Отбасы-тұрмыстық құқықбұзушылықтар: әлеуметтік мәселелер мен құқықтық жауапкершілік
Фото: astanatv.kz
Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы тікелей отбасының беріктігіне байланысты. Алайда қазіргі таңда отбасы институтына қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі – отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтар. Бұл – тек жеке отбасы мүшелерінің арасындағы жанжал емес, тұтас қоғамның денсаулығына нұқсан келтіретін әлеуметтік проблема.
Отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға отбасындағы физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық зорлық-зомбылықтың барлық түрлері жатады. Мұндай әрекеттер көбінесе әйелдер мен балаларға бағытталып, олардың денсаулығына, өмір сүру сапасына және дамуына кері әсер етеді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтарға қарсы бірқатар құқықтық нормалар көзделген. Атап айтқанда:
"Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" ҚР Заңы қабылданған;
Қылмыстық кодексте және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте нақты жауапкершілік түрлері белгіленген;
Қорғау нұсқамасы, арнайы шектеу шаралары сияқты тетіктер қарастырылған.
Сонымен қатар жәбірленушілерге психологиялық және құқықтық көмек көрсету орталықтары, сенім телефондары және тұрмыстық зорлықтан қорғану орындары жұмыс істейді.
Мәселені тек жазалау арқылы емес, алдын алу шаралары арқылы шешу маңызды. Бұл бағытта отбасылық тәрбиені нығайтуға және қоғамдық санада зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға мән беру керек. Мектептер мен ЖОО-ларда құқықтық және психологиялық сауаттылықты арттырылуына көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен бірге БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту қажет.
Отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтар – бұл тек құқықтық мәселе ғана емес, бұл – қоғамның моральдық, рухани және әлеуметтік саулығының көрсеткіші. Сондықтан оған қарсы күресу – тек мемлекеттік органдардың емес, әр азаматтың, әр отбасының, бүкіл қоғамның ортақ борышы.
Ж.Қ.БЕРЖАН,
Қазалы аудандық сотының бас маман-
сот отырысының хатшысы