Өмірде де, жұмыста да жарасқан
«Дүниеде екі нәрседен қателеспеу керек» деген тіркесті жиі естіген боларсыз. Оның бірі – өмірлік серігіңді жазбай тану болса, екіншісі мамандығыңды тиянақты таңдау. Расында, отбасында бақытты, жұмыста жемісті болу үшін осы екеуіне таңдау жасауда шалыс баспау маңызды.
Ал ерлі-зайыптылар бір салада еңбек етуі бір-біріне деген сыйластықты одан әрі арттырмаса, кемітпесі қақ.«Жұмыс барысы, тәртібі мен талабы екеумізге де түсінікті әрі таныс болғандықтан, арадағы байланыста нық» деген жандар бүгінгі мақалаға арқау болмақ.
Ақ халатты абзал жан атанып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлер Талғат Елбосынов пен Ляззат Жұбанова 2006 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде Қазалы ауданарлық ауруханасында еңбек етеді.
Талғат Ипбергенұлы Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Әкесі Ипберген Елбосынов медицина саласының қызметкері болған. Анасы Бақыт Елмұратова акушерка болып қызмет етіп, 3000-дай баланың кіндік анасы атанған. Алтын алқа иегері, көпбалалы ана. Талғат Ипбергенұлы тоғыз ағайынды.Барлығы әртүрлі салада жұмыс жасайды. Талғат 1994 жылы Актөбе медицина академиясы емдеу бөліміне түсіп, оқуды аяқтап, 2003 жылы Жетес би ауылдық емханасында аймақтық терапевт болып еңбек жолын бастаған. 2019-2022 жылдары аралығында Болат жолы емханасының меңгерушісі болды. 2022 жылдан бастап ауданаралық аурухана стат-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Жары Ляззат Серікқызы Әйтеке би кентінде туған. Әкесі Серік Жұбанов қызметкер,анасы Талайлы Нұрымбет Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектебінде тарих пәнінен ұстаз болған. Қазіргі таңда екеуіде зейнеткер. Ляззат төрт ағайынды,бауырлары әр салада қызмет жасауда.
Ляззат 2004 жылы Актобе медицина академиясы емдеу бөлімін тәмамадаған. Сол жылы Жетес би емханасына аймақтық дәрігер болып орналасты. 2016 жылы аудандық емханада кардиолог дәрігер және функционалист (узи сердца, холтер, смад) аппараттармен жұмыс жасады. 2017-2019 жылдар аралығында аудандық аурухананың терапия бөлімінде терапевт болды. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазалы ауданарлық ауруханада ангиограф аппараты келуіне байланысты кардиология бөлімі ашылып, меңгерушілігіне Ляззат Жұбанова тағайындалды. Бес жылдан бері кардиолог-дәрігер ретінде халыққа қызмет көрсетуде.
Балаларының үлкені Назерке №249 Бозғұлов атындағы мектепте 11, Дінмұхаммед 9-сынып оқушысы. Отбасының кенжесі Айша №266 орта мектептің орыс сыныбында оқиды.
Ерлі-зайыпты медицина қызметкерлерінен «Бір салада жұмыс істеудің тиімді тұсы қандай?» деп сұрағанымызда: «Тиімді тұсы өте көп деуге болады. Ең біріншіден уақытпен санаспай жұмыс істейтін дәрігер үшін жолдасының қолдауы мен түсінігі аса қажет. Мен кардиолог-дәрігер болғандықтан көп жағдайда адамдарды жүрек ауруы түнгі уақытта жиі мазалайды. Сондай кезде ауруханаға түсіп, жедел жету керек болғанда сағаттың қай шама екендігіне қарамастан жылдам жетуге асығамын. Сондай кезде жолдасымның бір салада болғанына қуанамын», – дейді Ляззат Серікқызы. Бұдан бөлек бір-бірімен отбасылық мәселелерде де, жұмысқа қатысты жағдайларда да ақылдаса отырып, шешім қабылдайтындықтарын алға тартты.
– Бізді мамандық табыстырды. Жиырма жылға жуық уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрурдеміз. Ұл-қыздардың ата-анасы атандық. Балаларымыз келешекте қандай мамандық иесі боламын десе де таңдауды өздеріне қалдырдық, – дейді дәрігер ата-ана.
Ал Қазалы қаласының тұрғындар, ерлі-зайыпты Қанат Өтеген мен Ақмарал Ағайдарқызының махаббат оқиғасы мектеп партасында басталды десек болады. Бірінші сыныпқа бірге қабылданған Қанат пен Ақмарал тоғызыншы сыныпқа дейін бір паратада отырған. Тоғызды бітірген соң екеуі де мамандық меңгеру үшін оқуға аттанады.
