Бабалар тойына тарту
Биыл қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері, кемеңгер ойшыл, шешен Әйтеке би Бәйбекұлының туғанына 380 жыл және Алаш жұртының арын арлап, елдіктің ақ туын көкке көтерген ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толды.
Біз ежелден елі сүйген ардақтыларын, батырлары мен сал-серілерін, даңқты дала қаһармандарын дәріптеп, ұлыларын қастерлеп келе жатқан халықпыз. Тәуелсіздік алғалы бері ауданымызда Жанқожа батыр, Жалаңтөс баһадүр, Ақтан батыр, «Асандар көтерілісі» құрбандары, Бекарыстан би, Мағзаман әулие одан бері қарай Роза Бағланова, Мәдина Ерәлиева, Ғани Мұратбаев сынды даңқты жерлестерімізге құрмет көрсетіліп, есімдері ұлықталып келеді. Қашан да өткенге бойлап, туған топырағымыздан түлеген тұлғаларды таныту, насихаттау мақсатындағы істерден тысқары қалмайтын қазалылықтар биыл тағы да ұлыларын ұлықтап, аяулыларын ардақтап, ұлы тұлғалардың мерейлі тойына толағай табыспен жетіп отыр. Мұнан бөлек, былтыр ғана барша Қазалы жұртшылығы ауданның 95 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткен болатын.
Дана халқымыз «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген. Бүгінге дейін қасиетті Қазалы ауданында қандай толымды тірлік, игі іс атқарылса, бұның бәрі де, алдымен аудан халқының қанына сіңген қасиет – ауызбіршілігі мен ынтымағының мұнан кейін бүгінгі күнге дейін ауданды басқарған басшылармен елге жанашыр азаматтардың арқасы. Міне осының негізінде ауданның абыройы артып, беделі беки түсті. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы жағынан Қазалы жасампаз өлке болып, көп салада ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар.
«Тамыры – терең, тарихы – кенен» құтты қойнауымыздың өткенін насихаттау арқылы, болашаққа батыл бетбұрыс жасау – ұлы бабаларымыздың мерейтойы тұсында бір арнада тоғысты. Оны жаңа кейіпте түрленіп, түлеген аудан орталығынан байқауға болады. Ел бірлігінің айғағындай болған осындай ізгі ниеттерден туған ілкімді істер мен атқарылып жатқан айшықты шаруалар бабалар рухына тарту деуге негіз бар.
Қазыналы Қазалы ауданы қашан да қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тіршіліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Ауданда жүріп жатқан жүйелі жұмыстарға, әрбір жағымды жаңалық пен жаңаруға жұртшылық куә. Қазіргі таңда әрбір саланың толымды тірлігінің арқасында аудан экономикасы тұрақты даму үстінде.
2024 жылдың 9 айында аудан экономикасының әр тарабындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмалар бойынша жүзеге асырылды.
Ел дамуында жетістікке жетудің бірден-бір жолы – экономика.
2024 жылы аудан бюджеті 11,0 миллиард теңгеге бекітілді. Есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 17,6 миллиард теңгеге жетіп 60,1 процентке өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103 процентке орындалды. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5 784 кәсіпкер тіркеліп, 5 588 бірлік, яғни, белсенділік көрсеткіші – 97 процент болды.
Аудан кәсіпкерлері тарапынан 8,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 193,1 процентке өсім қалыптасты. Жыл басынан бері ауданда жаңадан 22 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 82 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 270 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 4 млрд. теңге несие, грант қаражаты берілді. Бөлшек сауда айналымы 9,7 миллиард теңге болып, 4,7 процентке көбейді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша үстіміздегі жылдың 9 айдың қорытындысымен жалпы өнімнің көлемі 15,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,7 пайызға артқан. Аудан бойынша жылы барлығы 17 029 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. (2023 жылы 17 017 га)
Атап айтқанда, дәнді дақылдар 6 552 га, майлы дақылдар 55 га, картоп, көкөніс, бақша 2 101 га, мал азықтық дақылдар 8 321 га. Негізгі дақыл - күріш 6 200 га.
