Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік құрбандарына құрмет көрсетілсе

Тәуелсіздік құрбандарына құрмет көрсетілсе

«Әлсейіт» өткелі аузындағы Қазалы-Асандар көтерілісі құрбандарына арнап қойылған ескерткіштің жаңартылуына байланысты аудандық «Жанқожа батыр» мешітінде ас беріліп, құран оқытылды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген дәстүрлі қағиданы ұстаным еткен ел азаматтары танымдылық деңгейдегі басқосуды жоғары дәрежеде өткізді. Онда сөз алған «Рза» АҚ президенті, Қызылорда облысының Құрметті азаматы С.Имандосов, белгілі меценат, кәсіпкер, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, Қазалы ауданының Құрметті азаматы М.Өтеев, құрылыс саласының ардагері, архитектор, ескерткіш авторларының бірі Т.Боранбаев, аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылғап, осы іс-шараның ұйымдастырушысы Т.Бөріқұлақовтар тәуелсіздік жолында құрбан болған ардақты бабалардың халық санасында мәңгілік қалатындығы туралы тұшымды пікірлерін айтты. Келесі жылы болатын Қазалы-Асандар көтерілісінің 90 жылдығын атап өту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Тәуелсіз ел боламыз деп қаншама қиыншылықты басынан өткізген, найзаның ұшымен, білектің күшімен жерімізді қорғап қалған ата-бабалар ешқашан да ұмытылмауы керек. Жерім, елім деп өздерінің бастарын өлімге қиған ұлт-азаттық көтерілісінің құрбандары мәңгілік есте қалуы тиіс.

Өткен ғасырдың 1920-1930 жылдары Кеңес Үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде қазақ елінде ашаршылықтың орын алғаны белгілі. Күштеп жасалған колхоздандыру, асыра сілтеушілікке қарсы Қазақстанның көптеген аумақтарында толқулар орын алды. Атап айтсақ, оңтүстік өңірдегі Созақ көтерілісі, батыс аймақтағы Адайлар көтерілісі. Солардың бірі – Қазалы аумағындағы Асандар көтерілісі. Біз Тәуелсіздік үшін жанын пида еткен, ата-бабалар ерлігін ұмытпауымыз қажет. Қазалы-Асандар көтерілісінің халық жүрегінде мәңгілік орын алатын ақиқат екендігіне көз жеткіздік. Сондықтан ел азаматтары көтерілістің 90 жылдығын 2020 жылғы іс-шаралар жоспарына енгенін қалайды. Себебі, көтерілістің танымы мен тағылымының алатын орны ерекше.

Рухани жаңғыру дегеніміз осы. Соның арқасында ел келешегі – жастардың бойында отансүйгіштік сезім мен рух қалыптасады.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
профессор,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы
10 желтоқсан 2019 ж. 2 688 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930