Табанды еңбек – табысқа жетелер

– Анар Барлыққызы, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қоғамда қалыптасқан түсінік бойынша қыздарға тән мұғалімдік немесе дәрігерлік қызметті таңдамай, ерге тән теміржолшы мамандығына қалай ат басын бұрдыңыз?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды шешім арқылы жұмысшылардың мәртебесін арттырып, олардың еңбегіне қоғамның назарын аударатын кез келді. Қолдау мен қамқорлықтың арқасында жұмысшы мамандардың беделі өсіп, Қазақстанның экономикалық әлеуеті одан әрі дами түсетіні сөзсіз. Бұл – керемет қозғау салған тың бастама болды.
Қазалының киелі топырағында дүниеге келдім. №17 Теміржол қазақ орта мектебінде білім алдым. Әкенің де, ананың да жолын жалғастырған перзентімін. Себебі әкем теміржолшы-инженер болса, анам педагогтар династиясынан шыққан ұстаз. Ғасырлар тоғысында, 2000 жылы арманымды арқалап, Ақтөбедегі М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік-коммуникация академиясының «Қозғалысты басқару» факультетіне оқуға түстім.
2006 жылы өндірістен шақыртылып, №5 кәсіптік мектепке (Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің бұрынғы атауы) арнайы пән оқытушысы болып жұмысқа қабылдандым. Балалар алдында дәріс бере жүріп, өзімді шыңдауды ешқашан ұмытқан емеспін. Әкемнің «адам өмір бойы оқу керек, ешқашан бәрін білемін деп айтпа» деген өсиетін жадымнан шығармадым. Соның нәтижесінде әр жылдары түрлі байқаудан бақ сынап, жүлделі болдым.
Атап айтқанда, 2010 жылы «Баланың бағбаны – мұғалім» атты облыстық байқаудан ІІ орын алдым. «Үздік өлшеу құралы» атты республикалық сайыста І орын иелендім. 2014 жылы «Жасыл ел – жасыл экономика» тақырыбындағы облыстық байқауда І орын, «Үздік арнайы пән оқытушысы» облыстық байқауында төрт мәрте жеңімпаз атандым. Техникалық-кәсіптік білім беру саласының «Еңбек форумында», «Жас өнертапқыш» сайыстарында өзіммен бірге шәкірттерім де бірнеше рет үздіктер қатарынан көрінді. ЭКСПО-да Күн сәулесінен энергия алатын басқару құралын ойлап тауып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Нәтижесінде энциклопедияға үш тілде мақалам жарияланып, «Жас ғалым» төсбелгісімен марапатталдым. Оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған білім сапасын анықтау департаментінде «Үздік сарапшы» атына лайық деп танылып, алғыс хат алдым. Тәуелсіз аккредиттеу орталығында үздіксіз 10 жыл сарапшы-мұғалім болып, республикамыздағы 130 колледжге тексеру жүргізуге қатыстым. Оқу бағдарламаларын реестрден өткізуге сарапшылық жасадым. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин академиясының Алғыс хатын алдым. «Үздік 100 топ мұғалім – 2021» байқауында Қазақстан мұғалімдерінің арасынан 100 есімнің бірі болып танылғанымды да ізденіс пен еңбектің арқасы деп білемін.
Теміржолдағы әлеуметтік серіктес мекемелер атынан «Адал еңбегі үшін» деген төсбелгіні кеудеме тақтым. ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің, оқу-ағарту министрлері А.Аймағамбетовтің алғыс хатын, 2024 жылы Ғ.Бисембаевтың қолынан «Техникалық-кәсіптік білім беру ісінің үздігі» деген марапат алдым. Мамандығым бойынша төрт анықтамалық кітаптың авторымын. Олар бүгінде өндірісте қолданыста жүр. Сонан бері жиырма жыл өтіпті. Өз мамандығымды шексіз сүйемін. Теміржол саласының қыр-сырын алдыңда отырған студентке ұғындырып, болашағына жол көрсетсең, бейтаныс әлемге жетелеп, қолына теміржолшының қолшамын ұстатып, шойынжолға бағыт сілтесең, тереңіне сүңгітсең содан өзің рақат табасың. Алғаш оқытушы болып қабылданған сәтімнен жасөспірімдермен бірге етене жұмыс істеп, санасына сәуле құюды азаматтық парызым деп санаймын. Олар бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде тоғыз торап бойында күн-түн тынбастан күш-жігерлерін жұмсап, еңбек етіп жүр.
– Анар Барлыққызы, мемлекет басшысы айтып өткендей, теміржол болмаса, экономика дамымайды. Осы орайда кәсіптік колледждердің атқаратын міндеті қандай?
– Теміржол саласының ардагерлерімен жүздесуінде ел Президенті теміржолдың даму перспективасы жөнінде пікір алмасқан еді. Сонда «Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, экономика дамымайды. Мен теміржол саласын өркендетуге баса мән беремін. Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт.
Қазір мемлекеттер көлік-логистика мүмкіндіктеріне ие болу үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қазір ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логистикалық тізбектерді жолға қою. Еңбектеріңізді бағалаймын. Ең бастысы, сіздердің қызметтеріңізді қоғам айрықша құрметтейді. Сондықтан бірге жұмыс істеуіміз керек», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Темірдей тәртіп, еңбекқорлық, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын, кәсібилікті ту еткен теміржолшылар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді. Біздің міндетіміз – жұмысшы мамандықтар жылына орай жүйелі стратегиялық жоспар жасап, соған сай шаралар ұйымдастыру. Студенттердің кәсіби білім алуына тиісті жағдай жасау, білігін шыңдау, өндіріспен тығыз қарым-қатынас орнату. Колледж қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттердің жұмыспен қамтылуын назарда ұстау, қамқорлық таныту. Сонымен бірге жастарға мектеп қабырғасында негізгі білім алғаннан кейін жұмысшы мамандықтарын игеруге, мемлекетіміздің әлеуеті үшін өндіріске теория мен практиканы ұштастырып, даярланған кадрларды дайындап шығаруға барынша атсалысамыз.
Бүгінде Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі қабырғасында білім алып жүрген студенттер саны – 303. Олар теміржол саласының түрлі мамандығы бойынша тәлім алуда. 9-11 сыныптар негізінде 16 мамандық бойынша оқытылып, бітіруші түлектердің дипломдарына қосымша 42 біліктілік жазылатын болады.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп атап көрсетті. Ғасыр тарихы бар колледжіміз бүгінге дейін ұясынан сан мыңдаған шәкірт ұшырғанын мақтан тұтамыз. Олай болса, колледж дайындаған кәсіби мамандар – кешегі екінші дүниежүзілік соғыс заманында да, бүгінгі бейбіт шақта да еңбек адамдарын жетілдірді. Қазақстан теміржолының дамуында әрқайсысының үлесі болса, біздің ұжымның маңдай терінің адалдығы деп білемін.
– Жас мамандардың жұмыспен қамтылуын қалай ұйымдастырасыздар?
– Бізден диплом алып шыққан жастарды жұмыспен қамту мақсатында Ұлттық бірыңғай деректер қорына тіркеп отырамыз. Мысалы, 2024 жылы бітірген түлектеріміздің жұмысқа орналасуы немесе жоғары оқу орнына түсуі 91/2 процентті көрсетті. Әлеуметтік серіктестер қатарында бірталай мекеме бар. Олар: Қазалы Локомотив жөндеу зауыты, Қазалы Қамқор вагон депосы, «СЧ-40» Белгі беру байланыс дистанциясы, «ДН-10" Қазалы станциясы, Ірілендірілген теміржол станциясы. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеру жолында колледж ұжымы серіктес мекемелермен өзара ынтымақтастықта еңбек етуде.
2016 жылдан бастап, дуальді оқыту жүйесі іске қосылған. Оның тиімділігі – студенттер оқу базасында теориялық білім алып, тәжірибені арнайы киімде техникалық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, өндіріспен ұштастырады. Қолмен ұстап, еңбек процесін сезінеді. Жұмыс істеу барысында еңбек келісімшарты жасалып, сәйкесінше разряд алады. Ал ең бастысы – бұл мерзім еңбек өтіліне есептеледі. Мемлекет басшысының бұл жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атауы ел дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, жұмысшы мамандығының беделін де көтереді.
Сондай-ақ «»Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданды. Елдің барлық өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Мұнда жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою қажеттілігі көзделген.
Қазақстанда кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған. Кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары арқылы жұмысшыларды даярлау жүзеге асырылады. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыру мен еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға ықпал етеді.
– Игі істеріңізге сәттілік серік болсын. Енді алға қойған жоспарларларыңызбен бөліссеңіз?
– Алда жоспар да, жұмыс та көп. «Жас маман» жобасы аясында 320000000 қаржы бөлінді. Бір мамандықтың үш біліктілігі бойынша жаңа кабинеттер, цех, зертхана бөлмелері ашылып, жабдықталды. Бұл балалардың оқу процесінде техника саласы бойынша ой-өрістерінің дамуына үлес қосатын жарақтар болып табылады. Колледждің заманауи оқу құралдарымен жасақталуы – заман талабы. Материалдық-техникалық оқу базасын жаңарту, жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып келеді.
Жұмысшы мамандықтары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланысты 7 бағыт 70 қадамды жыл бойы жүзеге асыру жоспары басты назарда болмақ. Ол – мамандықтар атласын әзірлеу; кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру; ТжКБ трансформациялау; білікті мамандар даярлау; сапалы жұмыс орындарын құру; жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау; жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру болып табылады.
Аталған шаралар жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру алға қойылған міндеттердің бірі. Осы бағыттар бойынша тәжірибемізді ортаға салатын боламыз. Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар екені айқын.
Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Мемлекетке мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Жыл сайын жаңа мамандықтар да пайда болуда. Қалай болғанда да өз саламыздың, ел экономикасының күретамыры саналатын алып теміржолдың тоқтаусыз жүйіткуіне, заман ағымынан қалмай өркендеуіне үлес қосу – кәсіби парызымыз.
«Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтерудеміз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Ел болып еңбек адамын қадірлей білуіміз керек. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
– Анар Барлыққызы, сізбен сұқбат барысында өзіңізге де, ұжымға да қоятын талабыңыз зор екенін байқадым. Өз саласын толық меңгерген кәсіби білікті, корпоративті басқару моделін жаңаша жүзеге асыруға талпынатын креативті басшылардың көп болуы ескіден жаңаға бет бұрудың көрінісі болып табылады. Ісіңізге сәттілік, ұжымыңызға толағай табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Гүлмира ЖАЛДЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі