Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өрт өтіндегі өмір немесе қатерге толы қызмет

Өрт өтіндегі өмір немесе қатерге толы қызмет

Қоғамдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндірушілер. Өрт өтінде тұрып, қызыл жалынмен қаймықпай күресетін құтқарушылардың қызметі шын мәнінде оңай емес. Тілсіз жау жағадан тап бергенде бастарын бәйгеге тігіп, отқа оранған үйдің ортасынан адам өмірін арашалауды ойлайтын да осы кісілер. Өзгенің өмірін өзінікінен биік қойып, ерлік көрсететін құтқарушылардың қай ісі де мақтауға әбден лайық. Газетіміздің бүгінгі санында қиындыққа төтеп беріп, әркез қырағылықта қызмет ететін бөлімнің жұмысын баян етсек жарасымды болмақ.

Тереңнен толғар тарихы бар

Біз білетін өрт сөндіру бөлімінің тарихы ілгеріден басталады. Тарихқа үңілсек, бөлімнің іргетасы 1964 жылы Жаңа Қазалы қыстағы мен Қазалы қаласында өрт депосы ретінде қаланған. Сол кезеңдегі өрт сөндіру бөлімінің тұрағы Жаңа Қазалы қыстағындағы бұрынғы Большевик, қазіргі Р. Бағланова көшесі №105 мекен жайдағы шағын ғимаратта орналасқан. Бертін келе, нақтырақ айтсақ 1982 жылы Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің бір бөлмесінде ОГПН қызметкерлері жұмыс істеген. Жаңа Қазалы қыстағындағы (Әйтеке би кенті) шағын ғимаратта бастық бөлмесі, жатын бөлме, радиобайланысшы бөлмесі және екі АЦ-40 ЗиЛ-130 өрт сөндіру автокөліктері болған.
1982 жылдың қазан айында №2 кәсіби өрт сөндіру бөлімін бұрынғы Қызылту қазіргі Жалаңтөс ауылына баратын тас жолдың оң жақ бетіне, аудандық «Ремстрой» мекемесі жаңадан шағын ғимарат салып, бөлім сонда көшеді. 1984 жылдың мамыр айында Қазалы қаласындағы (жеке бекет) өрт сөндіру бөлімі №10 кәсіби өрт сөндіру бөлімі дербес бөлімге айналады. Аталған бөлімнің тұрағы Қазалы қаласы Ш. Уалиханов көшесінің бойында орналасады.
1996-1997 жылдар аралығында аудандық кәсіби өрт сөндіру бөліміне штаттық қысқартуға байланысты екі бөлім қосылып, жаңадан №2 өрт сөндіру бөлімі болып аталды. 1998 жылы желтоқсан айында республика көлемінде кәсіби өрт сөндіру бөлімдері таратылып, орнына әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімдері жасақталады. Сөйтіп қыстақ шетіндегі аядай бөлмесі бар ғимаратты кеңейту жөнінде аудан әкіміне ұсыныстар беріледі. Алайда ғимаратты бұзып, қайта жасақтау мүмкін болмай, бірнеше жыл егесіз тұрған Әйтеке би кентіндегі мөлтек ауданға жылу беретін бу қазандығы өрт депосына оңтайластырылады. 1999 жылы көктемде өрт сөндіру бөлімі ғимаратты өз теңгеріміне алады.
Бүгінде аудандағы №9 өрт өрт сөндіру бөлімінің құтқару қызметі түрлі алапат өрттерді сөндіруге қауқарлы. Ғимарат Әйтеке би кенті Әйтеке би кенті Төремұрат жырау көшесінің бойында орналасқан. Мұнда өрт сөндіруге арналған 3 автокөлік бар. Ал аудандық №9 өрт сөндіру бөліміне қарасты №15 өрт сөндіру бекеті Қазалы қаласы Ш.Уалиханов көшесі №40 а мекен жайда орналасқан. Онда 2 өрт сөндіру автокөлігі бар. Жалпы айтқанда, Қазалы ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінде 5 дана өрт сөндіру автокөлігі және 57 штаттық қызметкер бар. Оның ішінде 3 басшылық құрам, 4 орта басшылық құрам, сондай-ақ 50 жеке құрам бар. Бөлім ғимаратына 2011 жылдың жаз айында кеңейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бөлімшедегі байыпты жұмыс

