Мақсат айқын, бағыт анық
Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасында 2018 жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісі өтті.
Басқосуға Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан және аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасарлары, бөлім меңгерушілері мен мамандар қатысты.
Басқосуда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлжихан Нысанова 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер туралы баяндады.
Гүлжихан Тасеменқызының айтуынша, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасы өткен жылы өзіндік қиыншылықтарымен қатар, жаңа жетістіктерді еңсерді. 2018 жылдың алғашқы күндерінде жаңа аурухана пайдалануға беріліп, аудан халқының денсаулығын нығайтуға үлкен ықпалын тигізуде.
– Жаңа аурухана заманауи аппараттар мен озық технологиялармен жабдықталған. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімі – перинатальды көмекті өңірлендірудің екінші деңгейіне ауыстырылды. Арнайы мамандар біліктіліктерін жетілдіру курстарында оқытылды, стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталды.
2019 жылдың наурыз айынан бастап Ангиограф медициналық аппараты іске қосылып, Қазалы, Арал, Қармақшы ауданы тұрғындарының денсаулық сапасын арттыруға сүбелі үлес қосатын болады. Тиісті мамандар даярланып, облыстық медицина орталығында жұмыс орны есебінен толық тәжірибеден өткізілді, – деген бас дәрігер алға қойылған жұмыстарды жүзеге асыруға күш салынатындығын айтты.
Мұнан соң бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Әлішева «Қазалы аудандық ауруханасы бойынша жол карталарының орындалуы» жөнінде баяндама жасады.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактикалық көмек жөніндегі орынбасары Олжас Ермекұлы аудандық денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, бірқатар медицина қызметкерлерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында дәрігер хирург Кенесары Баспаев, ұйымдастыру-әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Бағдагүл Аймағамбетова, дәрігер педиатр Әсия Ізтілеу, дәрігер акушер-гинеколог Сәуле Күтекеева, дәрігер иммунолог Айнагүл Иімбеттер бар.
Ж.СОВЕТҰЛЫ