ҚҰМАР ОЙЫН – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Құмар ойын деген не? Оның зияны мен зардабы кімге тиеді? Құмар ойын неге опа бермейді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Құмарлық – белгілі бір құбылысқа тәуелділік. Ал, құмар ойын – тәуелділік пен қатар «тәуекелдік». Бір сөзбен айтқанда ақылсыздыққа дейін ойнау. Құмарлық – емделмейтін ауру. Бұл дерттен емделудің бір – ақ жолы «бас тарту». Құмар ойынға құныққандар өз істерінің дұрыс емес екенін түсінбейді. Себебі бұл ауруға шалдыққан адам ақыл – есінен айырылып, ойынға деген ашкөздіктен көздері көрмей қалады.
Құмар ойын қалай пайда болған?
Алғашқы букмекерлік кеңсе 1850 жылы Лондонда мекеме ретінде пайда болыпты. Бұл ойын мекемесінің негізін қалаушылар британдық азамат – Л. Дэвис пен Ф.Свинделл. Құмар ойын негізінен бәс тігуден басталған. Бай– бағландар бәйгеге бәс тігіп, қомақты қаржы тіккен. Бәйгеден басталған бәс, уақыт өте футбол сияқты басқа да спорттық ойындарға тігіле бастаған. Лондонда пайда болған құмар ойынға деген құмарлық кәрі құрлыққа тез тарады. XIX ғасырда пайда болған букмекерлік мекемелер XXI ғасырға дейін үздіксіз дамып келеді. Бұл жыл өткен сайын құмар ойынның құрбандары көбейіп жатқанының айқын көрінісі. Осы бір дерт әлемдік проблемаға айналды. Технологияның дамыған заманында сымсыз телефонға тәуелділік пен қатар құмар ойынға деген құштарлық бірін-бірі жалғап тұрған көпір іспеттес. Көп ата – аналар балам тыныш болсын деп бастарына бір – бір телефоннан беріп қояды, бұл әрекет баланың болашағына балта шабады және ютуб, тик ток сияқты әлеуметтік желілердегі букмекерлік кеңселер жарнамасы баланың санасын улап, тәуелділікке бастау болады.
Жақында бір танысымның құмар ойынға тәуелді болып және одан құтылу үшін психологпен жұмыс істеп жатқанын естідім. Ол алғашында достарымен қызық үшін онлайн букмекерлік сайтқа тіркеліп, ставка жасап көрді. Алғашқы ұтқан 10 000 теңгесі оны шабыттандырып, жиған 100 000 теңгесін толықтай бәске тігуге жұмсады, бірақ ұтылып қалып, бар ақшасынан айырылыпты. Ол бұл әрекетінің артында психологиялық тәуелділік жатқанын кеш түсінді. Бүгінде ол бұл әрекетіне қатты өкінетінін айтып, басқа жастарға құмар ойыннан аулақ болуға кеңес береді.
Қорытындылай келе құмар ойын – жеңіл ақша емес, ауыр зардап. Ол тек қаржылай шығын емес, рухани күйзеліс, психологиялық тәуелділік пен қоғамдық күйреуге апаратын жол.
Ақбота ҚОЛҒАНАТ,
Қорқыт ата атындағы
ҚУ-дың 1– курс
студенті