Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйде – ана, түзде – теміржолшы

Үйде – ана, түзде – теміржолшы

Күн сайын тонна-тонна, центнерлеген жүкті межелі орынға мезгілінде жеткізіп, алысты жақын етіп, жолаушыны қалаған жанымен қауыштыратын болат жолы бойындағы пойыздар бір көрген адамға үздіксіз жұмыс істейтіндей көрінеді. Алайда осындай қозғалыс саласы көліктерінің тоқтаусыз, тұралауынсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап отырған жандардың еңбегін көбіміз біле бермейміз.
Жаңалық жаршысы, жаңашылдық жеткізушісі саналатын саладағы өзіндік орны бар мекеме Нұрлан Әлмағамбетов басқаратын Қазалы локомотив жөндеу зауыты. Оның цехтарындағы қайнаған тынымсыз тіршілікті көзбен көрген ғана көңіліне көшіре алады. Ірі өндіріс орнында елдің жетекші кәсіпорын, серіктестіктері, алыс-жақын шет елдердің көліктері жөнделіп, бастапқы қалпына келеді. Ауыр да, күрделі іс шыдамдылық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай орында еңбекті сүйген сұлулар да ерлермен қатар жұмыс істейді.
Ұжымда 370 адам жұмыс істейтін болса, олардың 50-ін нәзік жандылар құрайды. Сол 50-дің 20-сы жұмысшылар екен. «Жалқаудың жаны, еңбектің наны тәтті» екенін тәжірибеден түйсінген әйел адамдардың бір тобын тілшілік топ құрастыру цехынан кезіктірді. Аталмыш цехты зауыттың жүрегі деуге де болатындай. Цехтың аға шебері Бектай Мұхашевтың айтуынша, мұнда тепловоздар әртүрлі жағдайда келеді. Түрлі жөндеу сатыларынан өтеді. Олардың қатарындағы телповоздар мен тіркемелер құрылыстары бөлшектерін ағытып, тазалап, жөндеу орындарына жөнелту басты жұмыстардың бірі. 60 адам топтасқан орында қос ауысымда 8 қыз жұмыс істейтін көрінеді. Камила Ержанова, Рыскүл Қанатбай, Жазира Өтепова, Айнагүл Мендалиева, Сымбат Аймағамбетова, Гүлсезім Изиятова, Салтанат Әбдірей, Гүлнар Балымовалар жұмыстардың жеделдеуіне тиянақтылықтарымен септесуде.
Мекемеде әрбір жұмысшы-қызметкер өздеріне бөлінген істі атқаратынын білсек те, көбіне крандарды бөлшектерін жуып-тазалауға нәзікжандылар епті әрі жылдамдығын көрсететінін бір күндік іссапарымызда білдік.
Қатарларындағы әке жолын қуған Кәмила ­Ержанова жиырма жылын осы цехта өткізіп, ыстық-суығына көнген. Ауыртпашылықта бірге жұмыс істеп келе жатқан жандардан өзінің бір сәтке ажырағысы жоқ. Қос ұлын қатарға қосқан ана айналасына да сыйлы.
Жұмыс істегеніне ширек ғасырға жуық уақыт таяғанын Рыскүл Қанатбаева біз сұрағанда есептеп, күліп алды. Алғаш ораушы болып жұмыс жолып бастаған ол ұзақ уақыт зауыт мұрағатында да еңбек етіпті. Бүгінде тазалаудың қыр-сырын меңгерген кейіпкеріміз әке-шешесі жүрген жолды абыроймен жалғап келе жатқанын мақтан етеді. Жолдасы екеуі әріптес болғаны да, жұмысқа машықтануына септескенін айтады. Отбасындағы екі қызы да өмірлік жолдарын темір жол маманы болумен байланыстарғаны кездейсоқ еместігін топшыладық.
Жазира Өтепова – 1990 жылы бойжеткен шағында именіп кірген орынның бүгінде мақтаулы маман, үлгілі жұмысшысы. Нәзік болмысына намысқойлығы қатар біткен қыз аз уақытта қаз мойын кранды тізгіндеп, ауыр бөлшектерді тиісті жерлерге жеткізген. Қазір де бөлектердің әрбірін жатқа айтатын Жазира үшін өз ісін сүйген адамға ешқандай тосқауыл жоқ.
Теміржол саласы бала қиялындай қызықты ғана емес, күрделі де қиын. Соған қарамай, берген тапсырманы орындап, сенім үдесінен шығуда күш-жігерімізді жұмылдырып келе жатқан ұжымдастарына әріптестері де дән разы.
Заты әйел екендіктерін есіктен шыға еске алатын, жүздері жайраң қаққан сұлулар шулы, қараңғы жұмыс орнының ажарын кіргізетіндей. Сөзден гөрі іске бейім жандар бойынан сәттік жүздесуде уақытты бағалау, тапсырылған жұмысқа деген жауапкершілікті таныту сынды ерлерге тән қасиеттерді аңғару оңайға соқпады.
Өткен жылы 70-тен астам тапсырыс берушілер талабын қанағаттандырған зауыттықтар биыл да осы межеден көрінуді мақсат тұтып отыр. Жыл басынан бері айына, орта есеппен 5 тепловозды жөндеуден өткізіп, тапсырысшылар талабынан шығып келе жатқан ұжымға тұтынушылар да дән разы. Экономиканың күретамыры саналатын сала тамырына қан жіберіп отырған, абыройы асқақ орындағы темір тәртіпке үйренген арулар алдағы уақытта да өз үлестерімен теміржолдың одан әрі серпіліс алуына атсалысатындарына бек сенімді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
07 наурыз 2022 ж. 390 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031