Жүйелі жұмыстар жалғасуда
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Водокачка елді мекеніндегі №2 «Су тазалау – тарату» станциясына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.
Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан насос станциясы Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесіне қарасты. 1986 жылы пайдалануға берілген бұл нысан 1993 жылдан бастап консервацияға қойылған. Қазіргі таңда ауданда жыл санап тұтынушылардың ауызсуды тұтыну көлемінің артуына байланысты насос станциясын қосалқы су көзі ретінде пайдалану қажеттілігі туындады. Осыған сәйкес қажетті қаражат бөлініп, суды сүзетін фильтрлер жөнделуде. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталды.
Бүгінгі күні фильтрлердің ішіндегі жарамсыз сүзгі компоненттері толығымен сыртқа шығарылып, диаметрі 250 мм-лік 5, диаметрі 300 мм-лік 5 дана су реттегіш су арматуралары мен диаметрі 108 мм-лік темір су құбырлары демонтаждалды. Екі камерадан тұратын 5 дана фильтрлердің ішіне жаңадан полиэтелен су құбыры салынып, қайта орналастырылған галька тастары жуылды. Сүзу компоненттері болып табылатын щебень, цеолит материалдарын салу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, диаметрі 300 мм-лік 5 дана су реттегіш арматуралары орнатылды. Қазіргі таңда диаметрі 250 мм-лік су реттегіш арматурасын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Фильтрлерге жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан іске қосылғанда тәулігіне 5000 текше метрге дейін тұтынушыларға қосымша ауыз су беріледі деп жоспарлануда.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Водокачка елді мекеніне кіреберістегі көпірдің де жағдаймен танысты. Бұған дейін оның темір бетон плитасы бұзылып, тұрғындардың қатынасына қиындық туғызған болатын.
Аудан басшысы тиісті бөлім мен мекеме басшыларына тез арада көпірді жөндеуді тапсырды. Осыған орай «Оң жаға» каналындағы тозығы жетіп құлаған темір бетон плитасын «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесі жөндеп, қайта қалпына келтірді. Қазіргі таңда Водокачка елді мекені тұрғындарының аудан орталығымен байланысы реттелді.
А.БАҚЫТҰЛЫ