"Осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді": Президент жолдарды қайта жаңғырту жұмыстарын жеделдету керек екенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе екенін және күре жолдарды қайта жаңғырту керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды", – деді Тоқаев.
Ел басшысының сөзінше, 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор.
"Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек", – деді президент.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тағы бірнеше ақылы жол пайда болғанын жаздық. "Балқаш – Бурылбайтал" республикалық автожолы ақылы болуы мүмкін. Көлік министрлігі "Ашық құқықтық нормалар" порталында "Балқаш – Бурылбайтал" республикалық автожолының учаскесіне ақы төлеуді енгізу туралы бұйрық жобасын жариялады. Қоғамдық талқылау 9 қыркүйекке дейін жалғасады. 2022 жылы бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев екінші санаттағы 2,5 мың шақырым жолды қалыпты жағдайға келтіргеннен кейін ақылы ету жоспарда бар екенін айтқан еді.