Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мұрат – халыққа қалтқысыз қызмет

Басты мұрат – халыққа қалтқысыз қызмет

Басты байлық – денсаулық. Ол бақытты да баянды өмірдің кепілі, әр адамның тіршіліктегі ең әуелгі құндылығы. Денсаулық болған жерде еңбек те, береке де, шаттық та бар. Сондықтан халық саулығын сақтау қоғам алдындағы аса маңызды міндет.
Медицина саласы сан тарауға бөлінеді. Дегенмен сол салалардың ішінде елмен етене араласып, қиын сәтте бірінші болып көмек қолын созатын қызмет жедел жәрдем. Бұл үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін абыройлы тірлік. Адам өмірі қыл үстінде тұрған шақта уақытпен санаспай, жедел шешім қабылдап, кәсіби көмек көрсету осы сала қызметкерлерінің басты парызы.
Жедел жәрдем мамандары тәуліктің кез келген уақытында, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шақыртуға асығады. Олар әрбір минуттың бағасын біледі. Себебі кейде санаулы сәттің өзі адам тағдырын шешуі мүмкін. Сондықтан осы қызметте білім мен біліктілікпен қатар, төзім, сабыр, мейірім мен батылдық та бірге жүреді.
Халық алғысы жедел жәрдем қызметкерлері үшін ең үлкен марапат. Ауыр жағдайда жатқан науқастың жағдайы жақсарып, аман-есен ауруханаға жеткізілгенін көру олардың еңбегінің жемісі. Адам өміріне араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Сондай жанкешті маманның бірі – Руслан Алтынбекұлы. Ол Қазалы ауданының тумасы. 2004 жылы №70 Жанкожа батыр атындағы орта мектептен түлеп ұшты. Талапшыл жас мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ медицина саласына қызығушылығы оянып, болашақта адам өмірін арашалайтын маман болуды армандады. Осы мақсатына жету жолында медицина колледжіне оқуға түсіп, фельдшер мамандығын алып шықты.
2008 жылдың тамыз айынан бастап, Қазалы ауданы жедел жәрдем стансасында еңбек жолын бастады. Содан бері үздіксіз бір салада қызмет атқарып келеді.
Руслан Өксікбаев жедел жәрдем қызметін жәй жұмыс ретінде қабылдамайды. Ол үшін бұл үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін өмірлік миссия саналады. «Науқастың өмірі – біздің қолымызда. Әр шақырту – әртүрлі тағдыр. Сондықтан әр минут, әр шешім маңызды», – дейді ол.
Қызмет барысында есте қалған оқиғалар да аз емес. Соның бірі – Қарақұм елді мекеніндегі ат жарысы кезінде болған жағдай. Аттан құлап жарақат алған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қажетті екпесін жасап кеткен. Келесі күні екпе құтысын қауіпсіздік талаптарына сай жинау үшін арнайы барып, құм арасынан тауып алғаны, оның кәсіби жауапкершілігінің айқын көрінісі. «Медицинада ұсақ-түйек болмайды. Әр әрекетіміз – тәртіп пен тазалыққа негізделуі тиіс», – дейді ол.
Руслан Алтынбекұлының медицинаға деген құрметі мен адалдығы отбасынан бастау алады деуге болады. Әкесі Алтынбек Өксікбаев жедел жәрдем стансасында 40 жыл бойы абыройлы еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Анасы Құрманкүл Рашева №70 қазақ орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, бірнеше шәкірт тәрбиелеген. Осындай еңбекқор, елге қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен ата-ананың тәлімі Русланның да өмір жолына бағыт-бағдар бергені анық.
Отбасында да ол ардақты әке. Жұбайы Гүлжанат та медицина саласында қызмет етеді. Төрт баланың әкесі – Нұрдәулет, Нұрби, Нұрымжан және Алан есімді ұлдарын адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп келеді.
Қазалы ауданы жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Данияр Берікұлы мен аға фельдшер Гүлжан Төребайқызына ерекше алғысын білдіреді. «Ұжымымыз ауызбіршілігі мол, бір-біріне әрдайым қолдау көрсететін жандар. Осындай ортада еңбек ету үлкен бақыт», – дейді ол.
Бүгінде тәжірибелі фельдшердің басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету, сапалы медициналық көмек көрсету және ауыр жағдайдағы науқастарды аман-есен ауруханаға жеткізу. «Біздің ең үлкен марапатымыз – науқастың алғысы мен сауығып кеткенін көру», – дейді Руслан Алтынбекұлы.
Халық денсаулығы – ұлт байлығы. Ал сол байлықты сақтауға үлес қосып жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
17 ақпан 2026 ж. 29 0

Дертке дауа дарытқан

17 ақпан 2026 ж. 50

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728