандай болды. Дүниені «қызыл қырғын» шарпыған сол бір зұлмат жылдары жала мен жалғандықтың қара бұлты оның да басына үйірілді.
Солақай саясаттың суық тынысы оны туған жерінен айырды, аяулы жақыннан жырақтатты. «Халық жауы» деген суық та сұрқия таңба басылғанда, оның жалғыз «кінәсі» – бойындағы бүгілмес адамгершілігі мен жүрегіндегі айнымас иманы еді. Тергеудің тар қапасы, қыспақтың қанды шеңгелінде жүрсе де, ол өзінің биік ұстанымынан, ары мен ұятынан бір қарыс та шегінген жоқ. Тән азапталса да, оның рухы ерікті еді.
Осылайша ол өмірден еңсесі түскен жан болып емес, өз шындығының биігіндегі батыр болып кетті. 1938 жылдың сол бір суық та қасіретті күнінде, «Тайшы» құмының қойнауында ажал оғы атылғанда, ол тек бір әулеттің ғана емес, тұтас бір халықтың рухани діңгегі болып құлады.
Жан түршігерлік жала оның өмірін қиғанымен, есімін өшіре алмады. Тағдырдың қатал тауқыметіне қасқая қарсы тұрып, соңғы деміне дейін арын саудаға салмаған тұлғаның бұл қазасы – үнсіздіктің ең зор айқайы, иманның ең ұлы жеңісі еді. Жазықсыз жаланың құрбаны болса да, тарих алдында ақталып, ұрпақ жадында биіктігімен қала берді.
Дүниеден өткенде артына мал жинап, дүние қалдыру – пенденің ісі. Ал соңына өшпес ілім мен нұрлы сөз қалдыру – нағыз асылдың ісі. Аман атадан қалған ең үлкен байлық – оның діни кітаптары мен қолжазбалары. Бұл тек қағаз жазба емес, зобалаң заманда өзі құрбан болса да, келешек ұрпағының адаспауы үшін аманат еткен иманның алтын діңгегі.
Ақ пен қара арпалысып, имандылықтың өзі қыл үстінде тұрғанда, Аман атаның жақындары ауыр таңдаудың алдында қалды. Бабадан қалған қастерлі қолжазбалар мен діни кітаптар – ол әулеттің ғана емес, ұлттың рухани жаны еді. Алайда, тінту мен қуғын-сүргіннің суық ызғары үй іргесіне таяп келгенде, бұл асыл қазынаны сақтайтын жер табу мүмкін болмады.
Кітаптарды үйге сақтау – ажалмен ойнау, ал өртеу – өз жүрегіңді өз қолыңмен суырып алумен бірдей еді. Сол кезде жақындары амалсыздықтан, көз жасына булыға отырып, жәдігерлерді «Иланды» қорым құмының қойнауына көмуге мәжбүр болады. Қара жердің суық құшағына аманат етілген бұл кітаптармен бірге, сол кездің бүкіл үміті де бірге көмілгендей көрінген.еді.
Құдіретті қараңыз, арада ондаған жылдар өтсе де, сол сарғайған парақтар құм астында мүжілмей бастапқы кезеңдегіге жақын қалпында сақталған. Саясаттың ызғары басылып, шындық салтанат құрған шақта, сол бір көмілген қазынаның қайта жарыққа шығуы – ақиқаттың салтанат құруының көрінісі еді.
«Алмас кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, тарихтың шаңына көмілген құнды қазыналар өзінің заңды иесі – иманды ұрпағымен қайта табысты. Бұл, шынында, рухтың жеңісі, зұлматтың алдында тізе бүкпеген иманның, қандай ауыр заман болса да жоғалмайтын адамгершіліктің мәңгілік бейнесіндей. Арада көрптеген жылдар өткенде, сол бағалы қазынаны Аманның немере інісі Кәримолла Тәжмағанбетов тауып алады. Бұл кітаптар Қазалы қаласындағы «Нұралы» мешітіне, Түркиядан келген Алдақияр есімді молдаға табысталады.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңына сәйкес, Аман Үмбетов 1989 жылдың 8 ақпанында толықтай ақталды. Оның есімі ұрпақтар жадында қайта жаңғырды.
Бізге жоғарыдағы деректі жеткізген Әйтеке би кентінің тұрғыны Жеткербай Әбдіров бүгінде Әбдір молда түнеуханасының шырақшысы. Ол ата жолын жалғастырып, тарихи деректерді көздің қарашығындай сақтап келеді. 2003 жылы ағайын-туыстың күшімен «Аманбай ахун» түнеуханасы салынып, Аман атаның атылған жерінен топырақ әкелініп, белгі қойылған.
«Бабаларымыз тартқан тауқымет – бүгінгі Тәуелсіздігіміздің құны. Олардың имандылық жолындағы қажырлы еңбегі мен асқақ рухы ешқашан ұмытылмайды», – дейді Жеткербай Әбдіров.
Зобалаң жылдардың құрбаны болған боздақтардың рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Аман Үмбетовтің өнегелі өмір жолы – имандылық пен төзімділіктің жарқын үлгісі болып қала бермек.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Сурет ашық дереккөзден алынды














