Республика күні: тарих һәм дерек
Осыдан үш жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойған еді. Аталған заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде үшінші рет аталып өтпек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды? Бұл кім болса да қоятын заңды сауал. Сарапшылардың пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алмады. Яки мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды. Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік
күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.
25 қазан – Қазақстанда Республика күні. Мерекеге орай халық бір күн демалады. Биыл бұл мереке жұмаға сәйкес келеді. Сондықтан бес күн және алты күн жұмыс істейтіндер де бір күн демалады. Демалыс басқа күндерге ауыстырылмайды. Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін жыл сайын дүркіретіп атап өтуді дәстүрге айналдырды.
Ұлы даланың халқымыз. Біз Тәуелсіздігімізді алып, бейбіт елде марқаятын күнді армандадық емес пе? Бізде асты қазба байлыққа, беті жазба байлыққа толы ұлан-ғайыр жер жатыр. Бастысы – егеменді елміз. Бізге керегі осы егемендіктің қадірін біліп, қасиетін ұғыну. 25 қазан – Республика күні құтты болсын!
Айнұр ӘЛИ