Аудан абыройын асқақтатқан
Осы біздің жұрт аудан намысын абыроймен қорғап, талай додаларда төбе көрсетіп жүрген №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің грэпплингші жастары жайлы біле ме екен? Спорттың бұл түрі жергілікті жерде ашылғанына 7 ай ғана уақыт болса да, олардың жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Жуырда аталған бөлімге аялдап, болашағынан үлкен үміт күттіретін өскіндермен тілдесіп қайтқан едік.
Жалпы грэпплинг қойын-қолтық ұрыс.Қарсыласын ұстап, одан физикалық артықшылыққа ие болу үшін жақын қашықтықта күреседі. Сондай-ақ мұнда шорти-футболка және киманомен өнер көрсетеді. Жасөспірімдерді үнемі спортқа баулып, жоғары жетістікке жетуге жетелеген мектептің грэпплинг бөлімінің жаттықтырушысы Жансая Мұрат күреспен айналысып келе жатқанына 12 жыл болған. Ұзақ уақыттан соң туған жеріне оралған ол ауданда спорттың бұл түрі ашылуын көздейді. Осылайша аудандық спорт бөлімінің ықпалымен ашылған грэпплинг аз уақыт ішінде өз жұмысын бастап кетті.
– Бүгінгі күні жастар таңнан кешке дейін ұялы телефонда уақыт өткізетінін көріп жүрміз. Бастапқы мақсатым – осындай жасөсіпірмдерді күрестің жаңа түріне шақырып, олардың денсаулығына көңіл бөлу.
Бөлімнің тұсауы кесілгеніне көп болмаса да балалардың көрсеткіші жаман емес. Ептеп бұған қызығатындардың қатары артып келеді. Қазір мұнда 40-қа жуық өскін жаттығу жасауда. Қай додаға сапарға шықсақ та, қолдау көрсетіп барлық жағынан жағдай жасайтын аудандық спорт бөліміне алғысымыз шексіз. Әрі қарай тынбай еңбек етіп, жергілікті жерде грэпплингті жандандырып, жақсы көрсеткіштер көрсетуді көздейміз. Мақсатым – ауданнан Әлем, Олимпиада чемпиондарын шығару, – дейді жаттықтырушы.
Өткен мамыр айының 1-2 күндері аралығында Шардара қаласында 2001-2003 жылы және 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында грэпплинг күресі спорт түрінен чемпионат ұйымдастырылған еді. Онда спортшы қыздарымыз грэпплинг және грэпплинг ги спорт түрлері бойынша сынға түсіп, республикалық турнирден 4 медалдіқоржынға салған болатын. Оның ішінде Меруерт Дәулетбаева есімді оқушы жастар арасында 49 келі салмақ дәрежесі бойынша үшінші орын иеленсе, үлкен жасөспірімдер арасындағы сында Назерке Жұмаділова 90 келіден екінші орынға лайық деп танылды.
Одан бөлек 15-16 сәуір аралығында Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында чемпионат өтті. Мұнда да спортшы жастар аудан намысын абыроймен қорғап, 5 медаль еншіліп қайтты. Атап айтсақ, Үміт Ысқақ пен Айда Оралбай 52 келі салмақ дәрежесінде үшінші орын алды. Сондай-ақ үш спортшы Азия әлем біріншілігіне жолдама алып, алдағы 20 тамызда Ресейдің Уфа қаласында өнер көрсетеді. Ол ұлдар арасында 30 келі салмақта екінші орын иеленген Әсет Боташ болса, 38 келі екінші орын алған Айжан Ерқосай. Сонымен қатар 30 келі салмақта бірінші орынды қанжығасына байлаған. Аружан Алматбаева аудан абыройын көкке көтерді. Ақтық бәсекеде жарақат алғанына қарамастан соңына дейін күрескен оның алға қойған мақсаты мүлдем бөлек.
– Жаттықтырушымыз қатаң талап қойып, күніне 2 мезгіл дайындық өткізеді. Соның нәтижесінде біз жақсы көрсеткіш көрсетуге ұмтыламыз. Мұнан бөлек әке-шешеміздің қолдауы қай кезде де жеңіске жетелейді. Кез келген спортшының алға қойған мақсаты – әлем чемпионы болу. Біздің де мақсат Қазалы атын жер-жиһанға танытып, абыроймен өнер көрсету, – деді Аружан.
Жаттықтырушы Жансая Мұратпен әңгіме барысында №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Бақытбек Мамбетжанның қолдауы ерекше екенін аңғардық. Ал басшы бұл жастардың болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмады.
– Қазіргі аудан спортшыларының деңгейі көңіл көншітерліктей. Спорттың қай түрінен болмасын жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Өткен жылдың соңында ашылған жаңа күрес түрі, яғни грэпплингке ағылып жатқан өскіндердің аяқ алысы жаман емес. Барған жерден құр қайтып жүрген жоқ. Аудан намысын жоғары деңгейде қорғап, мақтанышымызға айналып келеді. Олардың алар асуы әлі алда. Талай ақжолтай жаңалықтармен халықты қуантатынына сенім мол, – деді Бақытбек Қасқырбекұлы.
Аз уақыт ішінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жастардың алдағы күндеріне сәттілік тілеп, байрақты бәсекелерде топ жаруын тіледік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК