Басты міндет – медицина қызметін жақсарту

Ауданда денсаулық саласы қалай қалыптасты?
Қолда бар деректер бойынша ХІХ-ғасырдың аяғына дейін бұл өңірде оқыған нақты медицина өкілдері болмаған. Сырқаттанған адам халық емшілерінің көмегіне жүгінген. 1867 жылы Түркістан губернаторлығы құрылып, Қазалы қаласының осы губернияға қарайтын уезд орталығы болуына байланысты жергілікті халыққа әлеуметтік қызмет көрсету шаралары жүзеге асырыла бастады. Уезд бастығының қарауында арнайы штатпен бекітілген дәрігер мен акушерка болды. 1893 жылы алғашқы жекеменшік дәріхана ашылды. Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты 1904-1905 жылдары Қазалыда үш қызметкері бар шағын қабылдау бөлмесі (амбулатория) жұмыс істеді.
1908 жылы Қазалыда әскери лазарет іске қосылды. Онда офицерлер мен байлардың жанұясы емделген. Ал кедейлер олардың маңына да жолай алмаған. Сол жылдары уезде небәрі 3 дәрігер, 2 акушерка және жекеменшікке қарасты 2 дәріхана жұмыс істеген.
1919 жылы Қазалы станциясында теміржолшылар үшін 30 орындық аурухана салынды. Ол қазір теміржол емханасы. Тораптық теміржол аурухананың негізі осыдан басталады.
1928 жылы Қазалы аудан болып құрылып, өз алдына шаңырақ көтерді. Қазан төңкерісінен соң қабылдау бөлмесі 25 орындық аурухана болып қайта жабдықталды. Осы жылдардан бастап, аудан көлеміндегі денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінді. Ең бастысы, жұқпалы ауруларға қарсы күресу, оны жою шаралары, медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында бірсыпыра жұмыстар жүргізілді.
1929 жылы халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазалыда балалар консультациясы, 5 орындық әйелдер босанатын бөлімше ашылды. Сегіз жылдан соң Қазалы ауданында денсаулық сақтау бөлімі ұйымдастырылды. Бөлімді медициналық мамандығы жоқ Сәндібек Нұғыманов басқарды. Осындай жағдай Қызылорда облысының бөтен де аудандарында болды. Мысалы, Тереңөзек ауданының денсаулық бөлімін медицинадан хабары жоқ адам басқарған. Ауылдық елді мекендерде 3 дәрігерлік пункт науқастарға қызмет көрсеткен.
1940 жылдары денсаулық сақтау бөлімін фельдшер В.М.Краснокуцкая, соғыстан кейінгі жылдары Н.Каростинский басқарды. Олардан кейін О.Коневская басқарған.
1956-1962 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері А.В.Глушко болды. Осы аралықта Глушко теміржол ауруханасына ауысуына байланысты аудандық аурухананы 5-6 ай А.Б.Тарасова өз басқаруына алды. Дегенмен бұл лауазымды орынға Ф.Р.Жұмагұлов тағайындалып, ол 1985 жылға дейін аудандық денсаулық сақтау саласын басқарды.
1985-1991 жылдары аралығында Жәми Сембиев аудандық орталық аурухананы басқарса, 1991-2000 жылдарда Аманкелді Кәдірбаев бас дәрігер қызметін атқарды. 2000 жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімі қайта құрылып, А.Кәдірбаев меңгерушісі болып тағайындалды.
2000-2010 жылдары аудандық аурухана бас дәрігері қызметін Ж.Мырзалиев атқарды. Аудандық ауруханадағы басқарушылық қызметтерді С.Избасов, Н.Кәрібаев, К.Әбілов, Г.Нысанова абыроймен басқарды.
2020 жылдың тамыз айынан бастап, аурухана басшылығына Б.Әлішева тағайындалды.
Адам жанына араша болғандар
Ауданда тұрғындардың денсаулығын сақтауға лайықты үлес қосқан, халықтың абыройына бөленген дәрігерлер жетіп артады. Атап айтқанда, Теңел Жұмабаев, Михаил Яншин, Елена Филипповна Ким, Антонина Ивановна Стожарова, Ольга Андреевна Романова, Валентина Ивановна Степанова, Зоя Григорьевна Меркулова, Майстренко, Ф.Чунь-Сун, Могилевский, Александрова, А.Б.Тарасова, М.Омарова, Роза Андреевна Туманова, Валентина Сергеевна Семеилова, Отан соғысының ардагері Зинаида Дмитриевна Саликова, тіс дәрігері Александра Максимовна Донцова, Нина Ивановна Шиманская, Қаразым Баймұратов, Темир-линг, Г.Ф. Кузьмин, Валентина Ивановна Нефедова, Раисбек Жиенбаев тағы басқалар.
Дәрігердің оң қолы, көмекшісі, аурудың бар ауытпалығын көтеретін орта дәрежелі медицина қызметкерлері де ауданда абыройлы қызмет атқарып, дәрігерлермен қатар халықтың алғысына бөленді. Олар – соғыс және еңбек ардагері А.В.Болотникова, Т.Л.Козлова, К.Бипанова, Сайфудинова, П.К.Тихонова, Р.А.Бреим, А.И.Суслова, К.Комарова, Р.Г.Толмачева.
Бастапқы ашылған жылдары қазалылықтарға көбіне өзге ұлт өкілдері қызмет көрсетіп келген. Десек те жоғарыда аты аталған дәрігерлер халыққа адал қызмет істеп, талай адамдарды ажал аузынан аман алып қалды. Айта кеткен жөн теміржол ауруханасының дәрігері З.С.Трояновская КСРО-ның Жоғарғы Советіне үш рет депутат болған, «Қызылту» колхозының төрағасы, Қазалының бір туар азаматы Қашақпай Пірімов науқастанып, Кремльдің ауруханасына талай жатып ем алып жүргенде, ағамыздың: «Мен көп жерде емделдім. Бірақ өзіміздің ақсақ Зина қыздан артығы жоқ екен» деуі, сол кездегі Қазалы ауданының дәрігерлеріне берілген баға десе болады деп еске алады ардагер дәрігерлер.
Сол кездегі аудандағы дәрігерлердің бірсыпырасы Қазалыдан алған тәжірибесін жалғастырып, мансап жағынан жоғарылайды. М.Н.Яншин Қызылорда облыстық денсаулық бөлімінің бас терапевт маманы болды. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің көп жыл бас хирургі болған Моисей Ким, облыстық жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, білімді дәрігер, аса қатерлі жұқпалы індет оба ауруының маманы Ф.Чунь-Сунды атауға болады.
Шалғайдағы медицина қызметі
Қазалы ауданы бойынша 1990 жылдары шалғай елді мекендердегі халыққа медициналық қызмет көрсететін 25 фельдшерлік пункт болған. Солардың 12-сі жеті жыл аралығында жабылған.
1997 жылы Бозкөл, Қожабақы, Қазалы, Түктібаевта ауылдық аурухана жабылып, емхана есігі ұйымдастырылды. 2 ауылдық емхана жабылып, Шәкен, Мұратбаев ауылдарында фельдшерлік амбулаториялық пункт етіп ұйымдастырылды. Бұл әрекеттер оңтайландыру саясатының ықпалымен жүргізілді. Сонымен ауданда 15 фельдшерлік пункт, Қызылқұм, Бекарыстан биде 2 ауылдық аурухана, 7 ауылдық емхана халыкқа медициналық көмек көрсетті.
1999 жылдан бастап, медицина саласына қайта көңіл бөлініп, жабылған Қожабақы ауылдық ауруханасы ашылды. Бір жылдан соң Жалпақ, Тасөткел, Моншақ, Үйрек ауылдарында фельдшерлік пункт қайта ұйымдастырылды. 2001 жылы бір фельдшерлік пункт (Томай) ашылды және Шәкен ауылдық емханасы ашылып, тері-жіңішке аурулары диспансері дербес мекеме болып қайта құрылды.
Қазалы ауданында ең бірінші типтік жобада ауылдық емхана 1989 жылы Жалаңтөс ауылында пайдалануға берілді. Кейін Мұратбаев және Ақтан батыр ауылдарында емхана іске қосылды. Ізе шала Жаңақұрылыс және Өркендеу ауылдық емханалары ашылды. Ал 1993 жылы сәуір айында аудандық емхана, ал қыркүйек айында Қалалық емхана ғимараттары салынып пайдалануға берілді.
1995 жылы тораптық аурухананың құрылысы біткен бөлігі пайдалануға берілді, 2001 жылы перзентхана және жүкті әйелдер емделетін бөлімінің толық құрылысы аяқталып, аудандық аурухананың осы бөлімдері көшіріліп жұмысын бастады.
Халық денсаулығы назарда
Бүгінде Қазалы аудандық аурухана құрамында 1 орталық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет, 15 медициналық бекет халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 165 жоғары білімді дәрігер, 750-ден астам орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді.
– Қазір ауданда дәрігермен қамтылу көрсеткіші 95 процентті құрап отыр. Дәрігер тапшылығын жою мақсатында аурухана есебінен 1 травматолог дәрігері оқытылып, білімін жетілдіруде. Медициналық көмектің сапасына кадрлардың қажеттілігі, айтарлықтай әсер етеді. Мамандар тапшылығын азайту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. 1 интервенционный аритмолог, 1 кардиолог, 5 жалпы тәжірибелі дәрігерлеріне жоғары оқу орындары арқылы сұраныс беріліп, дәрігер тапшылығын жою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда, – дейді көпбейінді аудандық аурухана бас дәрігері Қадірбек Алипов.
Осы күні облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының ықпалымен аймақта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2024-2025 жылдар аралығында 200-ден астам медицина қызметкері біліктіліктерін арттырды. Ресей, Беларуссия, Түркия мемлекеттеріне жіберіліп, білімдерін жетілдірді.
Сонымен қатар мамандар елдегі алдыңғы қатарлы медицина орталықтарында біліктіліктері арттырылып, жұмыс тәжірибелерінен өткізілді. Біліктіліктерін арттыру бойынша басымдылық ана мен бала денсаулығын сақтау саласына берілуде.
Жыл көлемінде облыс бойынша шттатан тыс кардиолог, нейрохирург, травматолог мамандары шақыртылып, шеберлік сағаттар өткізілді. Ота түрлерін кеңейту мақсатында жұмыстар жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтере отырып, дені сау ұлт қалыптастыру болып табылады.
Бүгінде ауданымызда ауқымды және қарқынды жобалар жүзеге асырылуда. 2023 жылы «Қызылқұм», «Абай», «Бозкөл» дәрігерлік амбулаторияларының ғимараттары жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің ықпалымен «Жетес би» дәрігерлік амбулаториясының ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игіліне берілді. Бүгінгі күні «Бекарыстан би» және «Болат жолы» дәрігерлік амбулаторияларының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазалы аудандық көпбейінді ауруханасы жанынан «Ұлттық жобасы аясында» құны 1 млрд 922 млн теңге болатын 42 төсек-орыннан тұратын жапсарлас ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде. Оның 21 төсегі кардиологиялық орталық, 21 төсек инсульт орталығына арналған. Аудандағы тағы да сүйінші жаңалық жыл соңына дейін «СК-Фармация» ЖШС-гі арқылы КТ (копьютерлік томография) аппараты алынып, толық пайдалануға беріледі. Ал МРТ (магнитті резонаныстық томография) медициналық аппараты салынып жатқан жапсарлас құрылыс ғимаратымен бірге берілетін болады.
Шалғай орналасқан елді мекендердегі халыққа 1 жылжымалы медициналық кешен алынып, тұрғындар игілігіне берілді.
Мұратбаев», «Шипагер», «Пірімов», «Жалаңтөс» дәрігерлік амбулаториялары, «Басықара» фельдшерлік-акушерлік бекеті мен ІІ ғимаратының (бұрынғы туб.диспансер) жылу жүйелері газға қосылды.
Медициналық көмек көрсетудің басты принципі – бұл қолжетімділік. Халықтың сұранысына сәйкес медицина ұйымдарының автопаркі жаңартылды.
Былтыр лизинг арқылы аудан бойынша барлық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау ұйымдарына 23 дана санитарлық автокөлік берілді. Енді елді мекендерде санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді.
Соңғы 2 жыл ішінде ауруханаға офтальмологиялық құрылғы аппараты, Эндоскопия, Монитор, УЗИ, электрокардиография, биохимиялық анализатор медициналық құрылғылары алынды.
Биыл аурухана Халықаралық Ұлттық аккредитация стандарттарына байланысты барлық қызмет түрлерінен жоғары дәрежеде баға алып, 1-ші санаттағы аккредитация дәрежесі берілді.
Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің төмендеу динамикасын сақтау және тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады дейді мамандар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА