Теңдігіме тұғыр болған текті күн
Қазалы ауданында ұлттық мереке – Республика күніне арналған мерекелік шара өтті. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кеште Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сахна төріне шығарылып, мемлекеттік Гимн орындалды.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады. Егеменді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде мыналар белгіленді: біртұтас мемлекет, аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да халықтарының өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту. Бүгінде біз Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ оның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз. Осы атаулы күн елдің әр аумағында сән салтанатымен тойланады. Сондай салтанатты шаралардың бірі ауданда аталып өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кеште Мемлекеттік Ту төрге шығарылып, әнұранымыз шырқалды. Одан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қазалылықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ» деген болатын. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бұл жолда қол жеткізген үлкен жетістіктердің барлығында да Сыр елінің, оның ішінде қасиетті Қазалы ауданының қосқан үлесі зор деп білемін. Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын! Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді аудан басшысы.
Салтанатты іс-шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қазалылықтар марапат төрінен көрінді. Алдымен, аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақытгүл Әлішеваға, аудандық аурухананың физиотерапевт дәрігері Зима Жұматайға және аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықовқа Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы» табысталды. Ал медицина саласының ардагері Орақ Кеубасов пен білім саласының ардагерлері Рахат Наурызбайқызы мен Қуантқан Зейнелұлына «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Одан соң ұлттық мерекеге орай бірқатар азамат облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште ауданның көркемөнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айнұр ӘЛИ