Өрт сөндірушілерден өз міндеттерін мінсіз атқару талап етіледі. Мұны біз бөлім жұмысымен танысуға барғанда байқадық. Олар күндегі жұмысын әдеттегі тәртіппен кезекшілікті алмастырумен бастайды. Бөлім 4 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Әр ауысымда 7-8 қызметкер, яғни қарауыл бастығы, 1 бөлімше командирі, 3 өрт сөндіруші-құтқарушы, 2 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 1 радиотелефонист қызмет етеді. Кезекті ауысым алмасқан уақытта оларға басшылық тараптан бір күндік атқаратын жұмыс жайында тапсырма беріледі. Олар басшылықтың тексеруінен өтіп, төтенше жағдайға дайын екендіктерін мәлімдегеннен соң ғана, жұмысқа кіріседі. Ал түнгі кезекшілікте болғандар әріптестеріне атқарылған жұмыстан бөлек, өрт сөндіру техникасын, авариялық-құтқару жабдықтарын тиянақтап, тапсырады. Одан соң құтқарушылар күнделікті кестеге сәйкес өткізілетін оқыту дәрісіне қатысып, қауіпсіздік ережелерін қайталайды. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Алтынбек Қалиевтің айтуынша, бұл дәрістер мен күнделікті қайталанатын дағдылар құтқарушылардың оқыс оқиға кезінде дұрыс тактика қойып, сын сағаттарда сенімді әрекет етуіне септеседі.
– Жалпы қай жерде де сенімді стратегия мен тиімді тактика болса, жұмыс жеңілдейді. Кейде қиындық құрсауынан алып шығады. Сондықтан бөлім қызметкерлерінің оңтайлы шешім қабылдап, дұрыс әрекет етуі үшін оқу сағаттарын өткізуді күн тәртібінен түсірген емеспіз. Бұл оларға теориялық және практикалық білігін бекітіп, алған білімі негізінде әрекет етуіне көмектеседі, - дейді Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Алтынбек Қалиев.
Мұндағы жұмыстың маңызды бөлігі байланысшыларға міндеттелген десек артық айтпаймыз. Өйткені бұл қызмет аса байыптылықты қажет етеді. Тосыннан келген қоңырауға тосылмай жауап берудің өзі үлкен жауапкершілік. Құтқарушылар байланыс пунктін өрт сөндіру бөлімінің «жүрегі» деп атайды. Диспетчерлер дереу дабыл қағып, жеке құрамды діттеген мекенжайға жіберуге міндетті. Оларға бірде-бір қоңырауды жауапсыз қалдыруға болмайды. Тіпті жалған қоңырауға жауап қатып, келіп түскен әрбір шақыртуға жауынгерлерді жөнелтуі тиіс.

Құрал-сайман сай болса...

Құтқарушылардың қаруы қай уақытта да сайланып тұруы тиіс. Өйткені өрт – ескертпейді, кешірмейді, күтпейді. Расында, құрал сайманың сай болмаса тілсіз жауды тізгіндеу мүмкін емес. Бүгінде аудандық №9 өрт сөндіру бөлімінде құтқарушылардың қажеттілігіне түрлі құрал-жабдықтар жасақталған. Ғимарат барлық заманауи талаптарға жауап береді. Мұнда жеке құрамды дайындау сыныптары, жауынгерлерге арналған жатын бөлме, сондай-ақ техникалар үшін гараждар қарастырылған. Бөлім базасы қажетіне қарай техникалармен толықтырылып келеді. Дәл қазір бөлімде 2 негізгі, 1 көмекші техника бар. Сондай-ақ өрт сөндіруге қажетті барлық құтқару құрал-жабдықтары қарастырылған.
Секундына 40 литр су шашатын 5-8 тонна болатын автоцистерналар құтқарушылар үшін маңызды техника болып табылады. Құтқарушылардың киімдері де стандарттық сапаға сай келеді. Бұдан біз заманауи техникамен қаруланған бөлімнің өрт қауіпсіздігін сақтауға тас түйін дайын екендігін бағамдаймыз. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Алтынбек Қалиевің айтпағы да соны аңғартты. Айтуынша, сардарлардың құрал-саймандары сын сағатқа сақадай сай.
– Құтқарушылар от құрсауынан оралып, бөлімшеге жеткен сәттен-ақ құрал-жабдығын ретке келтірмейінше тыным таппайды. Техникадан бастап, жабдықтар келесі сынаққа дайын болуы тиіс. Мұндай да тағат тауып, демалудың өзі артық. Сондықтан өрт сөндірушілер дамыл таппастан келесі дабыл қағылғанға дейін жанталасып жатады, – дейді бөлім басшысы.

Тәуекел – сенімнің серігі

Жайсыз жағдай кезінде жылдам шешім шығарып, табандылық таныту көптің қолынан келе бермейді. Алайда қазалылық құтқарушылар үшін бұл қалыпты жайт. Өйткені олардың өмірі өрттің өтінде, оттың ортасында өтіп жатыр. Сондықтан да болар оқыс оқиға кезінде олар салқынқандылық танытып, сергек ойлауға әбден дағдыланған. Тіпті көзсіз тәуекелге барып, бастарын ойланбастан бәске тігеді.
«Расында, тілсіз жайды тойтару үшін кейде тәуекелдерге баруға тура келеді. Ол бізге оңай болмаса да. Өздеріңіз білетіндей, өрт кезінде әрбір секунд санаулы. Айналаң отқа оранып жатқанда ойланып тұруға да уақыт таппайсың. Сондықтан Бауыржан Момышұлының «Тәуекелсіз жеңіс жоқ» деген ұстанымын ұран етіп, қызыл жалынға қарсы тұруға жиі тәуекел қыламыз. Қиын шақтарда біз бас тіккен тәуекелдер қайратымызды қайрап, тілсіз жаудың құрсауынан шығуға төте жол салып жатады» дейді қазалылық құтқарушылар.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
05 шілде 2025 ж. 34 0

Биіктей бер, бас қала!

05 шілде 2025 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031