Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақ дарыған берекелі шаңырақ

Бақ дарыған берекелі шаңырақ

Шаңырағына шуақ шомып, шаттық ұялаған, берекетті тірлігін күйттеп, парасатты перзент тәрбиелеуді мақсат еткен отбасылар жетерлік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ұл мен қыздың тәрбиелі, елжанды, көргенді болып өсуі, ел мен жерге қызмет етуі отбасы, әке-шеше тәрбиесінен тамыр алады. Әр шаңырақтың өзіне тән әдет-ғұрпы мен ұстанымы бар. Балаларына «ешкімнің ала жібін аттама, әркез әділ болып, ісіңе адалдық таныт» деп тәрбиелейтін жанұялардың бірі – Әйтеке би кентіндегі Байқадамовтар әулеті.
Жүрсінәли Байқадамұлы 1933 жылы Арал ауданына қарасты Ұялы ауылында теңіздің етегінде дүниеге келген. Әкесі Байқадам Ұялы елде мекенінде беделді қызметтер атқарған. Сол ауылдғы балық заводында қоймашы болған Одан сол ауылдағы үлкен банкте бірнеше жылдар бойы кассирлік қызмет атқарған. Елге сыйлы, ауылдастарына қадірлі молда кісі болған.
Байқадам ақсақал отбасындағы тұңғыш қыздарының атын бұдан кейінгі өмірге келген ұрпақтары аман-есен тұрсын деп «Тұрсын» деп ырымдап қойыпты. Содан кейін 1933 жылы Байқадам әулетіне ер бала келеді. Оған Жүрсінәли деген ат береді. Жүрсінәли ер жетіп жігіт болып, 25 жасында Қарашеңгел ауылында тұратын, Сырымның қызы Рахимамен бас қосады. Әкесі Байқадам молданың берген ақ батасының арқасында бүгінде абыз ақсақал Жүрсінәли Байқадамұлы , өмірлік жары Рахима ана екеуі бір шаңырақ астында 65 жыл бақытты да баянды ғұмыр кешіп келеді.
1959 жылы тұңғыш перзенті Ысқақ өмірге келді. Одан кейін Смағұл Смайыл атты қос ұлдың ата-анасы атанды. Жүрсінәли ата мен Рахима әже Мира, Зина, Жанар, Анар, Жадыра, Жазира есімді қыздарды дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие берді. Жүрсінәли атадан тараған ұрпақтар Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір-бір шаңырақтың отағасы мен отанасы атанып отыр. Ысқақ, Смайыл, Мира, Анар Шымкент қаласында, Зина мен Жадыра Атырауда, кенжесі Жазира Ақтөбе қаласында, Жанары Әйтеке би кентінде тұрады. Қара шаңырақтағы аңырақтағы ұл Смағұл қос қарияның бабын тауып отыр.
– Жүрсінәли әкеміз ел басына түскен ауыр күндерде 7-8 жастағы жас бала болса да елмен бірге жұмыла жұмыс жасап, елге қолғабыс еткен жан. Жеңісті жақындатуға өзінің сүбелі үлесін қоса білген. Еңбек етіп жүрген кездерінде бірқатар «Құрмет» грамоталармен марапатталған. Өзі өткен күндер туралы естелік айтқанда: «Таңның атысы, күннің батысы еңбек етіп, тыным таппайтынбыз» – деп әңгіме өрбітеді, – дейді қызы Жанар.
Теңіздің төсінде өскен Жүрсінәли Байқадамов жас кезінде Ұялыда қайықта моторист болып жұмыс істеген. Кейін 1961 жылы Теңізден Қазалы қаласына қоныс аударған. Қазалыға келген соң ремстройда шофер болады. Бертін келе аудандық ауруханада механик болып қызмет атқарған. 1990 жылдан бері бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар.
Жары Рахима Қазалы қаласында Рембыттехника мекемесінде жұмыс жасап, өмірге 9 бала әкелген ардақты ана. «Алтын алқа» иегері. Жүрсінәли Байқадамов соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үшін «Тыл ардагері» төс белгісімен марапатталған. Қазіргі таңда тоқсанның төріне шығып отырған ақсақал мен аяулы жары өзінен тараған тоғыз баладан 35 немере, 43 шөбере көріп отырған бақытты жандар. Шөмекейлер әулетінің абыз ақсақалы өзімен бірге туған 11 бауырына қамқор болып, әр тарапта жүрседе амандықтарын тілеп, жол көрсетіп, өнегелі өмірімен үлгі болып келеді. Шаруашылықтың қыр-сырын меңгерген Жүрсінәли ата 90 жастан ассада аттың үстінде еркін отырып, төрт-түлікті түлетіп отыр.
Балаларының барлығын жастайынан еңбекке баулыған өнегелі отбасында әкесі үнемі: «Ешкімнің ала жібін аттама, әділдікті жақта, турашыл бол», – деп тәрбие берді. Ұл-қыздары да өз ортасына сыйлы жандар. Әрқайсысының жеткен жетістігі бір төбе. Жазира Ақтөбе облысы бойынша «Үздік дәрігер» атанса, Қазалыда тұратын мұғалім қызы Жанар облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы. Облыс әкімінің 875 мың теңге сыйақысын жеңіп алған білімді де білікті ұстаз.
– Тәңірдің бірде ащы, бірде тәтті сыйын көріп, тең отырғанымызға да алпыс бес жыл толыпты. Біздің тілегіміз – балаларымызды, ұрпағымыздың амандығы, елдің тыныштығы ғой, – деп ағынан жарылды Жүрсінәли ақсақал бізбен әңгімесінде.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Отбасы – адам үшін жағымды өнегелер мен мұралардың, салт-дәстүрдің сақтаушысы болып саналатын ең жақын әлеуметтік орта. Оның орнықты дамуын жетілдіру ата-ананың міндеті. Бүгінде осы міндет үдесінен шығып, өркенін жайған өнегелі отбасыға айналған Байқадамовтардың көпке үлгілі шаңырағы балалардың шат күлкісімен шуаққа шомылып, нұрланған үстіне нұрланып тұр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
26 қыркүйек 2023 ж. 322 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930