Бала күнінен жолсерік болуды армандаған Ақмарал Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түседі.
– Кішкентайымнан ұзақ жолға шыққанды ұнататынмын. Көлікке, пойызға мінсем, терезеден дархан даланы сағаттап тамашалап отыруға жалықпайтынмын. Сол кездері іштей өзіме «өскенде жолсерік боламын» деуші едім. Сол мақсаттын жетегінде теміржол саласында білім алдым. Колледжді тәмамдауға екі ай уақыт қалғанда жолдасыммен шаңырақ көтердік. Оқуымды бітіріп, қолға қызыл диплом алдым. Десе де отбасылы әйел адамға жолсерік болуға көп жағдайда ері рұқсат ете бермейтіні жасырын емес. Менің де жолдасым қарсы болды. Десе де теміржол саласы бойынша жоғары білім алуыма қарсылық болған жоқ», – деп ағынан жарылды Ақмарал Ағайдарқызы.
Сәті түсіп осыдан бір жыл бұрын Қанат пен Ақмарал №58/57 «Орал Нұрлы жол» пойызына жолсерік болып жұмысқа орналасты. Қазір екеуі бірге рейске барып, қайтады. Бала күнгі арманымның орындалуына жолдасым мен оның ата-анасы себепші болды деген жолсерік келіншек оларға деген алғысы шексіз екендігін жеткізді.
– Екінші ата-анамның қолдауы көп болды. Әлі де көмектерін аяған емес. Отбасымызда ата-әжеміз бар. Екі ұлымыз Қазалыда. Біз жұмыс барысымен жолдасыммен Ақтөбеде тұрамыз. Жұмыс кезінде сегіз күн бойы жолда боламыз. Ал балаларымыздың осындай өте қамқор ата-әжелері барына шүкір дейміз, – дейді ерлі-зайыпты жолсеріктер.
Бізбен әңгіме барысында Ақмарал бір салада жұмыс істеудің тіпті керемет екендігін айтты. «Жолсерік болу оңай жұмыс емес. Күндіз-түні пойыз ішіндегі халықтың жағдайы, олардың жайлы орналасып, аман-есен діттеген жеріне жетуіне жауаптымыз. Пойыздың тазалыға да басты орында. Жолдасыммен рейсіміз бірге болғандықтан үнемі көмектесіп жүреді. Ауыр заттарды көтертпей, білмеген тұсымда үйретуден де жалыққан емес, – дейді Ақмарал Ағайдарқызы.
Бастысы – бала күнгі арманының аяқсыз қалмай, отбасынан қолдау тапқан келіншек өз жұмысына дән риза. Жолдасы Қанат та өмірлік серігімен үйде де, түзде де қол ұстасып қатар жүретіндігіне қуанышты.
Оқытушылар отбасы Еділ Саниязов пен Асылзат Қайназарова білім беру саласында еңбек етеді. Отағасы Еділ Қазыбайұлы Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде оқытушы болса, Асылзат Изатуллақызы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Бір қызығы бұл отбасының үлкендері Қазыбай Саниязов пен Перуза Жөлкеева де қырық жылға жуық уақыт ұстаздық қызметте болып зейнет демалыса шыққан.
Еділ Қазыбайұлы Қызылорда обылысының Қорқыт ата атындағы университетіне «Тасымалдау, жол қозғалысын ұйымдастыру және көлікті пайдалану» факультетінен жоғары білім алған. Бұдан кейін Қызылорда гуманитарлық университетінің «Құқықтану» факултетінде оқыған. Еңбек жолын 2008 жылы Қазалы аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. 2012 жылы денсаулығыма байланысты білім саласына ауысып, 2013 жылдың 1 қыркүйегінен Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне арнайы пән оқытушысы болып жұмысқа орналасты. Жары Асылзат Арал қаласының тумасы. Қызылордадағы «Болашақ» университетіне түсіп, «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын бітірген. Еңбек жолын Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназия жанындағы «Айгөлек» шағын орталығында тәрбиеші болып бастаған. 2011 жылы Қазалыдағы «Өрімтал» балабақшасында тәрбиеші болды. 2014 жылдан бастап Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте мұғалім.
– Бір салада еңбек етудің өзі мен үшін мақтаныш деп айта аламын. Бір-бірімізді түсініп, қолдау білдіріп, толықтырып отырамыз. Ата-әжеміз де ардагер ұстазда. Осы бір салада жұмыс атқарғанымызда балаларымызға септігі тиіп жатыр. Балаларымыз Елжан мен Еркежанды үйден өзіміз оқытып, мектепте алған білімін одан әрі дамытуға күш саламыз, – дейді Асылзат Изатуллақызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА