Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіктердің үздігі

Үздіктердің үздігі


Қазалы ауданы туралы сөз болғанда, темір жол саласы туралы айтпай кетуге болмайды. Қазақ жеріне Шығыс пен Батыс — қос тарап Орынбор-Ташкент магитралі тартылғанда, Қазалы паравоз депосы құрылысы қатар қаланғананын біреу білсе, бірі білмейді. Пайдалануға берілген 1905 жылдың 25 шілдесінен күні бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны — Қазалы локомотив жөндеу зауыты осы уақыттар аралығында бірнеше буын жұмысшылар күшін қоғам дамуына жұмылдырды. Жаңашыл талаптарға ілесіп, темір жол көліктерінің үзіліссіз жүруіне аянбай атсалысты.
Біз жақында аталмыш өндіріс орнында болып, оның тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Ірі өндіріс ошағы — темір жол транспортын жөндеу, күту мен оларды пайдалануға әзірлейтін жауапты орын. Тасымалдау жүйесіне үйлесімді ілесе отырып, бәсекелестік жағдайында тұтынушылардың талаптарына барынша сәйкес келетін кәсіпорын дәрежесіне иек артып отырған зауытта 400-ден астам жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Олардың тірліктері жоғары жауапкершілік пен қауіп-қатерге толы. Күн сайын сан мыңдаған жолаушы, мыңдаған тонна жүкті тасымалдау үшін ат-көліктің сайлығы қашан да маңызды. Көліктерді жөндеуді бір сәтке мүдірту, немесе қиыс кетуді болжаудың өзі қиын. Бұл орайда адами және техникалық фактор, кәсіби шеберліктің үлкен үйлесімі қажет.

Темір жол магитралінің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын жүргізу мақсатында зауыт басшылығы болашаққа болжам жасап, жұмыс реттілігіне сәйкес алдағы күндерге жоспар жасаған.

Ұйымдастыра білгеннің — ұтары көп. 2018 жылдың қорытындысымен аудандағы локомотивтіктер барлық түрдегі жөндеу жұмыстарынан мекеме қазынасына 2 150 000 мың теңге көлеміндегі қаржы түсірген. Тапсырыс берушілер қатарында Ресейлік «ФГУП «ЦЭНКИ» - Космитческий центр «Южный», еліміз бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ, Өскемен қаласындағы «Қазцинк» ЖСШ, Хромтаудағы «Қазхром» акционерлік қоғамы, Рудный, Теміртау, Қарағанды, Ақтөбе, Арал қалаларындағы «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Арселор Миттал-Теміртау», «Жәйрем кен байыту комбинаты», «Желдортранс» акционерлік қоғамы секілді жетекші мекемелер бар. Бәскелестік қоғамда тұтынушы ең үлкен талап қоюшы саналады. Сапа мен талғамнан табылған жұмысқа сүйсінгендер қатарында жоғарыдағыдай тапсырысшылардың көп екендігін естіп, қуандық.

Өндіріс орнындағы мамандар өткен жылы жаңадан шыққан қос «ТЭМ-7», қолданыстағы бір «ТЭМ-2» тепловозын күрделі жөндеуден өткізген. «ТЭМ-2» тепловозына техникалық қызмет көрсетудің бірнеше түрін көрсету арқылы, олардың жайлы жұмыс жасауына мүмкіндік тудырған. Түрлі маневрлік және магистралдық локомотивтерге жоспарлы техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізілу жұмыстары биылғы жылы да жалғасын табуда. Жұмыстың іліксіз ілгерілуіне мұнда жан-жақты жағдай жасалған. Цехтардағы жұмысшылардың техникалық жағдайын жақсарту, бақылау, ақауларды жою, қайта қалпына келтіретін слесарлық құрал-жабдықтар, өлшеу құралдары мен өзге де қажетті бұйымдармен толық қамтылған. Ондағы заманауи қондырғылар да ортақ істі жеделдетуге көмегін тигізіп келеді.
Мамандар үнемі кәсіби шеберліктерін шыңдап отырады.

Зауыттағы жұмысшылардың дені тұрақты қызмет етіп келе жатқандар. Нарықтық экономикаға жаңа икемделе бастаған тоқырау тұсында ірі мекемелердің өзі қысқарып, жабылып қалғанда да зауыт жұмысын тоқтатпады. Өндіріс орны теміржол саласындағы құрылымдық өзгерістерге қарамастан, пәрменді түрде алға жылжыды. Ұйымдастыра біргеннің ұтары көп. «Отты үрлеген жағады» дейді халық даналығы. Үлкен ұжымды түрлі қиындықтардан алып шығып, қандай тығырық таянса да, үлкен ұйымдастырушылық қабілет, кәсіби біліктілігінің арқасында өндірісті өрге өрістетіп келе жатқан зауыт директоры Нұрлан Әлмағамбетовтің ісі көпке үлгі.

Ұлыстың ұлы күні Наурызды — еңбек мерекесі, береке бастауына санайтын зауыттықтар биыл осынау ұлық күнді толымды табыс, жағымды жаңалығымен қарсы алды.

Теміржол көлігінің сенімділігін арттыруға бағытталған локомотивтерді жөндеу бағдарламасы 2018 жылы толық орындалды. Жөндеу жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруымен бірге «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан өндірісті модернизациялау және жұмыс орнын сақтау мақсатында ауқымды іс-шаралар бекіткен ұжым сенім үдесінен табылды. «Қамқор Менеджмент» ЖШС–нің қос бірдей марапатын иемденді. «Қамқор локомотив» ЖШС «Қазалы локомотив жөндеу зауыты» филиалы жыл қорытындысымен «Үздік кәсіпорын» атанса, зауыт директоры Нұрлан Әлмағамбетов «Үздік басшы -2018» бағамын алды. «Бейнет түбі — кеңіс» деген осындайда айтылғандай.

Темір жол көліктері ауа райы өзгерісіне қарамай, жүруін тоқтапайтын, адамдар қаражытна үнемді транспорттың сенімдісі саналады. Темір жол көліктерімен жолаушылар жаңа өмірге, жаңа бастама, игі ізденістерге жол тартады. Ел өндірісінің өрістеуіне осылай өлшеусіз үлес қосып отырған темір жол — дамудың драйвері, экономикимканың күре тамыры. Ал оған «қан жіберіп, жан бітіретін» зауыттықтардың қажырлы қадым, ілкімді ісі барда ертеңге деген сенім де жоғалмақ емес.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 сәуір 2019 ж. 1 796 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 44

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031