БАСҚАРМА БАСШЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

– Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ беру үшін 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Ендігі міндет балаларды бұл игілікпен толықтай қамту екенін жақсы білесіздер. Сондықтан ас сапасын жоғарылатып, заңдылыққа сәйкес жұмыс жасауларыңыз керек. Сонымен қатар ас мәзірін байытып, бүлдіршінге берер ауқатты үнемдемеулеріңізді сұраймыз, – деді басқарма басшысы.
Бұдан соң кәсіпкер Бақыт Панова ыстық тамақты тексеруші комиссияның жұмысына тоқталды.
– Ас мәзірін, оның сапасын арнайы бекітілген комиссия мүшелері тексеріп тұрады. Бұл өзімізді реттеу үшін де, аспазшылардың ісіне жауапкершілікпен қарауына да көп септеседі. Үйде бала тәрбиелеп отырғандықтан кішкентайлардың сапалы, тойымды ас ішкенін қалаймыз. Біздің де қызметімізді ескеріп, оқушылардың жайына алаңдаушылық танытып отырғандарыңызға алғысымызды білдіреміз, – деді Бақыт Панова.
Айта кетейік, ауданда 37 мектептің бастауыш сынып оқушыларын толық ыстық тамақпен қамтуда 8 кәсіпкер қызмет етеді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат