Қайыржан бағындырған белес
Біздің жұрт талай додаларда төбе көрсетіп жүрген №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің грэпплингші жастары жайлы жақсы біледі. Спорттың бұл түрі жергілікті жерде ашылғанына жылдан аса уақыт болса да, олардың жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Кеше Испанияның Понтеведра қаласынан тағы да жағымды жаңалық жетті. Мектептің спортшысы, жерлесіміз Қайыржан Ерсұлтан грэпплинг гиден Әлем чемпионатында күміс медаль иеленіп, абыройымызды асқақтатты.
Нақтыласақ, 12-15 қазан аралығында алпауыт Испания мемлекетінің Понтеведра қаласында грэпплингтен кадеттер, жастар және ересектер арасында Әлем біріншілігі өтуде. Аталған додада білікті бапкер Жансая Мұраттың шәкірті 16 мен 17 жас аралығындағы спортшылардың ішінде 42 келі салмақта бақ сынады.
– Жалпы грэпплинг қойын-қолтық ұрыс. Қарсыласын ұстап, одан физикалық артықшылыққа ие болу үшін жақын қашықтықта күреседі. Сондай-ақ мұнда шорти-футболка және киманомен өнер көрсетеді. Мұны неге айтып отырмын. Өйткені грэпплингті жұрт дзюдо немесе басқада спорт түрімен шатастырмауы тиіс.
Испанияда өтіп жатқан аламанға келетін болсақ, менің күміс қанжығалаған шәкіртім Қайыржан өз мықтылығын, деңгейін көрсетті. Аудан, облыс қана емес, елдің мерейін үстем етті. Бұл бастамасы. Әлі талай №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің грэпплингші ұл-қыздары талай жерде топ жарады. Сондықтан басты мақсатымыз үшін тер төгіп, еңбек ететін боламыз. Қолдау көрсеткен барша жақындарға алғысымыз шексіз, – деді жаттықтырушы Жансая.
Кеше ғана осы мектептің жаттықтырушысы Самат Оспанның Әлем чемпионатында грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы күміс жүлдені еншілегенін сөз етіп, төбеміз көкке сәл жетпегендей болып еді. Ал Қайыржанның бұл жеңісі мерейімізді одан әрі үстем етті. Бақытбек Мәмбетжан басқаратын мектепті жұрт «жеңімпаздар ұстаханасы» деп бекерден-бекер айтпайтыны осыдан.
Абзал ЖОЛТЕРЕК