Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзіңдегі бармен басқаға бақыт сыйлайсың

Өзіңдегі бармен басқаға бақыт сыйлайсың

Оның арманы асқақ, жеңісті жолы жалынды. Ержүрек қыздың ерлігін елі талай мақтан тұтты. Талант пен талапты табандылыққа тоғыстырып, шеберлігін шыңдап, жеңіске деген мұқалмас жігерімен спорт көшін алға жетелеп, талай халықаралық, республикалық додада топ жарған Жансая Мұрат – Қазалының перзенті.

Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Ел мерейін мәртебелеп, абыройын асқақтатын спорттың арқасында Қазақстанды жалпақ жұрт таныды. Тәуелсіздік төрге озғалы бері де спорт саңлақтармыз түрлі жарыс­тарда ел әлеуетін көрсетіп, абыройын асқақтатты. Күрес өнерінде қоржынға бірнеше рет медаль салған Жансая бүгінде өзі туған өлке спортының өрісін кеңейтуге күш жұмылдырып келеді.
Жансая Ерланқызы 1995 жыл 12 маусым Қазалы ауданында дүниеге келген. Сөзге жоқ, іске мығым қыз бала күнінен ептілігімен көптің есінде қалады. Спорт тек күшті ғана емес, сондай-ақ ақыл-ой тереңдігін қажет ететін сала. Мектептің 6 сыныбында алғаш дзюдо үйірмесіне қатысуға ниет білдірген өспірім небәрі бір жылдан соң облыс орталығы – Қызылорда қаласында орналасқан Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға қабылданады.
Бойында күш-қуаты тасыған қызды шыңдауда ата-ана, жақындарының қолдауы, сөзсіз, қажет. Татамиде түрлі сынға кезіккенде шыдас беруіне себепкер болған жанның үлесін Жансая бойтұмарындай бағалайды. «Менің жеңістерімнің артында моральдық және материалдық қолдаушым әжем тұр» дегенді айтудан жалықпайды. Батыр қыздың әжесі Бақыт Нұрғалиева немересінің әрбір қадамына қуанып, қиналғанда да ақыл-кеңесімен демеу беріп отырады екен.
Алғашқы жолдары арудың санасына терең қатталған. Алға қойған мақсатын орындап, жеңісті жолға адымдатқан айтулы кезеңді ұмыту мүмкін болсын ба?..
2011 жылы дзюдодан 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған ару алғаш рет Қазақстан Республикасы чемпионатында жеңімпаз атанады. 2013 жылы жастар арасында ел чемпионатында қола жүлдегер ретінде танылады.
2013 жылы Қазақтың спорт және туризм академиясына қабылданған талапкер 2018 жылы аталмыш оқу орнын үздік дипломмен тәмамдайды.
2016 жылы Түркменстан мемлекеті Ашхабаттағы Азия чемпионатында қолаға қол жеткізсе, 2017 жылы Ресей Федерациясында ұйымдастырылған ТМД елдері арасында өткен халықаралық жарыста жеңімпаз атанады. Сол жылы өткен Әлем кубогында қола жүлдегер атанады.
Кейіпкеріміздің жүрген жолына үңілсек, көңіл қуантар көріністерге кезігесің. Атап айтсақ, дзюдо, самбо, грепплинг, қазақ күрісінен спорт шебері нормативін орындаған. Жарыс­та алған жарақатына байланыс­ты спорттық жолды тоқтуға мәжбүр болады. Бұл жігерлі қызды жасытпайды. Бар күшін бойына жиып, жиған тәжірибесі мен тәлімін жас буынға бағыттауды мақсат тұтады.
Қазіргі таңда №17 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резервтің мектебінде жаттықтырушы қызметінде. Жат­тық­тырушы – талапкерлерді спорт түрлерінің қыр-сырына машық­тандыратын маман. Әдетте жеңім­паздар мен жүлдегерлер жетістігі шеберлік деңгейі жоғары, үйретіп, тәрбиелеушілер еңбегіне тікелей байланысты. Мамандық сонымен бірге тәрбиелілік, парасаттылық, жан-жақтылық пен ұстамдылықты қажетсінеді. Жансая Мұрат үшін шәкірттерінің жеке тұлғасын құр­меттеу, жүктемелер кезінде қайта қалыптастырып, әрбірінің даралыға орай ықпал ету маңызды.
«Балам бұған дейін бірнеше үйірменің есігін ашып, жапқан. Жансая жаттықтырушы баулитын үйірмеге жазылғанда да сондай әсер күткенбіз. Алайда жағдай түбегейлі өзгерді. Мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары алдында төмен қарап тұратын тентегімнің тәрбіті түзелді. «Өз ісінің шебері» деген теңеуді осындай адамдарға байланысты айтатын шығар. Әр балаға анасындай алаңдайды. Жарыстарға апарғанда, балалар бұрын болмаған жерлерге апарып, аралатып жүреді. Бұрын ұйқысынан әрең тұтаны ұлым қазір сенбі күні үш рет жаттығуға барады. Қол жеткізген табыстары да аз емес», – дейді Әсем Жұбантаева.
Бүгінге дейін Жансаяның «шеберханасынан» 4 әлем чемпионы, 7 Қазақстан Республикасы чем­пионының, 18 спорт шеберлігіне үміткерлер шығуы «еңбегі далаға кетпегендігін» көрсетеді. Қатарында Ерсұлтан Қайыржан, Айкүнім Русланқызы, Аружан Алматбаева, Наргиз Яхып, Айжан Ерқосай, Үміт Ысқақ, Әсет Боташ, Нұрай Арыстанова, Ерасыл Боташ, Жасмин Оралбай, Фердоуси Нұрғалилер бар.
Спорттың бүгінгі беталысы туралы пікірін сұрадық.
«Спорттың бұқаралық сипатын арттыру – мемлекетіміздің алға қойған стратегиялық басым бағыттарының бірі. Өңірімізде де саладағы ірілі-ұсақты істер серіпін беріп, көлемін ұлғайтып келеді. Бұл жігерлі жолды төрге оздыруға бағытталған бас­тама, мүмкіндік. Спорт мектептері мен орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, озық талаптарға сай нысандардың бой көтеруі, спорт алаңдарының көптеп салынуы – осының айғағы. Осыларды көріп, қуанамын. Мен үшін ең үлкен бақыт – шәкірттерімнің биік тұғырдан көрінуі», – дейді.
Сұхбат барысында «Өзіңізді тағы қандай салада сынап көрер едіңіз?» – деген сұрақ қойдық.
«Қандай мүмкіндік, қай кез болса да, тек спортты таңдар едім. Ол өз күш-жігеріңе дем, мүлт кеткен мезетіңді қайта дұрыстауға мүмкіндік бетін, бастысы, өзіңдегі бар қабі­летпен басқаларға бақыт сыйлай алатын саф өнер болуымен құрметті, сыйлы», – дейді.
Біз де бозкілем балуандарын бау­лып жүрген жерлесімізге «Кәсіби табыс төрінен көрініңіз!» деген тілектестікпен тарқастық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
30 наурыз 2025 ж. 319 0

Бау-бақшасы жайқалған

30 наурыз 2025 ж. 250

Жеңімпаз атанды

30 наурыз 2025 ж. 247

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31