Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Сақалды” Сарқырама

“Сақалды” Сарқырама

Жуырда ағайындарымыз бас қосқан жерде: «Кәке, кезінде Ақарық каналы жөнінде мәселе көтеріп, мақала жазып едіңіз. Каналдың қазіргі жай-күйіне көңіліңіз тола ма?» деген сұрақ қойып, өздерінің көкейде жүрген пікірлерін қозғаған болатын.
2017 жылдың 25 қарашасында «Қаза­лы» газетінің №90 санында «Ақарық» «Сарқырамаға» айналар ма екен...» деген мақалам жарияланған болатын. Онда Әйтеке би кенті жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп, жаңа қоныстарға көптеген үйлер, ғимараттар салынуда. «Ақарық» кенттің ортасынан ағып жатқан каналға айналды. Өкініштісі, каналдың бүгінгі жай-күйі көңіл құлазытады.
Аталмыш материалда: «Біздің атқамінерлер күре жолдың бойымен ары-бері жүріп, оның ластығына мән бергісі келмеді ме екен? Жаздыгүні тасталған тұрмыстық қалдықтардан қаулай өскен қалың қамыс пен қоғадан судың беті көрінбейді. Түбі қышыма тарататын жасыл шылауға бөгіп, ыстықта жағымсыз иіс те айналаға тарайды», – деп жазып, биліктің намысын оятқан болатынмын.
Аудан орталығындағы «Байқоңыргаз» мекемесінің маңында Кеңестік кезеңдегі көпір тұр. Балалар жүретін көпірдің екі жағының қоршалмағаны ата-аналардың алаңына айналып отыр. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде мұндағы жағдайлардың барлығына құлағымыз түрік жүреді. Сондай басқосуларда жиі сөз болатын мен айтып отырған ескі көпірді алып тастау не жөндеу жүргізу маңыздылығын көрсетуде.
Көз құлаққа қарағанда әділ куәлік етеді. Демек естігеннен көрген әлдеқайда сенімдірек. Жақында өз көзіммен көрейінші деген ниетпен «Ақарық» каналының басында болдым.
Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді. Кеңестік дәуірдің бір артықшылығы БАҚ бетіне жарияланған сын, ұсыныс, пікірге міндетті түрде жауап берілетін. Қазір не жазсаң да шылбыр ұстағандар шыбын шаққан құрлы көрмей, пысқырмайтын болып алған сыңайлы.
Қуанарлығы, 2018 жылы аталған мәселенің аса маңыздылығы ескеріле отырып, «Ақарық» каналын ұзындығы үш шақырымға дейін бетонмен қаптауға Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы жоба сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджеттің комиссиясына қаржы бөлуге ұсынылған. Қызылорда су шаруашылығы мемлекеттік кәсіпорны дайындаған құжатта құрылыс ұзақтығы алты ай мерзім деп жоспарланған екен.
2019 жылы атқарылатын жұмыстарға мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы «Сыр маржаны» ЖШС тиісті жұмыстарды атқарып, 2021 жылдың көктемінде каналға су берілген. Оған дейін көршілес Ғ.Мұратбаев ауылына және осы ауылдың бақшалық және егін алқабына Шалабай каналынан бұрма құлақ жасалып пайдаланылған болатын.
Бір қызығы, канал құрылысы барысында «Ақарықты» кесіп өтетін күре жолдағы көпірдің келешегінде 4 жолақты жолдың салынуына байланысты кеңейтілетіні ескерілмеген. 2021 жылдың күзінде көпірдің екі жақтауындағы қыруар қарызға жасалған бетон құймасы бұзылып, кеңейтілген құрылыс барысында шығарылған бетон, топырақ үйіндісі оның жиегінде тау-тау болып әлі жатқанын көргенде еріксіз көңіл құлазыды. Бәрінен де ауданға келіп-кететін қонақтардан ұятын айтсайшы.
Мән-жайды білмекші болып Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа барып: «Каналдың жоба сметалық құны қанша?», «Қаржы толық игерілген бе?», «Каналдың жағасында демалыс орны бола ма?», «Жаяу жүргінші жолы салынып, скверлер жасалына ма?» деген сияқты елді қызықтыратын сұрақтарды қойдым.
Біздің тараптан қойылған сауалға кент әкімнің: «Тапсырыс беруші біз емес, менің одан хабарым жоқ» деп аузын құр шөппен сүрткені ұнаған жоқ. Канал кенттің төңірегінде болғаннан соң, кент әкімінің одан толық хабары болу керек емес пе?
Бәрін айт та, бірін айт, айлар алмасып, жылдар жылжуда. Ал «Ақарықтың» жағдайы күн өткен сайын бұлдырап, сағызша созылған «сақалды» құрылысқа айналып барады. Ақарықтың күтімі келіссе, облыс орталығындағы «Сарқырама» каналы сияқты кент келбетін айшықтайтындай су жолының бағы ашылар еді. Өйткені Әйтеке би кентінің көрінісі, тазалығы – аудан келбеті.
Біздің мақсат – біреуді сөгу немесе жерден алып жерге салу емес, туған жер түлеген үстіне түлей берсе деген тілеу ғана. Бұған ұсақ-түйек мәселе деп қарамау керек. Экологиялық апат аймағында өмір сүріп отырған біз үшін атамекенді аздырмай, туған өлкені сауықтыру кезек күттірмейтін міндет.

Кемал КӨПЖАСАР,
Қаржы-салық саласының ардагері
18 ақпан 2022 ж. 503 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031