Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әйтеке би ескерткіші тұғырға қонды

Әйтеке би ескерткіші тұғырға қонды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сыр жұртына жаңа нысандар мен тарихи-мәдени орындар, тұрғын үйлерді сыйға тарту дәстүрге айналған. Осы бағытта Қазалы ауданында бірқатар сәулеттік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың ауданға кезекті іс-сапары кезінде Әйтеке би ескерткіші, Рәміздер алаңы ашылып, Ақтан батыр аулындағы абаттандыру жұмыстары көпшікке көрсетілді.
Қырымбек Елеуұлы бұл күні Сырдария өзенінде орын алған төтенше жағдайдың жай-күйіне ден қойып, суға тосқауыл жұмыстарымен танысты.
Ер есімі — ел есінде. Облыс басшысының алдымен Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей маңындағы жаңадан орнатылған Әйтеке би ескерткіші басында болды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген тұғыртас аудан ажарына сән қосып, қазақ халқының бірлігі мен татулығы жолында тер төккен тұлға, аудан жұртының даңқты жерлесі, қазақ хандығы құрылымын құруда ерекше атсалысқан би-шешен, қоғам қайраткері Әйтеке би Байбекұлының құрметіне қойылып отыр.
Биіктігі 12 метр ескерткіштің дәл осы орында орнатылуының өзіндік себебі бар. Қас беттері гранитпен қапталған мүсін маңынан келешекте аудан әкімдігі ғимараты салынып, айналасына түнгі жарық шамдар, көгалды алаң, гүлзарлар орнатылып, ағаштар отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолдары, жабын плиткалары салынып, кіреберіс жолдарына асфальтбетон төселу жоспарлануда.
Үстіміздегі жылдың қазан айында құрылысы басталған нысан Тәуелсіздік мерекесі қарсаңыда жұртшылыққа үлкен тарту болды. Қайталанбас өнер туындысының авторы — елімізге белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы сурет академиясының академигі, мәдениет қайраткері, мүсінші Қазбек Сатыбалдин. Облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқарамасы және аудандық құрылыс бөлімі тапсырыс берген жұмыс жергілікті және облыстық бюджет қаржысы арқылы жүзеге асқан. Бас мердігер «Промстройсервис-Е» ЖШС-ның жұмыстың жедел бітуіне ықпалы зор.
Ескерткіштің ашылу салтанаты облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың құттықтау сөзімен басталды.
—Біз ежелден елім деген ерлерін, билері мен батырларын, даңқты дала қаһармандарын қастерлеп, ардақ тұтқан халықпыз. Бұл төл тарихымыздан тағылым алу, ел бірлігін қамтамасыз ету — ертеңгі болашағымыздың баянды болуы үшін қажетті аса жоғары құндылығымыз. Міне, ел бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі Әйтекеге қойылған ескерткішті ашқалы тұрмыз.
Әйтеке би — қалың қазағының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған би, философ, мемлекет қайраткері. 25 жасында кіші жүздің бас биі болғаны тарихтан белгілі. Әз Тәуке құрған билер кеңесінің мүшесі, от тілді, орақ ауызды шешен, данагөй тұлға, аңызға айналған абыз баба қандай құрметке де лайық.
Кент пен қаланың ортасында Әйтеке би ұрпағына батасын беріп, лайықты тұғырында тұрғаны —орынды шешім. Осындай бабаларға құрмет ісін жаңғырту —азаматтық парызымыз, — деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі өз сөзінде мәдени шараның маңызы мен мазмұнына тоқталды.
Республика көлемінде Әйтеке бидің есімін есте қалдыру бағытында біраз жұмыстар жасалды. Оның атында аудан орталығы, көшелер бар. Қазір Қазалы ауданы орталығын кеңейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар көптің көз алдында. Оларды жүзеге асыруға ел қазынасынан биыл 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстар келер жылы да қарқынды жалғаспақ.
Осы аралықтан жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салу үшін жоспарланған жер учаскесі белгіленген. Қазалы қаласы — Әйтеке би кенті аралығындағы автокөлік жолдары қайта жаңартылып, жоба сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Бұдан бөлек әкімдік үйі мен 600 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізу қаржысы шешілсе, аудандық аурухана жанынан 250 орынға арналған аудандық емхана, 2 қабатты 12 тұрғын үй салу жобасы дайындалу үстінде. Келешекте жабық базар ашуға арналған жер белгіленді.
Қ.Көшербаев кент пен қаланың ортасында Әйтеке би өзінің ұрпағына батасын беріп, тұғырында тұрғаны нағыз орынды шешімге санайтын жеткізіп, бабаларға құрмет ісін жаңғырту — азаматтық парыз екендігін айтты.
Шараға арнайы шақырылған Әйтеке би мұрасын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Тоқтарбай Ахмет:
—Қызылқұм қазақтарының қонысы Бұқардан — Ырғызға дейінгі жерді жайлаған. Әйтеке баба өз ата қонысында жатыр деп есептеймін. Қазақта «Шекара не өзен болады, не кезең болады. Не болмаса байдың, батырдың қорымы болады» деген сөз бар. Би бабамыздың мазары «Бұл да қазақтың жері» дегенге меңзегендей.
1680 жылы хандар кеңесін Тәуке хан құрған кезде қазақ билерінің ең үлкені Әйтеке 36 жаста екен. Билердің арқасында 7 жарғы бекітіп, мемлекеттік билер кеңесі құрылған. Сөйтіп әз Тәуке заманы «қазақтың «он сан Алаш бірігіп, ойран болған жауымыз» деген ең жайлы, мамыражай кезеңге жеткен. Әйтеке өмірінің соңында Нұр ата қаласының бегі болған. Сол кезде 400-дей әскері болған,— деген деректерді алға тартты.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов сөз алып, жүзеге асқан жұмысқа жоғары баға берді. Өткенге құрмет, бүгінге сый болып отырған қастерлі орындар қатарын көбейтіп, Қазалыны көркейтуге үлес қосып жүрген ел ағаларына аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдірді.
Рухани маңызды шарада Өзбекстанның Нұр ата өңіріндегі Әйтеке би жатқан жерден жеткізілген топырақ ескерткіш маңындағы арнаулы орынға орналастылды. Бабалар рухына құран бағышталып, ықылас гүлі қойылды.
Шараға облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев, аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағановтар қатысты.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.
29 желтоқсан 2018 ж. 1 853 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031