Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең болмаса су қымбаттамаса...

Ең болмаса су қымбаттамаса...

Жуырда «Қазалы» газетінің журналисі Ринат Әбдіқалықтың ауызсу бағасының қымбаттауына байланысты жазған «Қымбаттамаған не қалды?» атты мақаласы мені де бейжай қалдырмай қолыма қалам алып осы мақаланы ­жазуыма себепші болды.
Әлі есімде, бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын аналарымыз, жеңгелеріміз ауызсуды теміржол вокзалы маңынан белдері майысып, иығын ауыртып иінағашқа ілінген су толы екі қауғаны үйге әрең жеткізетін.
Еліміз соңғы жылдары жаһандану бағытымен өсіп-өркендеу, жаңғырып-жаңару кезеңдерін бастан өткізуде. 1993 жылы аудан өмірінде естен кетпес үлкен жаңалық болды. «Таза су» бағдарламасы бойынша сол кездегі облыс, аудан басшыларының табандылығы арқасында «Қосаман-Бердікөл» жерасты суы Қазалыға жеткізілді. Екі аралық 270 шақырымды құрайды. Су құбырының ішкі монтаждау жұмыстарын Самұрат Имандосовтың басшылығымен «РЗА»акционерлік қоғамы жүргізген болатын.
«Арал-Сарыбұлақ» тораптық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының директоры Әділхан Ахметовтың айтуы бойынша, ауданда сыйымдылығы 20 мың текше метрлік су қоймасы бар. Оған қыс айларында тәулігіне 3 мың, ал жазда 11 мың текше метр су қабылданып, аудан тұрғындарына таратылады екен. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?
Көріп отырғанымыздай жаз айларында сегіз, тоғыз мың текше метр суды қысқы кезеңмен салыстырғанда тұрғындар артық пайдаланып отыр. Оның себебі, аудан орталығындағы мекемелер, халық, алыстағы ауылдағылар да ауладағы азын-аулақ бақшалық жер мен ағаштарды ауызсумен суаратыны жасырын емес.
Басқа амал жоқ, өйткені аудан орталығы Әйтеке би кентінде аяқсу мәселесі шешілмеген. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» дегендей аталмыш «жыр» сонау Оразғали Бекбанов кентті басқарған кезеңнен бері жырланып келеді. Өзім де аудан басшыларымен болған кездесуде, сондай-ақ газет бетінде де Ақтөбе облысы Шалқар ауданының орталығында аяқсу жүретін арық қазылмағандығын, көркейту-көгалдандыру мақсатында және тұрғындар ауласындағы бақшаларына Шалқар көлінен пластикалық құбырлар арқылы жеткізіліп пайдаланатынын, сондай-ақ «Қазалы Жолаушы» ЖШС басшысы Бекқали Бекбауловтан үлгі алуға болатынын айтқым келеді. Ол басқарып отырған «Нұршуақ» автобекетінің маңындағы жасыл желектерге жер астынан ұңғыма бұрғылатып пайдаланып отырғаны сияқты озық тәсілдерді пайдалану керектігі жөнінде айтумен, жазумен келемін. Бірақ нәтиже жоқ деуге болады.
Өзім қаржы саласының ардагері болған соң, бюджет қаржысына жаным ашиды. Айтпағым жаз айларында бюджеттік мекеме, аурухана, мектеп, балабақшалардың көбі көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ауызсуды қолданып, миллиондаған бюджет қаржысын жұмсап отырғандары айтпаса да белгілі. Сарапшылардың мәліметіне жүгінсек, соңғы 60 жылда жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есеге өскен. Экологтардың пікірінше, үстіміздегі ғасырдың ортасына қарай жер бетіндегі көптеген ел суды сырттан сатып алатын болады. Жүректі ауыртатын мәлімет, пікірлер екені рас.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда. Өсім реформалар, даму» атты Жолдауында: «Мемлекеттік шығындар мен субвенциялар жүйесін қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. «Көрпеге қарай көсілу» бұл әсіресе жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі» деген болатын.
Демек бюджет тайқазанына ожауды салып іше беретін уақыт артта қалмақ. Бірақ пайдаланып отырған жерасты суының өзіндік құны 507 теңге 14 тиын болса, жеке тұтынушылар пайдаланған әр текше метр ауызсуға 30 теңге мөлшерінде есептесіп отырған болатынбыз. Қалған 506 теңге 84 тиын мемлекеттік субсидия арқылы өтелетін.
Қазақстан Республикасы Мәжілісі бастамасы негізінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 27.07.2021 жылғы бұйрығымен ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңыздық топтың және оқшау жабдықтау жүйелерінің ауызсу бері жөніндегі көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау қағидаларының жаңа нормалары бекітіліп 2021 жылдың 16 тамызынан бастап күшіне енген.
Аталмыш құжатта шаңырақтағы адам басына 4,3 шаршы метр мөлшеріне ғана бюджеттен өтеліп, белгіленген нормадан асқан су көлеміне тұтынушы толық тарифпен төлеу көзделген. Мәселен, тұтынушы бұрын 60м3 суға 1800 теңге төлеп келсе, (60х30 теңге), енді жаңа норматив бойынша 28377 теңге төлейтін болады (4,2 м3х30 теңге= 129 теңге, 55,7 м3х507,14=28248 теңге).
Бұл бағытпен кете берсе, алдағы уақытта аула мен көшелерге отырғызылған көгалдар, ағаштар қурап, нәтижесінде экологиялық жағдай одан әрі күрделене түсері сөзсіз.
Шындығын айту керек, су қымбатшылығы өзгерісіне жалғыз менің емес, тұтас ел-жұрттың атқамінерлер мен филиал директоры Әділхан Ахметовке реніші қара қазандай екенін байқап, басымызды еріксіз шайқап жүрмін.
Себебі, біріншіден, жоғарыдағы аталмыш құжатты дер кезінде тұтынушыларға ақпарат құралдары арқылы таныстырылған жоқ. Әдетте тұтынушылар пайдаланған сулары үшін өткен ай үшін есептеседі. Айталық, тамыз айында пайдаланған су үшін қыркүйек айының басында есептесетінбіз. Үстіміздегі жылдың қыркүйек, қазан айларында халықтан су төлемі ешқандай негізсіз мекеменің кассасы жабылып, төлем қабылданған жоқ. Аталмыш мекеме халықтан өткен үш айға жаңа тарифпен есептесуді талып етуде. Тұтынушылардың алды 60 мыңға дейін қарыз болып, төлей алмай басы қатып жүргенін көріп жүрміз.
Экологиялық апат, қуаңшылық, тізбектескен қымбатшылық, аудандағы іргелі мекемелердің қысқарып, жұмыссыздық жағдайында өмір сүріп жатқан халықтың мұң-мұқтажын ауданның атқамінерлері жоғарғы құзырлы органға жеткізіп, қандай да бір жеңілдік қарастырса деген тілегім бар.

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері
27 қараша 2021 ж. 601 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031