Туған өңір – тұнған өнер
Жуырда Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығының жаңа ғимаратында төл мәдениетімізді дәріптеу арқылы ұлылардың ұлы ісін ұлықтау, ұлтымыздың әдет-ғұрпын, туған ел, туған жеріміздің тарихын насихаттау мақсатында биыл екінші рет ұйымдастырылған «Туған өңір – тұнған өнер» фестивалінде екінші аймақ бойынша Жанқожа батыр, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйлері мен Ү.Түктібаев, Майдакөл, Ақтан батыр ауылдық клубтары өнер көрсетті.
Екінші аймақ бойынша көркемөнерпаздар ұжымдарының Қазалы аудандық фестивалі өз дәрежесінде өткізілді.
Фестивальді Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жолтаев Болат Әбенұлы ашып берді. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі таланттарды анықтау мен өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдарды қолдауда мұндай шаралардың аса қажет екендігін жеткізді.
Шара Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің халықтық театрының «Ұлыларды ұлықтау» тақырыбында театрландырылған көрінісі мен ашылды.
Концерттік бағдарламада Майдакөл ауылдық клубының директоры Ермекбай Ағырай арнау орындаса, Қалымбетов Қаршыға Ж.Табынбаевтың сөзіне жазылған Н.Алғашбаевтың "Жанқожа батыр өр бабам" әнін орындады. Сонымен қатар, 5 кәсіпорын бойынша "Әжелер" ансамбльдері Б.Тәжібаевтың "Туған жер" әнін нақышына келтіре орындаса, Майдакөл ауылдық клубының "Інжу-Маржан" би тобы мың бұрала биледі. Әрі қарай концерттік бағдарламада көркемсөз, дуэт, трио, квартет, ұлт аспаптар ансамблі, вокалдық инструментальді ансамбльдер өнер көрсетті.
Фестивальде салт-дәстүрімізді насихаттау бағытында көрмелер ұйымдастырып көрсетіліп, әсем ән де, би де, арнау, театрландырылған көрініс те, вокалдық инструментальды ансамбльдердің әсем әуендері өнер сүйер қауымға рухани демалыс сыйлады.
Айта кетейік, фестиваль жалғасы үшінші аймақ сәуір айының 26 күні өтетін болады.