Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саңлақтары

Спорт саңлақтары

Айналасы азғантай уақыттың ішінде қазалылық спортшылар толағай табыстарға қол жеткізді. Әсіресе, бізді жастардың жоғары жетістіктерге қол жеткізгені ерекше қуантты.

Сонымен...
Қазалылық қайсар қыз Гүлсая Ержан бокстан чемпион атанды. Ол Түркістан облысының Арыс қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасында өткен ҚР чемпионатында жастар арасында сынға түсті. Жерлесіміз 81 келі салмақта алтыннан алқа тағынды.

Дәл осы турнирде жасөспірімдер арасында бақ сынаған тағы бір жерлесіміз Арайлым Бақытжанқызы қола медальға қол жеткізді.

Ақтанбатырлық Ғалымбек Нұрғали да жастар арасындағы ел біріншілігінде жеңімпаз атанды. Білікті бапкер Нұрталап Лекеровтің шәкірті Әулиеата жеріндегі дүбірлі додада туған жердің абыройын асқақтатты. Осылайша 72 келіде белдескен балуан грек-рим күресінен жастар арасындағы ел біріншілігінің алтын медалін ұтып алды.

Бұл біріншілікте Ғалымбектен бөлек бозкілем төріне шыққан қазалылықтар да жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Жеңіске бір қадам қалғанда сүрінген Рахат Сағымбай күміс медаль иеленсе, Еламан Аюп пен Айберген Тәукен үшінші орын тұғырынан көрінді.

Тағы бір тарланның бокс бәсекесінде бәсі биік болды. Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 6-сыныбында оқитын Ерхан Оңталапов Қызылордада халықаралық дəрежедегі AIBA төрешісі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серікбай Əбденəлиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған бокстан ҚР Батыс аймақтық чемпионатында топ жарды. 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы бұл сында жерлесіміз 30 келі салмақта сынға түсті. Бапкері №17 Қазалы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Жеңіс Боранбай.

Республикалық турнирге қатысқан Құтай Орынбет те жерлестерін жерге қаратпады. Әйтеке би кентіндегі спорт кешенінде жаттығатын жас спортшы Өскемен қаласында таеквондодан кадеттер арасындағы жарыста қола медаль еншілеп, мерейімізді үстем етті.
Таразда ересектер арасындағы грэпплингтен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жерлесіміз Жансая Мұрат күміс медаль еншіледі. 63 келіде жарыс жолына шыққан Айболат Әбеновтың шәкірті ақтық сындағы қарсыласы алматылық Мариям Ордабаеваға ғана жол беріп қойды. Бұл күндері ол грэпплингтен Қазақстан құрамасы сапында Қытайдың Пекин қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындық жүргізуде.

Айта кетейік, Жансая самбодан еліміздің екі дүркін, дзюдо және қазақша күрес жеңімпазы. Сондай-ақ, ересектер арасында Азия чемпионаты мен Әлем кубогында қола медальға қол жеткізген.

Ж.АЙЫМҚҰЛОВ
12 наурыз 2019 ж. 2 724 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 45

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031