Тазалық өзімізден басталады
Өткен аптадан бастап еліміз бойынша барлық өңірде «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы ұйымдастырылуда.
Акцияға қазалылықтар да белсенді қатысып, кент және қала аумағын, көшелерді және автокөлік жолдары маңайын күл-қоқыстан тазалап, сенбілік ұйымдастырды.
Бүгін аудан орталығы – Әйтеке би кенті бойынша 6 бағыт бойынша сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Қолдарына қажетті құрал-саймандарын ұстаған жандар «Водокачка» елді мекеніне баратын жол, Т.Бөріқұлақов көшесі мен «Мектепбай» учаскесі, 5 квартал аймағындағы «Қарамайкөл», «Қазақ» қорымы айналасындағы шашылған қоқыстарды жинастырып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Әйтеке би кентіндегі сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аралап көріп, берекелі бастамаға қолдау көрсетіп жатқан барша белсенділерге алғысын айтты.
Жалпықалалық сенбілікке теміржол, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, белсенді жастар, бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері де қатысты.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат