"Ақарықтың" ажары артады
Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімі Мұрат Ергешбаев халық алдында өткен жылғы атқарылған шаруаларды қорытындылап, биылғы қолға алынатын игілікті істердің жоспарымен бөлісуде. Есепті кездесу барысында 2019 жылы көптеген жоба жүзеге асатынын естіп, қуанып қалдық. Солардың қатарында – Әйтеке би кентіндегі “Ақарық” каналына жүргізілетін күрделі жұмысты айтсақ болады.
Әйтеке би кентіндегі «Ақарық» каналы аудан орталағының 50 пайызын, көршілес орналасқан Ғ.Мұратбаев ауылын және ондағы егін алқабын толық аяқсумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда «Ақарық» каналының ПК-0+00-ден ПК-0+40-қа дейін, ПК-15+40-тан ПК-15+47,5 дейінгі аралықты бетон құймасымен қаптау мәселесі туындап отыр. Себебі 2008 жылғы бас жоспарға сәйкес Әйтеке би кенті – Қазалы қаласы аралығына жаңадан инфрақұрылым жүргізілуде. Түрлі әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін беру көзделген. Қазірдің өзінде Әйтеке би кентінде 45 мыңнан астам халық тұрып жатса, тұрғын үй салуға 5 мыңнан астам өтініш түсті. Ал «Ақарық» каналынан ыза су шығу себебінен бұл маңға құрылыс жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. 2014 жылы осы аймақта балабақша салу жоспарланған. Алайда құрылыс жұмысы алаңның қолайсыздығына байланысты тоқтатылды.
Егер «Ақарық» каналын бетонмен қаптаған жағдайда түрлі аталған құрылыс нысандары мен жаяу жүргіншілер жолын салу, орындықтар орнату, сквер жасау, тағы басқа демалыс алаңдарын ашуға мүмкіндік жасалады.
– Жоғарыда аталған мәселенің аса маңыздылығы ескеріле отырып, «Ақарық» каналының 3 шақырымын бетонмен қаптауға Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, ұсынылған. Бұл жоба құны 344,0 млн теңге. Қазіргі таңда 1,5 шақырым болатын ұзындықты бетонмен қаптауға облыстық бюджеттен 114 800 мың теңге қаржы бөлінді. Қалған бөлігіне қаржы сұралуда. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме анықталған соң тиісті жұмыс атқарылатын болады, – дейді Әйтеке би кенті әкімі аппаратының маманы Батырхан Матиев.
Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығын қосу жобасында автомобиль жолын қайта жаңғырту да бар. Осы тұста “Ақарық” арнасының темір бетон көпірі де қайта жөнделіп, су өткізгіш құбыр кеңейтіледі.
Ж.АЙЫМҚҰЛОВ