Ал егісті сумен қамту бойынша биыл ауданда су тапшылығы орын алған жоқ, биыл аймақ басшысының қолдауымен барлық егіс алқаптарына, шаруашылықтарға су уақытылы беріліп, диқандар судан ешқандай қиыншылық көрмеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, облыс бойынша өңделген сүттің 95,4 процентін, өңделген еттің 49,1 процентін өңдегені үшін Қазалы ауданы «Озат аудан» атанды.
Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі де басты назарда. Аудан халқының 97,3 проценті орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
– 2022 жылы 2025 жылға дейінгі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосудың егжей-тегжейлі схемасы бекітілді. Орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін Сарбұлақ (730,7 млн теңге), Шәкен (361.7 млн теңге), Шилі (235,7 млн теңге) елді мекендерді ауыз сумен қамту жобалары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Келер жылы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді деп жоспарлап отырмыз.
Электр энергиямен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, биыл жалпы құны 449,1 млн. теңге болатын 3 жоба – Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңарту, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Қожабақы ауылының электр желілерін қайта жаңғырту және Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде аудандағы электр желілерінің тозу деңгейі 70 пайыздан 62,5 пайызға төмендейді. Мұнан бөлек басқа да елді мекендерді электр энергиямен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Бүгінгі күні ауданның газдандыру көрсеткіші 65 пайызды құрайды. Биыл ауданда 2,2 млрд. теңгеге елді мекендерді газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Оның біріншісі 2023 жылдан өтпелі Абай ауылына орамішілік газ желісін жүргізу жұмыстары. Биылға елді мекенді газдандыруға 306,4 млн. теңге қаржы бөлініп санаулы күндерден кейін Абай ауылы көгілдір отынға қосылады. Екінші жоба Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына газ құбырын жүргізу жұмыстары. Жоба құны 1562,5 млн. теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал үшінші Ақтан батыр ауылына орамішілік газ тарту жұмыстарына 325,9 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жыл аяғына дейін Ақтан батыр ауылына көгілдір отынға қосылатын болады.
Осылайша ауданда елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жеткізілмек. Мұнан бөлек газ отынына бейімдеуге ЖСҚ дайын 8 нысанға 312 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты екені даусыз. Оған дәлел аудандағы құрылыс жұмыстары қарқынды және атқарылып жатқан шаруалар.
Атап айтсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен салынып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталмыш жоба аясында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан 600 орындық мектеп құрылысы басталмақ.
Сыр өңірінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен 2024 жыл «Руханият жылы» болып жарияланған болатын. Сол бағытта барлық аудандарда «Руханият» орталықтары салынуда. Біздің де ауданымызда құны 1,7 миллиард теңге болатын аталмыш нысанның іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орталықтың құрылысы келер жылдың басына дейін толықтай аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетін болады.
2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб нысаны құрылысын бастауға 200,0 млн теңге бөлініп, мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Олар құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентінденгі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 398,4 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би ауылынан спорт кешені және құны 537,7 миллион теңге болатын Қожабақы ауылындағы спорт кешені. Бұл қатарда 399,1 миллион теңгелік Майдакөл ауылынан 100 орындық ауылдық клуб та бар. Сондай-ақ былтыр аудан орталығында 600 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл Кәукей ауылындағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, ауыл халқының игілігіне пайдалануға берілді. Осы орайда айта кету керек аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің бойынан аудандық прокуратура ғимаратының да құрылысы жүргізілуде.
Былтыр аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 52 отбасыға баспана табысталған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғын жай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жақын күндері аудандағы 148 отбасы баспана қуанышына кенелмек.
Халық денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саланың материалдық-техникалық жағдайын нығайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Үстіміздегі жылы аудандық аурухана ғимаратына жапсарлас 42 төсектік қосымша құрылыстың (МРТ бөлімі, кардиология және инсульт орталығы) жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Аудандық ауруханаға 42 төсектік қосымша құрылыс жұмыстары биыл басталатын болады.
Мұнан бөлек биыл аудандық аурухананың екінші ғимаратының (бұрынғы тубдиспансер) бу қазандығын газдандыру үшін ОБ-тен 94,5 млн.теңге қаржы бөлінді. Айта кету керек, биыл аймақ басшысының қолдауымен аудандағы бірқатар денсаулық сақтау мекемелеріне 25 жедел-жәрдем автокөлігі табысталды.
Иә, аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан аталмыш нысандарға зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп, оның қарқынды, кестеге сай жүргізілуі тиісті мекемелер тарапынан ұдайы бақылануда. Себебі талап – қатаң, жұмыс – тұрақты болғанда ғана сапалы нәтиже көрсетеді. Жоғарыда аталған жұмыстар ауданда атқарылған құрылыс жұмысының бір парасы ғана. Жыл аяғына дейін әлі де біраз құрылыстың іргетасы қаланып, біршама нысанның іске қосылатыны анық.
Ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елдімекенішілік көшелердің жағдайы мен сапасына айрықша мән беріліп келеді. Аудандағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі қазіргі таңда 88,2 проценті құрайды.
Қазалы ауданында 2020 жылы басталып тоқтап қалған Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары биыл аймақ басшысының тікелей қолдауымен қайта жанданды. Жол құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 862 миллион теңге қаржы бөлініп, жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталмыш төрт жолақты жол құрылысын қазан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар биыл облыстық бюджеттен бөлінген 120,0 миллион теңгеге «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл» бағытындағы барлығы 20,4 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кенттегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жобасына 2024 жылға республикалық бюджеттен 691,8 млн.теңге қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, оның ішінде ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 69,0 млн теңге қаржы бөлініп, 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі Бегім ана, Сырым батыр көшелеріне күрделі жөндеу және С.Сейфуллин көшесін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Одан бөлек, 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жоғарыда аталған жұмыстар аяқталған соң жақсы жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 91 пайызға жеткізіледі.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінде көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр.
Қала, ауылдық округтердің, аудан орталығының көшелері, аяқ су арықтары, саябақтар, скверлер, мекеме, кәсіпорын аумақтары, елді мекендердің ішкі, сыртқы аймақтары тазартылып, саялы ағаштар, декоративтік көшеттер, гүлдер егілді, газондар күтімге алынды.
Әйтеке би кентіндегі ауданның бас қақпасы саналатын теміржол вокзалы аумағын, вокзал жанындағы Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр кесенесінің саябағы, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы Ақарық каналы мен Р.Бағланова атындағы 600 орындық аудандық мәдениет үйі аралығындағы «Руханият» скверін абаттандыру жұмыстары бүгінде толықтай аяқталуға жақын.
Сондай-ақ, биыл Орталық алаңды абаттандыру, «Жеңіс» саябағын Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналдыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
«Өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ» дейді халық даналығы. Әр халық өз өткенінен сабақ алып, мәдени мұрасын игілігіне жаратып, тарих парақталған сайын дами береді. Ал, дамудың өзі сол кешегі өткен тарихымызды ұмытпау, елі мен жері үшін қасық қанын қиған бабаларымызды бүгінгі жас ұрпаққа таныту болмақ.
Осы тұрғыда, Қазалы ауданында батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету және олардың есімін ұлықтау мақсатында қазан айының соңғы онкүндігінде республикалық деңгейде түрлі іс-шаралар өткізілмек.
Баршаңызды ел бірлігі мен бостандығын сақтау жолында жан аямай күрескен батыр бабаларымыздың мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Мейрамбек ШЕРМАҒАНБЕТ,
Қазалы ауданының әкімі.